Accessibility links

БҰҰ комитетінің Төреғожина ісі жайлы орындалмаған шешімі


Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина.

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина.

​Алматылық азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина өзінің бейбіт жиын өткізу еркіндігі жайлы БҰҰ-ның адам құқығы комитетінің былтырғы шешімі Қазақстанда орындалмай отырғанын айтады.

Бес жыл бұрын құқық қорғаушы әрі «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина және бірнеше адам Алматыдағы Махатма Ганди ескерткіші түбіне жиналып, флешмоб өткізген. Акцияға қатысушылар жүргіншілерден «Қазақстан халқының рухани жетекшілері деп кімдерді санайсыз?» деп сұраған. Акциядан соң полицейлер белсенді Төреғожинаны ұстап әкетіп, «бейбіт жиын өткізу туралы заң талабын бұзды» деген айыппен әкімшілік іс қозғаған. Алматының әкімшілік соты оған 500 долларға тең көлемде айыппұл салған.

Бақытжан Төреғожина өзінің «бейбіт наразылық акциясын өткізу құқығын Қазақстан билігі бұзғанын» айтып БҰҰ-на шағымданған. 2014 жылдың соңында ол БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Қазақстан билігінің әрекетін «Төреғожинаның бейбіт наразылық акциясын өткізу құқын бұзу» деп танып, оның пайдасына шешім шығарғаны туралы Женевадан хат алған.

БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шешіміне сәйкес, Қазақстан Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіндегі «Жеке адамның дербес құқығына қол сұқпау», «Ой-пікір білдіру еркіндігі», «Бейбіт жиын өткізу еркіндігі» сияқты бірнеше бапты бұзған. Комитет мемлекет Төреғожинаның бұзылған құқын оған өтемақы төлеу, ең кемі сот шығындарын өтеп беру сияқты тиімді жолдармен қалпына келтіруі тиіс деген ұйғарым шығарған.

Соңғы жарты жыл бойы Бақытжан Төреғожина соттардың табалдырығын тоздырып, бас прокуратура, қаржы министрлігі, сыртқы істер министрлігі, әділет министрлігі, ішкі істер министрлігі, Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы комиссиясы сияқты түрлі мемлекеттік органдарға шағымданған. Құқық қорғаушы БҰҰ комитеті шешімін орындап, шамамен 500 долларға тең келетін 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі ақшаны сотқа жеткізбей қайтарып беруді сұраған. Кезінде сот Төреғожинаға тура осы көлемде айыппұл салған.

Оның айтуынша, биыл қаңтарда ол қаржы министрлігінен өтініші орындалмайтынын хабарлаған алғашқы хат алған. Хатта БҰҰ шешімін оның құқын бұзған полиция мен сот орындауы тиіс деп жазылған. Төреғожинаның айтуынша, кейінірек бас прокуратурадан келген хатта «БҰҰ адам құқығы комитеті шешімін орындау мәселесі қазір өзге мемлекеттік органдармен бірге талқыланып жатқаны» айтылған.

Ақпан айында құқық қорғаушы өзі төлеген айыппұл сомасы – 40 АЕК қайтарып, моральдық зиян үшін 100 миллион теңге (500 мың доллардан аса) өндіріп беруді сұрап, қаржы министрлігіне қарсы талап арыз берген. Астананың Сарыарқа аудандық соты Бақытжан Төреғожинаның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

– Шешім қабылдау барысында БҰҰ-ның адам құқығы комитеті ұйғарымы басшылыққа алынсын деген уәж-дәйектерімізді сот ескермеді. Сот шешіміне қатысты шағым бердік, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция қызметкерлеріне қатысты 10 миллион теңге моральдық зиянды өтеу туралы шағымы қаралған сотта да жеңілген. Сот 2010 жылы азаматтық істі қарау барысында полицейлер әрекеті заңды деп танылғанын әрі бұл шешім әлі күшінде деп санаған. Төреғожинаның айтуынша, бұл сот та БҰҰ-ның адам құқығы комитеті шешімін елеусіз қалдырған.

Жуырда ғана Бақытжан Төреғожинаға Қазақстан сыртқы істер министрлігінен жауап келген. Хатта «қазір бейбіт жиын, митинг және өзге шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін реттейтін қолданыстағы заңдарды жетілдіру мәселесі талқыланып жатыр. Азаматтардың БҰҰ комитетіне шағымдануына түрткі болатын себептер мен жағдайларды жою мақсатында жергілікті мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңдарды қолдану практикасын түзету туралы мәселе де қарастырылуда» деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG