Accessibility links

Күй мен киіз үй – ЮНЕСКО тізімінде


Алты қанатты киіз үй. (Сурет Алтынай Мырзахметқызының жеке мұрағатынан алынды).

Алты қанатты киіз үй. (Сурет Алтынай Мырзахметқызының жеке мұрағатынан алынды).

Домбырада күй тарту мен киіз үй жасау өнері – ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне Қазақстанның атынан енген алғашқы өнер туындылары.

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО қазақтың дәстүрлі домбыра күйі өнерін, қазақ және қырғыз халықтарының киіз үй дайындаудағы дәстүрлі білімдері мен дағдыларын бейматериалдық мәдени мұралар тізіміне енгізді.

«ҮЛКЕН МӘДЕНИ ОҚИҒА»

ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының мәдениет жөніндегі маманы Юрий Пешковтың хабарлауынша, бұл шешім ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде қарашаның 26-сы күні өткен жиында қабылданған.

– Бұл – Қазақстан тарапынан жасалған және мақұлданған бірінші номинация. Негізі ол жақта кәдімгідей қатаң іріктеу болады, – деді Юрий Пешков Азаттық тілшісіне.

Күйші Ғизат Сейітқазыұлы күй тартып отыр. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Күйші Ғизат Сейітқазыұлы күй тартып отыр. Алматы, 3 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

ЮНЕСКО сайтында домбырада күй тарту өнерін жиын-той не мейрам кезінде орындалатын, адамдарды тарихи тамырымен және дәстүрімен байланыстыратын маңызды әлеуметтік және мәдени мұра ретінде сипаттаған.

Ал қазақ пен қырғыздың киіз үй жасау білімі мен машығы – жалпыадамзаттық құндылықтарға, әріптестікке, шығармашылыққа септесетін өнер ретінде, киіз үй – отбасы мен қонақжайлықтық символы есебінде аталған.

Өнертанушы Әшірбек Сығай «қазақ халқының ішкі жан дүниесін ашып, жан сырларын жеткізетін домбыра мен күйдің барша адамзаттың мәдени мұрасына айналуы – ірі рухани оқиға» деп санайды.

– Бұл – біздің ежелден келе жатқан өнер. Домбыра да, күй де халқымыздың мінездемесі сияқты. Домбыра мен күйде қазақ халқының тарихы, тағдыры, ішкі әлемі мен жан сырлары жатыр. ЮНЕСКО оны әлемдік мәдени мұралар қатарына кіргізіп, дүние жүзіне жариялап жатса, ол – қазақ халқы үшін үлкен мәдени, рухани оқиға, – дейді өнертанушы.

ЮНЕСКО бейматериалдық мәдени мұраларды қорғау конвенциясын 2003 жылы қабылдаған. Конвенция бойынша, бейматериалдық мәдени мұралар – ауыз әдебиеті мен тіл,орындаушылық өнері (актерлық ойын, музыка аспабында ойнау, ән, би), салт пен ғұрып және мейрам, табиғат пен жаратылысқа қатысты білім мен салт, дәстүрлі қолөнерге байланысты білім мен дағдылар. Осы мұраларға қатысты құрал, зат, жәдігерлер мен мәдени кеңістік де ЮНЕСКО қамқорлығында болмақ.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ОРТАҚ ЖӘНЕ ОҢАША МҰРАЛАРЫ

Орталық Азия халықтарына (соның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркіменге) ортақ ұлттық мәдени мұраларды бұл елдер ЮНЕСКО-ға кейде бірге, кейде оңаша тіркетіп қойғанды жөн көреді. Сондай мысалдың бірі ретінде Қазақстан мен Қырғызстанның келер жылы айтыс өнерін де ЮНЕСКО тізіміне бірігіп ұсыну жоспарын айтуға болады.

Киіз үйдің ішкі көрінісі. (Сурет Алтынай Мырзахметқызының жеке мұрағатынан алынды)

Киіз үйдің ішкі көрінісі. (Сурет Алтынай Мырзахметқызының жеке мұрағатынан алынды)

Азиядағы бірнеше елге ортақ мейрам – Наурыз мерекесі де Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан атынан адамзаттың бейматериалдық мұрасы санаты бойынша ЮНЕСКО тізіміне тіркелген. Соған сәйкес БҰҰ 2010 жылы наурыздың 21-ін халықаралық мереке ретінде жариялады.

Орталық Азия елдерінен аталған санат бойынша Өзбекстан атынан төрт мұра енгізілген. Наурыздан өзге дәстүрлі әншілік өнері «Кәтта ашула» (2009) мен Тәжікстанмен бірге ұсынған дәстүрлі «Шашмақам» жанры (2008) және тарихи Бойсун (Жиделібайсын) өңірі бар.

Қырғызстаннан Наурыз мерекесімен қатар, қырғыздың дастаншылық, төкпелік өнері (2003) Ала киіз бен Шырдақ (сырмақ) тігу өнері (2012), «Манас, Семетей, Сейтек» эпикалық трилогиясы (2013) тіркелген.

Тәжікстан атынан Наурыз бен «Шашмақам» (2008, Өзбекстанмен бірге) ұсынылған.

Ал Әзербайжан Наурыздан бөлек «Әзербайжан мақамын» (2008), Ашық өнерін (2009), дәстүрлі кілем тігу өнері (2010) мен қолөнерін (2012), човған спортын (2013), келегайы өнерін (2014) тіркеткен.

Шыңжаң ұйғырлары 2008 жылы «Ұйғыр мақамы» деген атпен фольклорлық ән-күй орындау дәстүірін бейматериалдық мұра тізіміне кіргізген. 2010 жылы ұйғырлар «мешреп» – ерлердің мәслихат үстінде ән айтып, би билеу дәстүрін де тіркеткен.

Аймақ бойынша бейматериалдық мәдени мұрасы ең көп тіркелген елдердің бірі – Моңғолия. Бұл ел 2008 жылы уртын дуу (ән айту дәстүрі) өнерін және моринхур аспабын (қобызға ұқсас), 2009 жылы цуур сыбызғысын, моңғол тули жыршылық өнерін, биелге биін, 2010 жылы наадам фестивалі мен хомей (көмекеймен) ән айту дәстүрін, 2011 жылы лимбе сыбызғысымен күй тарту жанрын, 2012 жылы сұңқармен аң аулауды (бірнеше елмен бірге), 2013 жылы моңғол киіз үйі мен каллиграфиясын, 2014 жылы асық ату ойынын тізімге енгізген.

Жойылудың аз алдында тұрған жәдігерлер іріктеліп алынған бейматериалдық мәдени мұра тізімінде Түркіменстанның атынан тіркелген ешнәрсе жоқ.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG