Accessibility links

БҰҰ комитеті Мухортова, Атабек, Кенжебаев туралы сұрады


Қарағанды облысындағы АК159/5 мекемесінің есігін жауып тұрған тұтқындар туыстары. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысындағы АК159/5 мекемесінің есігін жауып тұрған тұтқындар туыстары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан БҰҰ азаптауға қарсы комитетіне есеп берді. Делегация өкілі азаптауға қатысты арыздар «жүз есе» көбейгенін айтса, құқық қорғаушылар «елде азаптауға жол бермейтін тетіктер жасалмаған» дейді.

Женевада (Швейцария) қарашаның 17-18-і күндері Қазақстанның ресми делегациясы БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне есеп берді. Бұл - Қазақстанның үшінші есебі (2002ж., 2008 ж).

Қазақстан ішкі істер министрі орынбасары Рашид Жақыпов бастаған Қазақстан делегациясының құрамында әділет министрлігі, бас прокуратура, басқа да мемлекеттік органдар өкілдері болды.

«АЗАПТАУҒА ҚАТЫСТЫ АРЫЗДАР ЖҮЗ ЕСЕ КӨБЕЙДІ»

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде Қазақстан делегациясы есеп тапсырып жатыр. Қазақстанның адам құқықтары бюросындағы трансляциядан алынған скриншот. Алматы, 17 қараша 2014 жыл.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде Қазақстан делегациясы есеп тапсырып жатыр. Қазақстанның адам құқықтары бюросындағы трансляциядан алынған скриншот. Алматы, 17 қараша 2014 жыл.

Есеппен таныстырған Рашид Жақыпов Қазақстанда «азаптауға қатысты прокуратураға түскен арыздар саны жүз есе көбейгенін» айтты.

Қазақстан баяндамасын оқыған Рашид Жақыпов «Азаптау мен заңсыздыққа қатысты арыздар саны жүз есе көбейді. 2010-2012 жылдары олар 60-тан аспаса, 2013 жылы 965-ке жеткен. Азаптауға жол берген құқыққорғау органдары қызметкерлері жауапқа тартылып жатыр. Бұрын жыл сайын екі-үші қызметкер жауапқа тартылса, 2013 жылы - 44 қызметкер, ал 2014 жылдың тоғыз айында 20 қызметкер сотталды» деген.

Қазақстан баяндамасында «қылмыстық-процессуалдық заңнама, сот жүйесі жетілдіріліп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің аттестациядан өткені, тұтқыннан жауап алу мен қамауда ұстау кезіндегі құқықтары кеңейгені, әйелдер мен балалар құқығы ерекше назарда екені» айтылған.

БҰҰ КОМИТЕТІНІҢ СҰРАҚТАРЫ

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті өкілі Фелис Гайер Қазақстанның құқықтық реформаларына қолдау білдіре келе, бірнеше сұрақ қойған.

Комитет өкілі Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабекті «түрмеде азаптағаны, оған дер кезінде медициналық қызмет көрсетілмегені» және «таныстары жіберген сәлемдемелердің, оның ішінде балдағының берілмегені» туралы шағымдарды айтып, оған қандай шаралар жасалып жатқанын сұрады. Бұдан бөлек, «құқық қорғаушы Зинаида Мухортованың психиатриялық клиникаға жатқызылып, бас еркінен айырылуы қаншалықты заңды?» деген сауал да болды.

Базарбай Кенжебаевтың абақтыдан кейін ауруханаға түскен кезі. Жаңаөзен, 2011 жыл.

Базарбай Кенжебаевтың абақтыдан кейін ауруханаға түскен кезі. Жаңаөзен, 2011 жыл.

Жиында Фелис Гайер Жаңаөзен оқиғасы кезінде қамалғандардың да азапталғанын, жергілікті тұрғын Базарбай Кенжебаевтың абақтыдағы соққыдан кейін дүние салғанын айтып өткен. Ол БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэйдің «Қазақстанды Жаңаөзен оқиғасына тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырғанын» айтып, оның қалай орындалып жатқанын сұрады.

Бұл сауалдар отырыстың алғашқы күні -қарашаның 17-сі қойылды. Қазақстан делегациясы оларға бір күннен кейін, қарашаның 18-і жауап берді. Делегация өкілдері әзірлеген жауаптарын үш сағат баяндады. Алайда комитет мүшелері жауаптардың кей тұстарын нақтылауды талап етіп жатты.

ҚАЗАҚСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТАРЫ

Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Қанат Сейдғапаров Жаңаөзен оқиғасы жайлы сауалдарға «тергеу жұмыстарының да, соттың да объектиівті әрі ашық өткенін», Базарбай Кенжебаевқа қатысты «заң бұзған әрі дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген абақты басшысының жауапқа тартылғанын» мәлімдеді. Ол «Халықаралық ұйымдар өкілдері Қазақстанның тергеу мен сотты ашық өткізгенін растап кеткен болатын» деген.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.

Зинаида Мухортованың психиатриялық клиникаға жатқызылуына қатысты Сейдғапаров, «оның стационардан босатылуы туралы шешімді ем жүргізіп жатқан дәрігерлер қабылдайтынын» айтып, «Қазақстанда бүгінде түрлі психиатриялық аурулардан 170 адам мәжбүрлі түрде емделіп жатыр, тағы 8 мыңнан аса азамат стационарларда ерікті түрде ара-тұра емделіп тұрады. Сондықтан, бұл - ауруға шалдыққан барлық адамдарға қатысты қолданылатын қарапайым ем қабылдау процедурасы. Мухортованың науқас екенін сот-психиатриялық экспертиза анықтап, оны күштеп емдеу туралы сот шешім шығарған. Психикалық ауру екеніне ешкім дау айтқан жоқ» деген.

Ал Арон Атабекке қатысты ол диссиденттің «түзелу жолына түспегенін», «44 ескерту алып, түрме тәртібін кәнігі бұзушыға айналғанын» мәлімдеген. Сейдғапаров «Атабек үнемі медициналық бақылауда. Жасына байланысты аурулар мен 1996 жылы беліне келген зақымнан қозғалуы қиын. Дегенмен Атабек таяқпен жүре алады. Сондықтан оған балдақтың қажеті жоқ деген шешім шығарылды. Балдаққа қатысты ұсыныс адвокаты мен туыстарынан, соңғы сәтте Атабектің өзінен түсті. Соған байланысты сот-медициналық сараптама өткізіп, балдақтың қажеттілігі анықталатын болады» деген.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ «БАЛАМА ЕСЕБІ»

Қазақстанның есебіне дейін, қарашаның 14-і күні, БҰҰ комитетінің үш өкілі Қазақстан құқық қорғаушыларымен және Amnesty International ұйымы өкілімен «алдын ала сессия» өткізді.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жарақат алған Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жарақат алған Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Қазақстанның адам құқықтары халықаралық бюросының ресми сайтында Евгений Жовтис, Анар Ибраева және Анастасия Миллер баяндамаларын «балама есеп» деп атайды. Құқық қорғаушылар «Жаңаөзен оқиғасында оқ атылғанына, ұсталған азаматтардың абақтыда азапталуына; Арон Атабектің түрмедегі жағдайына қатысты» мәліметтер берген. Бұл баяндамаларда «Қазақстан соттарының көбіне айыптаушы тарап уәждеріне сүйеніп үкім шығаратыны; омбудсман институтының Париж принциптеріне сәйкес келмейтіні, оны президент тағайындайтыны, құзыры аз екені» айтылған.

Ал Amnesty International өкілі Татьяна Чернобиль азаптауға қатысты шағым түскеннен кейін Қазақстандағы жабық мекемелерді тексеруге «арнайы рұқсат алу қажет екенін, құқық қорғаушылардың түрмелерге жұмыс уақытынан тыс әрі демалыс күндері кіре алмайтынын, азаптау туралы мәліметтерін дер кезінде жариялауға рұқсат берілмейтінін» айтқан.

Жиында «Азаптауға ұшыраған азаматтарға көп жағдайда компенсация төленбей қалатыны, өйткені азаптаудың кейбір түрлері Қазақстанда азаптау деп танылмағаны; азап көрген азаматқа өтемақының толық пакеті – ақтау, ақшалай компенсация, жария түрде кешірім сұрау, екінші рет азаптауға ұшырамайтынына кепілдік беру тәжірибесінің әлі жоқ екені» айтылған.

Жиын қарашаның 18-і күні түнде аяқталды, үш сағатқа сыймай қалған жауаптарды Қазақстан жағы жазбаша жіберетінін айтты. Енді БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қазақстан тарапының осындай екі түрлі есебінен өз қорытындысын даярлауы тиіс.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG