Accessibility links

«Ресейлік» Қырым жайлы кітапқа Киев наразылық танытты


"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.

"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары.

Қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырымның "Ресей территориясы" деп көрсетілгеніне наразылық білдірген Украина елшілігі Қазақстан билігінен оқулықтарды мектептен дереу қайтарып алуды сұраған.

Украинаның Қазақстандағы елшілігі Қазақстандағы мектеп оқулықтарында Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінің "Ресей территориясы" деп көрсетілгеніне наразылық танытты.

Қыркүйектің 25-і күні Украинаның Қазақстандағы елшілігі "Мектеп" баспасынан шыққан қазақстандық мектеп оқулықтарында Қырым автономиялық республикасының "Ресей федерациясының субъектісі" ретінде жазылғанына байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдағанын мәлімдеді. Украина елшілігінің баспасөз атташесі Ирина Блащуктің айтуынша, нота бүгін таңертең сыртқы істер министрлігіне түскен.

Елшілік нотада оқулықтағы Қырымға қатысты ақпарат "халықаралық қауымдастық пен Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан билігінің ұстанымына да қайшы келетінін" білдірген.

Украина жағы бұған қоса Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен білім және ғылым министрлігінен "Мектеп" баспасынан шыққан оқулықтарды мектептен дереу қайтарып алуды сұраған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Азаттыққа "нота жолданғанына қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын" ғана айтып, басқа мәлімет бермеді.

Ал білім және ғылым министрлігі Азаттыққа Украина елшілігінен мектептен оқулықты қайтарып алу туралы өтініш түскенін растады. Министрліктің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаров "Өтініш бір сағат бұрын ғана түсті, қазір басшылықтың қарауында. Бұл мәселеге қатысты сараптама тағайындалады. Қандай шешім шығатынын кейінірек хабарлаймыз" деді.

2014 жылы наурыздың 16-сы күні Украинаның Қырым түбегі мәртебесі жөнінде өткен "референдум" нәтижесін алға тартқан Ресей түбекті өзіне қосып алды. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де мойындаған жоқ.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы "референдумды" заңсыз деп танитын қарарды көпшілік дауыcпен 2014 жылы наурызда қабылдаған. Осы жиында Армения, Беларусь, Боливия, Венесуэла, Зимбабве, Куба, Никарагуа, Ресей, Сирия, Солтүстік Корея мен Судан ғана референдумды заңды деп танитынын білдірген. Дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған.​

Бұған дейін Азаттық Қазақстанда былтыр және биыл "Мектеп" баспасынан шыққан орта мектепке арналған үш оқулық - 11-сыныпқа арналған «Қазіргі дүние географиясы» мен "Дүниежүзі тарихы" оқулықтары және 10-сыныпқа арналған "География" оқулығында Қырымның "Ресей аумағы" деп көрсетілгені туралы жазған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG