Accessibility links

БҰҰ-на дейін жеткен істе "қылмыстық құрам" жоқ, ал жазаға тартылғандар бар


БҰҰ-ның азаптауларға қарсы комитетіне қостанайлық Герасимов деген азаматты полицияның азаптағаны турасында арыз түскен. Бұл Қазақстаннан жеткен бірінші шағым. Тексерулер істен қылмыстық құрам таппағанымен, жазаланғандар бар деп хабарлады Қостанайдың ІІД-нен.


ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰРАМНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ...

"Қазақстанның күштік құрылымдары Герасимовтың ісі бойынша қылмыстық құрам таба алған жоқ" деп мәлімделген факс-хаты Қостанай қаласының полициясынан Азаттық радиосының редакциясына 4 мамыр күні келіп түсті. Азаттық радиосы мен веб-сайты 22 сәуір күні БҰҰ-ның азаптауларға қарсы комитетіне Қазақстанға қарсы тұңғыш шағым түскендігі турасында хабарлаған болатын.

Өткен жылы Қазақстан БҰҰ-ның бірқатар халықаралық құжаттарын ратификациялағандықтан да, ел азаматтарына осы ұйымға шағымдана алатын мүмкіндік туған еді.

Қостанайдың полиция басшылығы қинап-азапталған азаматтың ісі бойынша 12 қызметкерді түрлі жазаға тартқан.

- Біз бұл істі бір емес, оншақты рет қайта тексердік. Істен ешқандай қылмыстық құрам таппадық. Қылмыстық іс қозғау қиын емес, тек оған негіз болса болғаны, ал Герасимовтың ісінде ондай негіз жоқ. Бірақ тәртіп ережелерін бұзған фактілер анықталды. Мәселен уақтылы тіркеу журналына енгізбеген сияқты жайттар. Ол үшін қызметкерлер тиісті жазасын алды, - дейді Азаттыққа түсініктеме берген Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Елена Кашарина.

Оның сөзінше әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылған 12 адамның үшеуі – лауазымдарынан босатылып, жеті қызметкерге атқарып отырған қызметіне лайық емес деген ескерту жасалып, бір адамға сөгіс берілген. Ал тағы бір қызметкердің қандай жаза арқалағаны айтылмаған.

ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНДЕГІ БІР ТӘУЛІК...

2007 жылы Александр Герасимов ресми болжам бойынша кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған баласы туралы сұрамақшы болып, Қостанай қаласының полициясына барады. Бірақ оның өтінішіне жауап берудің орнына полиция қызметкерлері Герасимовтың өзін қамап ұстаған.

Герасимовтың айтуынша, полиция қылмысты мойындатқызу үшін оны аяусыз ұрып-соққан. Сол күннен бері үш жыл өтсе де, жанымның жарасы әлі жазлған жоқ дейді Александр Герасимов.
Мені алып келген бөлмеге бес адам кірді. Мені бұрышқа тұрғызып алып соққыға жықты. Алдымен оң бүйрегімнен ұрды...


- Мені алып келген бөлмеге бес адам кірді. Мені бұрышқа тұрғызып алып соққыға жықты. Алдымен оң бүйрегімнен ұрды. Соққының қатты болғаны соншалықты мен бұратылып жатып қалдым. Тұрғызып алып екінші жағымнан дәл солай соқты. Одан кейін жерге жатқызып, қолымды артқа қайырып байлап, арқа омыртқама тізесін батырып қинады. Басыма полиэтилен пакет кигізіп, тұншықтырды. Дем ала алмай қалған кезде пакетті шешіп, кейін осы әдісті бірнеше рет қайталады. Мен өліп қаламын ба деп қорықтым. Ең аяғы қатты қысымнан менің мұрным мен құлағымнан қан кете бастаған кезде ғана олар тоқтады. Әліге дейін сол күнді еске алудың өзі мен үшін өте ауыр, - деді радиомызға сұхбат берген Александр Герасимов.

Ол бұл іске кінәлі азаматтарға қатысты әкімшілік емес қылмыстық іс қозғалуы тиіс деген пікірде.

"ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚАШУДЫҢ АМАЛЫ..."
Қостанай полициясынан Азаттық радиосының Алматы бюросына жолданған факс. Алматы, 5 мамыр, 2010 жыл.


Қостанай полициясының 4 мамыр күні Азатық радиосының Алматы бюросына жолдаған факс-хатына облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Елена Кашарина қол қойған екен.

Онда істен қылмыстық құрамды тек Қостанай облыстық ішкі істер департаменті ғана емес, ішкі қауіпсіздік қызметі де, Ішкі істер министрлігінен келген арнайы комиссия да, ең ақыр аяғы қаржы полициясы да таппағандығы жазылған.

Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Елена Кашарина Азатық радиосыне берген сұхбатында өзінің азапталғаны туралы мәселені көтере отырып, Герасимовтың көздегені басқа дегенді айтады.

- О баста Герасимов адам өлтіру фактісі бойынша күдікке ілінген. Мәселе мынада: Герасимовтармен көршілес жалғыз басты қарт адам тұрған. Герасимовтар сол әжейді өз үйін сатуға үгіттеген. Алайда ол келісім бермей қояды. Шамамен бір апта өткенде жаңағы әжейдің өлі күйінде үйінен табылды. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, Герасимовтар алғашқы күдіктелір ретінде тергеуге алынған. Сол үшін де олар полицияға шақыртылған еді. Әжейдің қазасына қатысты қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ. Меніңше Герасимовтың қазіргі әс-ірекеті – қылмыстық жауапкершіліктен құтылудың амалы, - деп департамент өкілі өз болжамын алға тартады.

ҮМІТ СЫРТҚЫ ТЕКСЕРУЛЕРГЕ ТІРЕЛЕДІ

Қостанайлық Александр Герасимовтің ісі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жетіп отыр. Бұл – БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комитетіне барған қазақстандық алғашқы іс болып табылады. Дегенмен, оның нәтижесі қандай болатындығы белгісіз дейді адам құқы мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның Қостанай облыстық бөлімшесінің жетекшісі Анастасия Кнаус.

- Себебі бұл ұйымның көмегіне жүгінуші елдер көп, тиісінше арыз-шағымдар да өте көп, сондықтан Герасимовтың ісіне қатысты шешім бір-екі не болмаса үші жылға дейін созылуы мүмкін,- дейді Анастасия Кнаус.

Құқық қорғаушы БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комиетінің шешімі тек ұсыныс берумен ғана шектелетіндігін айтады. Сондықтан құқық қорғаушы орган болып табылатын – полиция қызметкерлерінен жәбір көрген Александр Герасимовтың бұл істе жеңісі қандай болары әзірге белгісіз.

Адам құқын қорғаушылар қазақстандық күштік құрылымдар қызметкерлерінің азаматтарды азаптау, жәбірлеу жағдайлары жиі кездеседі дей келе, Герасимов ісінің халықаралық деңгейде қаралуы елдің сот-әділет жүйесіне өзіндік әсер етіп, ЕҚЫҰ-ның төрағасына белгілі бір дәрежеде қысым жасайды деп үміттенеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG