Accessibility links

«Жібек Жолы» тіркелді, айтыс қаралып жатыр


Талғар қаласының түбіндегі ортағасырлық Талхир шаһарының орнында жасалған археологиялық қазба жұмыстарының көрінісі. Көрнекі сурет

Талғар қаласының түбіндегі ортағасырлық Талхир шаһарының орнында жасалған археологиялық қазба жұмыстарының көрінісі. Көрнекі сурет

«Ұлы Жібек жолы» ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне, Қатонқарағай мен Ақжайық қорықтары биосфералық резерваттарының тізіміне енді. Ұйымның Қазақстандағы өкілі Азаттыққа толығырақ мәлімет берді.

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне «Ұлы Жібек жолының» 5000 километрлік бөлігі енгізілді. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының мәдениет жөніндегі маманы Юрий Пешковтың айтуынша, қорғауға алынған 33 мекеннің ішінде ескі қалалар, хан ордалары, сауда орындары мен жолдары, будда храмдары мен ғибадатханалар, мұнаралар бар.

Азаттық: - ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне Қазақстанның қай аймақтары енді?

Юрий Пешков: - 15-26 маусым аралығында Катардың Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 88-сессиясында «Ұлы Жібек жолының» Қытай, Қазақстан мен Қырғызстан дәлізіндегі 33 обьектісі дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне алынды. 33 обьектінің 22-сі Қытайда, 8-і Қазақстанда, үшеуі Қырғызстанда орналасқан. Қазақстаннан Қөстөбе, Ақтөбе, Құлан, Қаялық, Талғар, Өрнек, Ақыртас аймақтары енді. Ал Ұлы Жібек жолының Өзбекстан мен Тәжікстаннан өтетін коридоры қайтарылып, қайта қарауға жіберілді. Жалпы ЮНЕСКО-ның мәдени ескерткіштерінің саны 992-ге жетті.

Азаттық: - Қазақстанның екі қорығын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттарының тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасалған еді? Бұл процесс аяқталды ма?

Юрий Пешков.

Юрий Пешков.

Юрий Пешков: - Екі қорыққа қатысты шешім 10-13 маусым аралығында Швецияның Йонкопинг қаласында өткен ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» кеңесінің 26-сессиясында шығарылды. Қазақстанның екі қорығы Қатонқарағай мен Ақжайық ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының тізіміне енгізіліп, қорғауға алынды. Осылайша, ЮНЕСКО-ның қарауындағы табиғи қорықтар саны 620-дан асты.

Азаттық: - Енді бұл ескерткіштер мен қорықтарды қорғау ісіне ЮНЕСКО да қатысып, қаржыландыра ма?

Юрий Пешков: - Жалпы, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енсе, ескерткіштер мен аймақтарға ЮНЕСКО-ның өзі автоматты түрде ақша бөліп, сақтайды деген пікір бар. Бұл – қате пікір. ЮНЕСКО-ның 1972 жылғы Конвенциясы бойынша дүниежүзілік мәдени мұралар қатарына енген ескерткіштер мен аймақтарды тікелей мемлекет сақтайды. Ал ЮНЕСКО өз тарапынан мониторинг жасап, қадағалап отырады.
Қосымша оқыңыз: Орталық Азия елдерінің ЮНЕСКО-дағы бәсекесі

Азаттық: - Қазақстан 1998 жылы 8 ескерткішті ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының қатарына қосуға ұсыныс жасаған. Алайда 16 жыл болды олардың ешқайсы әзірге құнды ескерткіштердің қатарына алынған жоқ. Мұның себебі неде?

Юрий Пешков: - Қазір Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған нысандар алтауға жетті. Бұған дейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Таңбалы тас, Сарыарқа даласы енген. Енді биыл екі қорық және Ұлы Жібек жолының Қазақстандағы бөлігі еніп отыр. 1998 жылы Қазақстан Мерке әулиесі ескерткішін, Беғазы-Дәндібай мәдениетін, Ұлыбай-Тасмола мәдениетін, Арпаөзен, Ешкіөлмес петроглифтерін, Қаратау таулы қыраттарын және Отырар оазисін ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары қатарына алуға өтініш білдірген. Бірақ ол өтініш әлі қаралып жатыр. ЮНЕСКО-ға әр елден өтініш көп түсетіндіктен кейбірі ұзақ қаралады.

Азаттық: - Бұл ескерткіштердің ЮНЕСКО мұраларының тізіміне енуіне мүмкіндігі қаншалықты бар?

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Юрий Пешков: - Нақты айту қиын. Ұсынушы мемлекеттің өзіне байланысты. Мемлекет ескерткіштердің маңыздылығын көрсетіп, ЮНЕСКО-ға қайта ұсыныс жасау керек. Жалпы кей ұсыныстар ұзақ жылдан кейін қаралып, оған қатысты шешім біраз жылдан кейін қабылданып жатады.

Азаттық: - Қазақстан бейматериалдық мұра ретінде айтыс пен Қара жорғаны ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мұраларының қатарына енгізу ұсыныс жасағаны туралы хабарланып еді.

Юрий Пешков: - Иә, айтыс пен Қара жорғаға қатысты ұсыныс әлі ЮНЕСКО-да қаралып жатыр.

Азаттық: - ЮНЕСКО-ның бейматериалдық мұралар тізіміне Қырғызстаннан «Манас» жыры, қырғыздың дастаншылық, төкпелік өнері, ала киіз бен сырмақ тігу өнері, Әзербайжаннан «Әзербайжан мақамы», дәстүрлі кілем тігу өнері енген. Ал Қазақстаннан енген бірде-бір бейматериалдық құндылық жоқ. Бұған не себеп?

Юрий Пешков: - ЮНЕСКО-да бейматериалдық мұраға қатысты конвенция 2003 жылы қабылданды. Қазақстан бұл конвенцияға 2011 жылы қол қойды. Ал ол күшіне 2012 жылы наурызда енді. Қазақстан бейматериалдық мұра конвенциясына тек 2013 жылы ғана өз құндылықтарын ұсына бастады. Ол – «Қара жорға» мен айтыс. Ковенцияға кеш қол қойған Қазақстан мен Тәжікстан 2010 жылы түрік халықтары Наурыз мейрамын ұсынғанда бұл іске араласа алмады. Қырғызстан бұл конвенцияға 2006 жылы қол қойып, біраз бейматериалдық мұраларын тізімге енгізіп алды.

Азаттық: - Қазақстанның бейматериалдық конвенцияға кеш енуіне не себеп болды?

Юрий Пешков: - Бұл туралы айту қиын. Бұл мемлекеттік органдардың, министрліктер мен парламенттің жұмысына байланысты. Олар конвенцияны тез арада талқылап, қол қойса, ЮНЕСКО бірден қабылдар еді.

- Сұхбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG