Accessibility links

Қазақстаннан Украинаға ұшақ рейстері қысқарды


Астана халықаралық аэропорты. (Көрнекі сурет)

Астана халықаралық аэропорты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан әуе компанияларының көбі Украинаға ұшатын рейстерін қысқартты немесе тоқтатты. Мұның себебін олар жолаушының азаюымен түсіндіреді.

Алматы қаласының тұрғыны Людмила Төреханова (жас кезіндегі фамилиясы - Коляда) Украинада туған. Украинадағы туыстарына жылда төркіндеп қайтады. Бірақ биыл оның ол жаққа жолы түспейтін сияқты.

- Балаларым биыл «бармайсың» деді. Жұрт Украинаға барудан тартынып отыр. Бұл әуе компанияларының жұмысына да кесірін тигізіп, енді олар шығынға бататын болды. Киевке билет 58 мың 915 теңге тұрады. Ал бір рейспен кейде 330-ға дейін жолаушы ұшады. Санай беріңіз, - дейді Людмила Төреханова Азаттық тілшісіне.

РЕЙСТЕРДІ ТОҚТАТУ

Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын - 53, жүк таситын 10 әуе компаниясы тіркелген. Қазақстан әуе компаниялары баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе желілерінің көбі Украинаға ұшатын тұрақты және чартерлік рейстерінің санын азайтқан.

Қазақстанның «Эйр Астана» жетекші әуе компаниясы Астанадан Киевке дүйсенбі және сенбі күндері ұшатын; Алматыдан дүйсенбі, бейсенбі күндері ұшатын рейстерін қысқартқан. Компанияның баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне айтуынша, Украинадағы саяси дағдарысқа байланысты бұл рейстердің жолаушысы азайып кеткен.

«Украина халықаралық әуе желілері» компаниясының ұшағы. (Көрнекі сурет)

«Украина халықаралық әуе желілері» компаниясының ұшағы. (Көрнекі сурет)

Skat Airlines компаниясы Украинаға рейстерін мүлде жапқан. Әуе компаниясы баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, компания наурыздың 1-інен 30-ына дейін билет алған жолаушылардың ақшасын қайтарып берген.

«Украина халықаралық әуе желілері» компаниясы да кейбір рейстерін тоқтатып отыр. Компанияның Қазақстандағы өкілдерінің айтуынша, бұған сұраныстың азаюы себеп. Компания өкілдері «әуе қозғалысы шектелуіне байланысты Симферополь әуежайы «Украина халықаралық әуе желілері» рейстерін қабылдап, қызмет көрсете алмайды» дейді.

Ақпанның аяғында «Украина халықаралық әуе желілері» компаниясы елдегі саяси дағдарыс кесірінен жолаушы және жүк тасымалы азайғанын мәлімдеген еді. Іскерлік және туристік сапарларға сұраныстың азаюы ақпан, наурыз айларында Украинаға ұшатын рейстерге алдын ала билетке тапсырыс беру деңгейіне де әсер етті. Осы себепті әуе компаниясы рейстер бағдарламасын оңтайландырып, ақпанның 24-інен наурыздың 29-ына дейінгі ұшу кестесінен бірнеше рейсті алып тастауға мәжбүр болған.

ДАҒДАРЫСТЫҢ БАСЫ

Саяси дағдарыс кесірінен әуе компанияларының шығынға батуы Украина дипломаттарын да алаңдатады.

Украинаның Алматы қаласындағы консулы Сергей Бобошко. 4 наурыз 2014 жыл.

Украинаның Алматы қаласындағы консулы Сергей Бобошко. 4 наурыз 2014 жыл.

- Мына жағдай әуе компанияларының жұмысына қатты әсер етті. Тұрақты және чартерлік рейстердің көбі қысқарды. Жұрт Украинаға сапар шегуден бас тартып жатыр. Бұл жағдай әуе компаниялары үшін де, адамдар үшін де жаман, - дейді Украинаның Алматы қаласындағы консулы Сергей Бобошко Азаттық тілшісіне.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшысы Санат Көшкімбаевтың пікірінше, дағдарыс әуе компанияларына ғана емес, бүкіл бизнеске кері әсер етіп отыр.

- Бұл әуе компанияларына ғана емес, бүкіл Украина экономикасына соққы болып отыр. Әуе компаниялары басталған дағдарыстың бір буыны ғана, - дейді сарапшы Санат Көшкімбаев.

Ал «Украина халықаралық әуе желілері» компаниясы «Қырымға ұшуға шектеу қойылуына және әуе компаниясының еркінен тыс себептерге байланысты Киев-Симферополь және Симферополь-Киев рейстерін тоқтатады» деп хабарлады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG