Accessibility links

Құлыбаевтың жаңа қызметі Twitter арқылы мәлім болды


Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов (сол жақта) және "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басшысы Тимур Құлыбаев. Астана, 12 сәуір 2011 жыл. (Сурет премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ресми сайтынан алынды)
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов (сол жақта) және "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басшысы Тимур Құлыбаев. Астана, 12 сәуір 2011 жыл. (Сурет премьер-министр Кәрім Мәсімовтің ресми сайтынан алынды)

Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қорына жаңа басшы – Тимур Құлыбаев келді. Сарапшылар мұның себебі президент Назарбаевтың «сенімді адамдары азайып, «отбасының» жағдайы қиындағанынан» дейді.


Бұл жаңалықты премьер-министр Кәрім Мәсімов өзінің Twitter (Туиттер) парақшасында хабарлады. Премьер-министр Кәрім Мәсімов Twitter аккаунтының ашылғанына бір ай толмаса да, үкіметтегі маңызды жаңалықтарды осы жерде бөліскенді жөн көреді. Мәселен, «Самұрық-Қазынаның» басшысының ауысқандығынын ақпарат агенттіктерінің өзі осы желі арқылы білді.

«Самрұқ-Қазынаға» Тимур Кулибаевті қор басшысы қызметіне тағайындауға бара жатырмын» деп жазыпты Мәсімов өз парақшасында. Одан кейін «Бір сағаттың ішінде үкіметтің жаңа құрамын жинап, Қостанайға аттанып» кеткендігін де осыдан білдік.

«МӘСІМОВ-ҚҰЛЫБАЕВ ТОБЫНЫҢ КҮШЕЮІ»

Сәурідің 12-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев мемлекет меншігіндегі «Самұрық-Қазына» қорының басшысы қызметіне кірісті. Қазақстанның бүкіл стратегиялық игіліктеріне осы қор иелік жасайды. Ұлттық әл-ауқат қорының басқармасы төрағалығына Тимур Құлыбаевтың тағайындалғаны туралы үкімет шешімін бүгін қор ұжымына премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі жария етті.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл өзгерісті «бұрынан бері бар Мәсімов-Құлыбаев саяси тобының күшеюі» деп біледі.

– Қайрат Келімбетовты Мәсімовтың басшылығындағы үкіметке жіберу – оның (Мәсімовтің) негізгі оппоненттерінің бірін жолдан алып тастау деп
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл.
түсіну керек. Бұл өзгеріс Мәсімовтың позициясын күшейтеді. Өйткені ендігі де ұлттық қордың басшылығымен дауласып, өзара қайшылықтар болмайды, – деді Досым Сәтпаев Азаттыққа сәуірдің 12-сі күні.

Саясаттанушның айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, «президент белгілі бір тұлғаны күшейте отырып, оған баланс немесе «қарсы салмақ» тауып» қояды.

– Премьер қызметінде қалған Кәрім Мәсімов те үкімет ішіндегі балансты сақтап тұр. Бұған дейін Өмірзақ Шүкеев оған «қарсы салмақ» болып келсе, енді – Келімбетов. Келімбетов формальді түрде Мәсімовтың қол астында қызмет еткенімен, іс жүзінде елдің экономикалық дамуына байланысты өзара пікірталастырып жүрген бұрынан келе жатқан оппоненті, – дейді Досым Сәтпаев.

МҰРАГЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІР

Досым Сәтпаевтың сөзінше, президент тақ мұрагерін анықтап қойды деп айтуға – әлі ерте.

– Дегенмен, ізбасарлар тізімінде отбасы мүшелері – Тимур Құлыбаев пен Қайрат Сатыбалды болуы әбден мүмкін. Соңғысы Владимир Путинге көп ұқсайды. Сол секілді күш құрылымдарынан. Алайда ізбасар қалдырып, тақты тапсыру дегеніңіз қандай да бір элита өкілдеріне байланысты емес. Ол президенттің биліктен қашан және қалай кеткендігіне байланысты, – дейді саясаттанушы.

Экономист Қанат Берентаев Құлыбаевтың жаңа қызметке тағайындалуында саяси рең бар екендігін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев сенат пен мәжіліс спикері, премьер-министр секілді аса маңызды үш қызметке өзіне жақын әрі сенімді адамдарды тағайындауды
Экономист Қанат Берентаев. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
көздеп отыр.

Қанат Берентаевтың пікірінше, Самұрық-Қазына қорының төрағалығына тағайындалған Тимур Құлыбаевтың бұдан былай жұрт көзіне түсетін тұлға болмасқа лажы жоқ.

– 2012 жылы парламент сайлауынан кейін ол (Тимур Құлыбаев) премьер-министр болып тағайындалуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын, – дейді Қанат Берентаев.

«Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның да жақында «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесіне енгендігі бекер емес» деген пікір айтады экономист.

– Ол 2012 жылы «Нұр Отанның» өкілі ретінде парламентке кіріп, кейін мәжілісті басқаруы ықтимал, – дейді Берентаев.

Қанат Берентаевтың болжамы бойынша, Назарбаевқа ендігі қалғаны – сенаттың спикерін тағайындау.

«ҚҰЛЫБАЕВ КЕЛІМБЕТОВТЕН АРТЫҚ ЕМЕС»

Саясаткер Жармахан Тұяқбай «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы жалпы ішкі өнімінің 70 пайызын бақылауда ұстайтындығын атап өтіп, «президент осы салада сенімді адамын болғандығын қалайтынын» айтты. «Құлыбаев күйеу баласы болғандығы болмаса, Келімбетовтен артықшылығы жоқ» дейді Жармахан Тұяқбай.

– Қайрат Келімбетовтің білімі аз, кәсіби деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Тікелей біздің өндірісті білмесе де, макроэкономиканы жақсы білетін еді. Ал Құлыбаевтың тек қана президентке ықпал етуінен басқа артықшылығы жоқ деп ойлаймын, – деді Азаттыққа «Азат» ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Коммунист Серікболсын Әбділдин «Қазақстанда экономиканың жақсаруын
Саясаткер Серікболсын Әбділдин. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
ойлап отырған адам жоқ, Құлыбаевтың да бұл қызметке келуі ешнәрсе өзгертейді» деген пікір ұстанады.

– Ұлттық қордағы қыруар қаржыны парламент те, үкімет те, халық та емес пайдаланып отырған. Оны бір ғана президент пайдаланып отыр. Құлыбаев Назарбаев қандай тапсырма береді – соны ғана орындап жүреді, – дейді Серікболсын Әбділдин.

Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың ойынша:
– Бұл ресурстар – баяғыдан бері «Басты Отбасының» қолында. Осыған дейін Тимур Құлыбаевтың барлық ұлттық компанияларда бірінші емес, екінші рольдерде болып келгені – тек сөз жүзінде түрде ғана. Қазір бұл жайт түзеліп жатыр. Байқауымша, сенімді адамдары азайып, «отбасының» жағдайы қиындайын деген сияқты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев қазір болып жатқан оқиғаның бәрі «кадрлық ойын» деген пікір айтады.

– Президент шахматшы секілді әрдайым ойыншылардың орнын ауыстырып отырғанды ұнатады. Бұл ойынның мақсаты – билікті күшейту, немесе керісінше кейбір элитаны әлсірету секілді жайттар. Өкінішке қарай, «кадрлық ауыз-түйіс ойынының» мақсатына Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайының жақсару мен экономикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыру секілді жайттар кірмейді, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG