Accessibility links

Қазақстандағы жұмыссыздар саны туралы деректер әрқилы, ал нақты санын ешкім айта алмайды


Қазақстанның Статистика агенттігінің 2008 жылдың қараша айындағы соңғы дерегі бойынша жұмыссыздар саны 558.9 мың болған, ал Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының экономисі жұмыссыздар саны 1 миллионға жуықтады деп мәлімдейді.

Қазақстандағы кейбір ақпарат құралдары, жұмыссыздар саны күннен күнге көбейіп, жақын арада олардың саны 900 мыңға жету қаупі бар екенін айтуда.

Алматылық Мәдина Сабирова біраздан бері жұмыс іздеп жүргендігін айтады. Екінші жоғары білім алып жатқан бойжеткен үшін қазіргі таңда қаражатсыз қалу, күнделікті тұрмысы мен өміріне қатты әсер етуде.
- Мен жұмыс істеген компанияда, қызметкерлердің 30 пайызы қысқартылды. Енді мен жұмыс таба аламын ба? Бұл мен үшін қазіргі таңда үлкен проблема болып тұр.

Мәдина сынды жұмыссыз қалатындардың саны жуық арада республика бойынша 900 мыңға жету мүмкін деген болжаммен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келіспейді.

Жуырдағы үкімет отырысында Қазақстандағы жұмыс көлемі қысқартылуы мүмкін бірқатар өндіріс орындары аталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы Арсений Дүйсеновтың сөзіне қарағанда, 900 мың деген дерекке негіз болған, осы салада қызмет етіп жүрген азаматтардың саны болса керек .
- Бүгінгі таңда тау-кен өндірiсі саласында, 774 мың адам жұмыс істейді. Олар шикізат өндіретін болғандықтан, өз өнімдерін шетелге жібереді. Егерде мәселен, қаржылық дағдарыстың әсерінен аталмыш өнімге сұраныс болмаса, әрине, өндіріс өзінің жұмыскерлерін азайтып, тіпті жабылып қалуы да мүмкін. Алайда, ол тек болжам ғана. Қысқартулар жалпы жұмыскерлердің 50 пайызын құрай ма, әлде 5 пайызын құрайды ма, ешкім білмейді ғой.

Министрілік өкілінің пайымдауынша, жоғарыда айтылған 800 мыңға жуық адамның қаншасы қысқартылатындығы ешкімге белгісіз. Сондықтан олардың барлығын жұмыссыздар қатарына қосу қисынға келмейді дейді.
- Жұмыссыз қалу мүмкіндігі басым салалардың ендігі кезегі: энергетика, газ, су, құрылыс, транспорт және сауда саласы болмақ. Айта кету керек, бұл салада республика бойынша 3 миллиондай адам қызмет етеді. Ал қаржы дағдарысы мүлдем әсер етпейтін салалар ретінде, министрліктің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен ауылшаруашылық секторы танылған. Сол салаларда алыс-жақын шетелдерден келетін арзан жұмыс күшінен бас тартуымыз қажет,- деген еді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Алайда, ҚР-сының Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Анар Рақымжанованың сөзіне қарағанда, бүгіннің өзінде жұмыссыздар саны 1 миллионға жуықтайды.

- Бүгінгі таңдағы ресми статистикаға сүйенер болсақ, Қазақстанда жұмыссыздар саны 500 мыңнан асады, алайда оған тағы 500 мыңға жуық тіркелмеген жұмыссыздарды және күнделікті қолма- қол ақшаға жұмыс істейтіндерді қоссаңыздар, жалпы республикадағы жұмыссыздар саны 1 миллионға жетеді. Алайда, бұл жерде мынадай жайтты ескеру керек. Жұмыссыздардың арасында, шын мәнісінде мемлекеттің көмегіне зәру азаматтар бар. Ал енді біреулері бірнеше жыл көлемінде жұмыс істеуге талпынбайды да. Олар мемлекеттік салықтарды айналып өтіп, өзінің күнделікті табысын тауып жүргендер.

Маман жұмыссыздықтың, әсіресе, соңғы уақыттары белең алғанын жоққа шығармайды. Алайда, жағдай үкіметтің қолға алып отырған шараларына тікелей байланысты екендігін де мойындау қажет дейді ол.

- Әрине, 900 мың дегеніміз өте көп, Алайда, үкімет пен жұмыс берушілер арасында жасалған келісімдер жағдайды біршама жеңілдетуі мүмкін. Сонымен қатар, жұмыссыз қалған азаматтарды басқа да қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру, мамандығын өзгерту мақсатында қайта оқыту да өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 25 кәсіпорынның қызметі тоқтап, 72 мың адам жұмыссыздар қатарын толықтырған. Осылайша, республика бойынша жұмыссыздар саны 9 пайызға өсіпті.

Министрліктегілер мұның сыртында 10 мыңға жуық адам мәжбүрлі демалысқа жіберілді. Еңбеккерлерге жалақысын төлей алмай жатқан өндіріс орындарындағы жағдай да мүшкіл дегенді айтады. Ресми дерек бойынша, жұмыссыздық, әсіресе, оңтүстік өңірде етек алған.

Үкіметтің "Дағдарысқа қарсы күрес" бағдарламасы аясында қысқартуға ұшырағандар қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылады. Республика бойынша мұндай жұмыс орындарының саны әзірге 10 мыңға жуық. Онда орташа айлық 20 мың теңге болмақ.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG