Accessibility links

Қазақстанда украин қару-жарақ өкілдері қамалды


Қазақстан әскеріне тиесілі БТР машинасы. Көрнекі сурет
Қазақстан әскеріне тиесілі БТР машинасы. Көрнекі сурет

Қазақстанда «пара беру кезінде ұсталды» деп хабарланған украиналықтар 10 күнге қамауға алынды. Украина өз азаматтарына әзірге «ешқандай ресми айып тағылмағанын» мәлімдеді.

Украина сыртқы істер министрлігінің ақпараттық саясат департаменті бастығының қызметін атқарушы Евгений Перебийнистің сөзінше, Қазақстанда қамауға алынған украиналықтар «пара бергені үшін ұсталды» деуге негіз жоқ.

«ҰСТАЛҒАНЫ РАС, ЖАҒДАЙЛАРЫ ЖАҚСЫ»

Украина өкілі Евгений Перебийнис Астанада «Укрспецэкспорт» мемлекеттік кәсіпорнының екі қызметкері ұсталғанын растады.

- Біздегі ақпарат бойынша, қаңтардың 28-і күні Астананың аудандық соты қосымша тергеу амалдарын жүргізу үшін оларды 10 күнге дейін қамауға алу туралы шешім шығарған. Әзірге біздің азаматтарымызға ресми айып тағылған жоқ, - деді ақпанның 4-і күні Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Қазақстандық ақпарат құралдарының жазуынша, ұсталған азаматтар - «Укрспецэкспорттың» аймақтың департаментінің бастығы Александр Школяренко және оның орынбасары Александр Хрулев.

Евгений Перебийнис бұл ақпаратты не растамады, не жоққа да шығармады.

- Аты-жөндерін айта алмаймын. Бұл - біздің азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттар. Оны белгілі бір уақытқа дейін жариялай алмаймыз, - деді ол.

Перебийнистің сөзінше, қазір Қазақстанда ұсталған украиндарға қорғаушы жалданып, қажет көмек көрсетіліп жатыр. «Денсаулықтары, жалпы жағдайлары жақсы» деді Украина сыртқы істер министрлігінің ақпараттық саясат департаменті бастығының қызметін атқарушы Евгений Перебийнис.

ҚАРУ-ЖАРАҚ ДАУЫ

Ақпанның 1-і күні Қазақстанда Украинаның әскери техника шығаратын мемлекеттік «Укрспецэкспорт» компаниясының екі қызметкері тұтқындалған. Бұл туралы Украинаның «Телевизионная служба новостей» веб-порталы хабарлады.

Порталдың ақпараты бойынша, «украиналық компания қызметкерлері қазақстандық шенеуніктерге пара берді деген күдікке ілінген».

Қаңтарда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бастығы генерал-майор Алмас Асеновті де 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген айыппен тұтқындаған еді. Бұл ақпаратқа қатысты СІМ-нен және ҰҚК-ден ақпарат алу мүмкін болмады. Қорғаныс министрлігі де қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Министрлік тек генерал Алмас Асеновтің ұсталғанын ғана растады.

- Оны қаңтардың 26-сы ҰҚК Астанада ұстаған. Бізге ҰҚК-ден оны қылмыстық іске қатысты фигурант деген факс келді. Не үшін екенін айта алмаймын, - деді қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Сәуле Смағұлова.

2012 жылдың мамырында Астанада өткен KADEX-2012 әскери көрмесіне Украина БТР-4 бронетранспортёрлерін алып келген. Сол кезде Қазақстандағы бірнеше қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің басын біріктіріп отырған «Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Украинамен бірлесе БТР-4-ті жасап шығару туралы келісім жасаған еді.

Ресми ақпарат бойынша, әскери көліктер Семей қаласында құрастырылмақ болған. Бірқатар ақпарат құралдары Украина мен Қазақстанның бірлескен бұл жобасы 150 миллион доллар тұратынын хабарлайды. Келісім бойынша Украина жағы 10 әскери көлік шығарып, БТР-4 көлігінің өзге 90 данасын Қазақстан құрастырмақ.

Бұл ақпаратқа қатысты Азаттық тілшісі «Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясына» хабарласқанымен, ұйым «комментарий бере алмайтынын» айтып, «ресми сауал» жолдауға кеңес берді.

«ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?»

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Валерий Сапсай «бұл дауға Қазақстанның қорғаныс министрлігінің басшылығы қалай ұрынғанын ұға алмағанын» айтады.

- Украиндармен келісім жасаған - қорғаныс министрлігі емес, «Қазақстан инжиниринг». Бұл жерде министрлік - тек тұтынушы. Онда неге параны қорғаныс министрлігі алады? Мүмкін, құрастырылған БТР-лер әскери сынақтан өтпей қалып, соны өткізіп жіберу үшін берілген ақша болар, - деді ол.

Қорғаныс министрлігімен іскерлік байланыста болған бизнесмен Қазанғап Қадыр ведомстводағы кезекті жемқорлық дауына таң қалмайды. Оның айтуынша, мұндай дауға себеп болатын факторлар бюджетті жоспарлау кезінде-ақ сұлбалана бастайды.

- Кез-келген жабдықты жеткізіп беруші тарап тапсырыс берушімен бастапқы кезеңнен-ақ келісім жасай бастайды. Соңғылары өздеріне ыңғайлы бағаны қойып, заңды түрде байқауда жеңіске жетуіне ықпал жасайды. Әдетте «откатқа» негізгі бюджеттің 10–30 пайызына дейінгі сома кетеді. Әрине, бұл тапсырыс берушілердің «тәбетіне» байланысты, - деді сұхбаттасымыз.

Генерал-майор Валерий Сапсай қорғаныс министрлігіндегі жемқорлыққа қатысты бұл алғашқы дау емес екенін еске салады. 2010 жылдың ақпан айында Қазақстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов пен Израиль азаматы Борис Шейнкманның үстінен қылмыстық іс қозғалып, әрқайсысы бір жылға бас бостандығынан айрылған еді.

Генерал-лейтенант Маерманов «сыбайласқан жемқорлық, билікті теріс пиғылда пайдаланды, пара алды және қызмет бабын асыра пайдаланды» деп, ал израилдік Шейнкман «алаяқтық жасады және пара берді» деп жазаланған.
XS
SM
MD
LG