Accessibility links

Былтыр қазан айында Дубайда ұсталған Қазақстан азаматтары бірнеше айдан кейін елге оралды. Туыстары олардың қазір ҰҚК-де жауап беріп жатқанын айтады.

Дубайда ұсталған азаматтардың бірі Асылбек Шукрановтың әпкесі Жұлдыз Шукранованың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар Оралға бүгін таңғы 11-де ұшақпен жеткізілген.

"Сағат 11-де әуежайда қарсы алдық. Олардың өзін көрмедік. Бірден алып кетті. Қазір осындағы ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінде" деді Жұлдыз Шукранова.

Бауырының шығуын күтіп отырған Жұлдыз Шукранова інісімен ҰҚК-де ғана бір сәтке тілдесе алғанын, «бәрі ойдағыдай» екенін айтты.

"Әйтеуір аман-есен келгендеріне қуанып отырмыз. Бірнеше сұрақтар қойып, сосын бүгін жібереді деп жатыр. Күтіп отырмыз" дейді ол.

Жергілікті Тengrinews.kz агенттігінің жазуынша, айыпталушылардың бір тобы Астанаға түнде ұшып келген екен. Ол жақта да оларды арнайы қызмет өкілдері туыстарына да жолықтырмай, бірден алып кеткен.

2013 жылы қазан айының соңында Дубайда (Біріккен Араб әмірліктері) он шақты (бас прокуратура дерегінше, 12 адам) қазақстандықты БАӘ полициясы ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Олардың қандай негізде ұсталғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұған дейін Дубай полициясы Азаттыққа "олар туралы әзірше ешқандай мәлімет бере алмайтынын" айтқан.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, ұсталған азаматтар Дубайдан Қазақстанға көлік жеткізуші компанияда жұмыс істеген.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ұсталған азаматтарға байланысты арнайы нота жолдағанмен, сол күйінше жауап ала алмаған. Ал бас прокуратура қазақстандықтар БАӘ-де жауапқа тартылып жатқандықтан "оларды елге қайтару мүмкін емес" деп мәлімдеген болатын.

Азаттық тілшісі бейсенбі күні ҰҚК баспасөз қызметіне хабарласқанымен жауап алу мүмкін болмады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG