Accessibility links

Пшонканың «Қазақстан паспорты» жұртшылықты шулатты


Виктор Пшонка Украинаның бас прокуроры кезінде.

Виктор Пшонка Украинаның бас прокуроры кезінде.

Қазақстандық интернет қолданушылар Украинаның бұрынғы бас прокуроры Пшонканың «Қазақстан азаматтығын алғаны» туралы хабарды қызу талқылады. Астана ол қауесетті жоққа шығарды.

Тамыздың 4-і күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Нұржан Айтмахановтың атынан арнайы комментарий таратып, «Украинаның бұрынғы бас прокуроры Виктор Пшонкаға Қазақстан азаматтығы берілген» деген сөзді жоққа шығарды.

Министрліктің мәліметінше, Виктор Пшонканың «Қазақстан аумағына келгені, уақытша тіркелгені туралы ешқандай дерек жоқ, одан тұрақты тұруға, Қазақстан азаматтығын алуға өтініш түспеген».

ПШОНКАНЫҢ «ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫ» ТУРАЛЫ

Украинаны Виктор Янукович басқарған кезде бас прокурор болған, биылғы толқудан соң елінен қашқан Виктор Пшонканың «Қазақстан азаматтығын алғаны» туралы мәліметті осыдан екі күн бұрын, сенбіде Украинаның қазіргі бас прокуроры Виталий Ярема таратқан еді. Бұл хабарды айтқан Ярема «Ресеймен айтарлықтай достық қатынастағы Қазақстанның құқық қорғау органдарымен әріптестік күрделі екенін» де меңзеген.

Виктор Пшонканың Украинадағы үйінде қалған сурет. 24 ақпан 2014 жыл.

Виктор Пшонканың Украинадағы үйінде қалған сурет. 24 ақпан 2014 жыл.

Пшонка жайлы «деректі» Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Facebook парақшасында да жариялаған.

Ол Виктор Пшонкодан өзге оның ұлы Артем Пшонка, украиналық бизнесмен не саясаткерлер Сергей Арбузов, Александр Клименко, Сергей Курченколар да Қазақстан азаматтығын алуға тырысып жатқанын айтқан. «Украинада іздестіріліп жатқан бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерлердің Ресей үшін ешқандай да саяси маңызы жоқ. Украинадан әкеткен мол ақшасын бөлісуді көздейтін Ресей құқық қорғау органдары оларға тыныштық бермейді. Олардың Қазақстанға кетуіне осы себеп» деп жазған Антон Геращенко.

Виктор Пшонканың «Қазақстан азаматтығын алғаны» туралы хабарлар әлеуметтік желілерде де жиі таралды. Украинадағы «Правый сектор» қозғалысының жетекшісі Дмитрий Яроштың «қазақтар Януковичтің айналасындағы басқа адамдарға да азаматтық беруі мүмкін» деген жазбасы Қазақстанда да қызу талқыланған пікірлердің бірі болды.

Осыған орай Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Гульнар Есиргепова: «Украинаның бұрынғы бас прокуроры енді Қазақстанда президенттің кеңесшісі болатын шығар» деп мысқылдаған.

Виктор Пшонканың Украинада қалған үйінің іші. 24 ақпан 2014 жыл.

Виктор Пшонканың Украинада қалған үйінің іші. 24 ақпан 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Қасым Аманжолұлы да: «Януковичтің ең жақын сыбайластарының бірі, саяжайына алтын унитаз қойған әйгілі экс-прокурор Пшонка үрім-бұтағын ертіп біздің елдің азаматтығын алғалы жатыр екен. Ал енді бақылайық, қазақ өкіметі бұл қашқындарға көк паспорт берер ме екен, бермес пе екен?..» деген сауал қойған.

ПШОНКАНЫҢ «РЕСЕЙ АЗАМАТТЫҒЫ» ЖАЙЛЫ

Виктор Пшонканың «Қазақстанға кеткені» туралы қауесет биыл көктемде шыға бастаған еді. Facebook әлеуметтік желісін қолданушы украиналық Соня Кошкина наурыздың 14-і күнгі жазбасында «Пшонканың баласымен бірге Қазақстанға кеткенін» айтқан. Интернет қолданушылар сол кезде «Қазақстан Пшонканы Украинаға қайтара ма, жоқ па?» деген сауалды талқылаған.

Украина бас прокуратурасы Виктор Пшонканы биыл 18-22 ақпан аралығында Киевтегі қақтығыс кезінде жаппай адам атуға бұйрық берушілердің бірі ретінде күдікті санап, іздеу жариялаған.

Кейін, ақпан айының 22-сінде Пшонканың Украинаның Донецк қаласындағы әуежай арқылы «қашуға әрекеттенгені туралы» видео жарық көрген.

Ақпанның 24-інде «Еуромайдан» белсенділері Виктор Пшонканың иесіз қалған үйінен табылған сирек кездесетін құнды заттарды ақпарат құралдары арқылы жариялаған. Соның ішінде «алтыннан жасалған унитаз» деп сипатталған зат сол кездегі Украинадан қашқан жоғары лауазымды қызметкерлерді мысқылдау ретінде жиі айтылған.

Виктор Пшонка (сол жақта) Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің баспасөз мәслихатында. Дондағы Ростов, 14 сәуір 2014 жыл.

Виктор Пшонка (сол жақта) Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің баспасөз мәслихатында. Дондағы Ростов, 14 сәуір 2014 жыл.

Киевтегі билікке қарсы қозғалыс әсерінен Ресейге қашып, 2014 жылы сәуірдің 13-інде Ресейдің Дондағы Ростов қаласында өткізген баспасөз мәслихатын өткізген Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің жиынына Пшонка да қатысып, «Украинадағы заңсыздықтар» жөнінде мәлімдеген.

Мамырдың 30-ында Виктор Пшонка мен ұлы Артем Пшонка Люксембургтегі Еуропа сотына өздеріне салынған санкцияны алып тастау жөнінде өтініш жасаған. Бұл туралы сол кезде хабарлаған ақпарат құралдары Виктор Пшонканы «Еуропа сотының дерек базасында Ресей азаматы ретінде тіркелгенін» баяндаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG