Accessibility links

Зерттеліп бітпеген Талхиздің келешегі де бұлыңғыр


Академик-археолог Карл Байпақов ЮНЕСКО комитетінің мониторинг комиссиясы өкілдеріне Талхиз қаласының орта ғасырлардағы маңызы туралы айтып тұр. Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

Академик-археолог Карл Байпақов ЮНЕСКО комитетінің мониторинг комиссиясы өкілдеріне Талхиз қаласының орта ғасырлардағы маңызы туралы айтып тұр. Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

Ортағасырлық Талхиз қаласының үстінен жол салуға қатысты дау әзірше оны салушылардың пайдасына шешілген жоқ. Бірақ көне қаланың орны бүкіләлемдік мұра нысаны ретіндегі мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін. Азаттық тілшісі ЮНЕСКО-ның мониторинг жүргізген комиссиясымен бірге Талхизде болып қайтты.

8-13-ғасырларда болған ортағасырлық қала жұрнақтарын Талғар қаласының (Алматыдан 25 километр жерде) оңтүстік шетінен археологтар өткен ғасырда тапқан болатын. Қазба жұмыстары 1970 жылдардан бері жүргізіліп келеді. Академик Карл Байпақовтың айтуынша, көне қалада 8 мыңға дейін адам тұрған. Археологтар Талхиз территориясынан бірнеше ғимараттың іргетасы, малта тас төселген көше сынды талай жәдігер тапқан. Қанатты сфинкстер бейнеленген мыс табақ, түрлі шырағдандар, қараханидтер дәуірінің ақшалары тәрізді көптеген артефактар да табылған.

2014 жылы Талхиз «Чанъань-Тянь-Шань дәлізіндегі Ұлы Жібек жолы» бірлескен номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Оған Қытай, Қазақстан және Қырғызстан территориясынан табылған ортағасырлық 33 қала кіреді. Қалалардың көбі Қытайда орналасқан, қазақстандық бөлігінде сегіз қала бар.

Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша құрылысшылар алдағы Универсиаданың спорт нысандарының біріне апаратын қысқа жолды тарихи қала территориясы үстінен салуды бастағаннан кейін Талхизге қатысты жанжал шыққан. Жол құрылысы 2014 жылы басталған. Ескі қаланың орны жатқан тұстың дәл іргесінен әлгі жолға арнап көпір салған.

Көне қала аумағы арқылы автокөлік жолы құрылысын салу жұмыстары қазан айында басталған. Алматы облысы, 20 қазан 2016 жыл.

Көне қала аумағы арқылы автокөлік жолы құрылысын салу жұмыстары қазан айында басталған. Алматы облысы, 20 қазан 2016 жыл.

Бүкіләлемдік мұра комитетінің Стамбулда өткен (2016 жылғы шілдеде) 40-сессиясында ескі қаланың орны табылған жердің үстінен жол салуды дереу тоқтатып, балама жоба жасау, салынған көпірді бұзуды ұсыну туралы шешім қабылданған.

Бірақ жол салушылар ұсыныстарды елемеген. Құрылыс жұмыстары Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің бұйрығынан кейін ғана тоқтатылған. Қазанның 27-сінде ескі қаланың орны жатқан жерде өткен көшпелі жиналыста ол құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жол төсеу үшін қазылған ұзын орды қайта көмуді бұйырған.

Ежелгі қаланы қорғауға қатысты талаптарды бұзу ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы комитетінің назарына іліккен. Биыл ЮНЕСКО комитетінің мониторинг жүргізетін комиссиялары наурыз және қараша айларында Талхизге екі мәрте келді. Наурызда келген комиссия құрамына мәскеулік профессор, ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау кеңесі (ICOMOS) сарапшысы Наталья Душкина ғана кірген. Қараша айының басында ол қытайлық сарапшы Фэнг мырзамен тағы келді.

Қазақстан премьер-министрі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің бұйрығынан кейін автокөлік жолын салу үшін қазылған орды қайта көміп тастаған. Алматы облысы, 7 қараша 2016 жыл.

Қазақстан премьер-министрі орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің бұйрығынан кейін автокөлік жолын салу үшін қазылған орды қайта көміп тастаған. Алматы облысы, 7 қараша 2016 жыл.

«БІЗ ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕ ТҰРАМЫЗ ҒОЙ...»

Мониторинг жүргізетін комиссия келетін қарашаның 7-8-іне қарай ертеректе қазылған орды толық көміп тастапты. Жұмысшылар бұл шаруаны Иманғали Тасмағамбетов жарлық бергеннен соң небәрі бір аптадан кейін - бес күнде бітіріп тастағандарын айтады.

Комиссия келетін болған соң солтүстік жақтағы кіреберіс қақпаның жанындағы қабырғаға нысан туралы ақпарат жазылған баннер іліпті. Екі апта бұрын ол жерде ешқандай баннер жоқ болатын, ал сәл ертеректе жұлым-жұлым бірдеңе ілулі тұрған. Ескі қаланың шет жақтарында осындай тағы үш баннер орнатыпты. Қоршаудың қисайып жатқан тұстарын жөндеген. Бірақ мал сол қалпы жайылып жүр. Комиссия мүшесі Наталья Душкина «өзге өрескелдіктермен салыстырғанда, бұл ұсақ-түйек нәрсе ғой» дейді.

Ол әлгі өрескелдіктер туралы мониторинг жүргізу үшін биыл наурызда келген кезде де айтқан болатын. Мониторинг нәтижелері көрсетілген есепте жолды ескі қаланың орнын айналып өтетіндей етіп салып, көпірді бұзу туралы кеңес берген. Бірақ ол кеңесті жарты жылдай ешкім елемеді.

Наталья Душкина «әлгі көпірді бұзбай, жолды бәрібір салады деген қауіп сейілмейді» деп ескертеді. Мемлекеттік қызметшілердің ішінен комиссияға еріп келген ер адам бірден киліге кетті (кейінірек ол Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтудан бас тартты).

- Ондай қауіп жоқ, біз кепілдік беріп жатырмыз ғой, - деді ол.

- Ой, білмеймін, біз постсоветтік кеңістікте тұрамыз ғой... - деп бастаған Наталья Душкина сөзін аяқтамады.

Наурызда келгенінде Душкина Талхиздің тура іргесінен жеке меншік үйлер де көптеп салынып жатқанын байқағанын айтқан еді. Қорғауға алынған аймақ төңірегінде бір қабаттан биік ғимараттар салуға 2013 жылы тыйым салынған. Ал комиссия бүкіләлемдік мұра нысанымен архитектурасы және түсі үйлеспейтін екі қабатты жекежайларды байқаған. Комиссия мүшелерінің айтуынша, Талхизді бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы өтініш қаралған кезде әлгі коттедждер болмаған. Наурыздағы есепте ескерткіш шекарасына таяу маңда жаңадан құрылыс жүргізуге мораторий жариялап, әлгі үйлерді алып тастау мәселесін қарау ұсынылған болатын. Ол кезден бері жаңадан коттедж салынбаған, бірақ бұрын салынғандарды бұзу да жоспарда жоқ сияқты.

ЕСЕП ПЕН ҰСЫНЫСТАР ЖУЫРДА ШЫҒАДЫ

Азаттық тілшісі мониторинг комиссиясы мүшесі Наталья Душкинадан жаңа мониторингке қатысты есеп қашан шығатынын сұрады.

Сарапшы Наталья Душкина 2016 жылы наурызда келгенінде Талхиз қаласының дәл іргесінен жеке меншік үйлер бейберекет салынып жатқанына назар аударған еді. Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

Сарапшы Наталья Душкина 2016 жылы наурызда келгенінде Талхиз қаласының дәл іргесінен жеке меншік үйлер бейберекет салынып жатқанына назар аударған еді. Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

- Шамамен бір жарым айдан кейін - биылғы жылдың аяғына қарай немесе келесі жылдың басында шығады. Оны әуелі халықаралық ұйымдар қарайды. Сегіз қаланың бәрін («Чанъань-Тянь-Шань дәлізіндегі Ұлы Жібек жолы» номинациясының қазақстандық бөлігіндегі) аралаған сапар қорытындылары мен Талғар бойынша ұсыныстар әзірлейміз, - дейді ол.

- Бұл номинацияның тағдыры не болады деп ойлайсыз?

- Меніңше, сериялық номинациямен тіркелген нысандарды қалдырудың екі жолы бар. Біріншісі – мұра ескерткішіне қауіп төнді деп жариялау. Бұл жерге мұның қатысы жоқ, мен абстрактылы түрде айтып тұрмын. Ал екіншісі – сериялық номинацияда бір буынды алып тастауы мүмкін. Бірақ бұдан күллі серияның бүкіләлемдік құндылығы кемитінін ескеру керек. Яғни әлгі серияға зиян келеді.

ОРНЫ ТОЛМАС ЗИЯН

Ежелгі Талхиздің орнын аралап шыққан комиссияның жанында Қазақстанның оңтүстігінен табылған ортағасырлық қалалар жөніндегі мамандардың бірі - академик-археолог Карл Байпақов та болды. Ол бүкіләлемдік мұра комитетінің қазақстандық төрағасы. Карл Байпақов – ескі қаланы орны үстінен жол салу жоспарына белсенді қарсы шыққандардың бірі. Академиктің сөзінше, жол түсетін ор қазып, ескерткішке орны толмайтын зиян келтірген.

Қазу жұмыстарын ЮНЕСКО-мен келісіп жүргізу керек. Қала құрылымын, топографиясын жақсырақ түсіну үшін қажетін қазу керек.

Орды қайта көмгенімен, мәдени қабат жылжып кеткен, әлгі ордың орны енді археология үшін өлі аймаққа айналған. Карл Байпақов ескі қала орнының 10 пайызға жуығы ғана зерттелгендіктен, археологтарға ондаған жылға жететін жұмыс бар екенін айтады.

- Археология – зерттеулер баяу жүргізілетін ғылым. Помпейді 250 жыл қазды, соның өзінде жыл сайын қазып, жаңа бірдеңелер тауып жатады. Бірақ қазу жұмыстарын ЮНЕСКО-мен келісіп жүргізу керек. Қала құрылымын, топографиясын жақсырақ түсіну үшін қажетін қазу керек, - дейді ол.

Комиссияға еріп келген тағы бір алматылық археолог Арнабай Нұржанов ескі қаланың орнын қазу жұмыстарына үш жылдан бері ақша бөлінбегенін, «Мәдени мұра» бағдарламасы жабылғаннан кейін қаржыландыру тоқтап қалғанын айтады.

Көне Талхиз қаласы туралы Азаттық фотогалереясы:

КӨПІР МЕН ЖОЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Екі апта бұрын Алматы облысы әкімдігі ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемелерінде Талхиз үстінен өтетін жол құрылысын қайтсе де аяқтауға бекініп отырғанын хабарлаған. Бірақ вице-премьердің Талхиздің үстінен жол салуды тоқтату туралы бұйрығы әкімдіктің жоспарын бұзған.

Алматы облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығы Ержан Жасыбаев Азаттық тілшісіне:

- Қазір біз жаңа көпір салып, айналма жолға басқа варианттар қарастыру туралы жаңа тапсырма алдық, - деді.

Көне қала орнына комиссия келер алдында солтүстік жақтан кіреберістегі қақпаның тұсына Талхиз туралы ақпарат жазылған баннер Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

Көне қала орнына комиссия келер алдында солтүстік жақтан кіреберістегі қақпаның тұсына Талхиз туралы ақпарат жазылған баннер Алматы облысы, 8 қараша 2016 жыл.

Ол әлгі айтқан бес нұсқа түрлі-түсті сызықтармен белгіленген картаны ашып көрсетті. Ержан Жасыбаевтың айтуынша, облыс билігі салынып біткен көпірді бұзбай, қалдыруды жоспарлаған, ал жаңа жолды жобалауға бір жылдай уақыт кетуі мүмкін.

Комиссияны күтіп тұрған кезде Азаттық тілшісі жанынан өтіп бара жатқан жұмысшылар «Енді жол түспейтін болды ма?» деп сұрады. Мақала авторы олардың біріне: «Ал сіздер жол түскенін қалайсыздар ма?» деп қарсы сұрақ қойды.

- Жоға! Одан да ақшаны мына жерге келетін жолды жөндеуге жұмсамай ма, - деді жұмысшы.

Ол айтып отырған Талғардың орталығынан ескі қаланың солтүстік шетіне дейін жететін көше жолының әр тұсында үлкенді-кішілі шұңқырлар үңірейіп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG