Accessibility links

Әлемдегі ең үздік 200 университет анықталды


Оксфорд университетіне қарасты жаратылыстану мұражайы.

Оксфорд университетіне қарасты жаратылыстану мұражайы.

Ұлыбританиялық Times басылымының дәстүрлі рейтингісіне пост-советтік елдерден бірде-бір оқу орны кірмеген.

Times Higher Education (Times басылымының қосымшасы) қазанның 4-інде әлемдегі ең үздік 200 университеттің тізімін жариялады.

ҮЗДІКТЕР

АҚШ-тағы Калифорния технологиялық институты әлемдегі ең үздік университет ретінде танылды. Екінші орынды бірдей бал жинаған ұлыбританиялық Оксфорд пен америкалық Стэнфорд университеті иеленген. Алдыңғы ондықта сонымен бірге Гарвард, Кэмбридж, Массачусетс технологиялық университеті мен Чикаго университеттері де бар.

Пост-советтік елдердегі оқу орындарының бірде-бірі бұл тізімге іліне алмаған. Және бұл олар үшін күтпеген жағдай емес еді.

Бұған тек Ресейдің білім және ғылым министрі реакция танытып, бейсенбі күні «жақын арада жағдай өзгеруі керек - 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламада бұған байланысты оқу орындарының алдына нақты міндет қойылған» деп мәлімдеді.
Бірнеше Нобель сыйлығының иегері шыққан Калифорния университетінің медициналық зертханасы. Көрнекі сурет

Бірнеше Нобель сыйлығының иегері шыққан Калифорния университетінің медициналық зертханасы. Көрнекі сурет


Азия бойынша, үздіктер қатарына Қытай, Сингупар, Тайланд, Кореяның оқу орындары кірген. Батыс басылымдары мұны сол елдерде жалпы ішкі өнімнен білім саласына молырақ қаржы жұмсалғанынан көреді.

Times Higher Education университеттердің деңгейін 13 параметр бойынша анықтаған: университеттегі оқыту жүйесі, оқу ортасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі мен беделі, зерттеулердің нәтижесі, халықаралық қарым-қатынас, т.б.

Ақпарат бойынша, бұл зерттеу барысында дүние жүзіндегі 16,5 мың ғалым мен әртүрлі сала мамандар арасында сауалнама жүргізілген. Миллионнан астам ғылыми жұмыс пен мақала зерттелген.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІКТЕР

Қазақстанда жыл сайын Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша жұмыс жасайтын тәуелсіз қазақстандық агенттік елдегі университеттердің рейтингісін жариялап тұрады.

Агенттіктің шілде айында шыққан соңғы зерттеуі бойынша, Қазақстандағы ең үздік университеттердің үштігіне Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық универитеті, Қарағанды мемлекеттік университеті кірген.

Агенттіктің ақпараты бойынша, олар үздіктерді білім сапасы, өзге шетелдік университеттермен әріптестік деңгейі, оқу орнында республикалық, халықаралық жиын, симпозиум, конференция ұйымдастыру жиілігі, т.б. параметрлер бойынша анықтаған.

«НАШАРЛАРДЫҢ ІШІНДЕГІ ТӘУІРЛЕР»

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, рейтингтер жоғары оқу орындарының шын мәнінде деңгейін көрсете алмайды. Ол Қазақстанда жасалған рейтингті «ең нашарлар ішіндегі тәуірлер» деп атайды.
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина. Алматы, 6 сәуір 2011 жыл


- Оқу орындары өздерін қанша мақтаса да, егер оны бітіріп, диплом алған жастар жұмыс таба алмаса, меңгерген мамандықтарына нарықта сұраныс болмаса, онда қандай сапа, қандай рейтинг туралы әңгіме айтуға болады? Егер бұл рейтингтер шын болса, онда біз балаларымызды шетелге оқытуға тырыспас едік, - дейді елдегі білім сапасын сынаған Бақытжан Төреғожина.

Ол білім саласындағы сапасыздықтан саяси астар іздейді.

- Қазіргі балалардың моральдық-рухани құндылықтары құлдырап барады. Бұл надандықтан, білімсіздіктен, мәдениетсіздік пен тәрбиесіздіктен деп ойлаймын. Мұндай «тәрбиені» олар балабақшадан, мектептен, университеттен алады. Қоғамымызда білім құндылық болудан қалды. Студенттер білімді қажет етпейді, себебі онсыз да "блатпен" диплом алуға болатынын біледі. 20 жыл бойы мемлекет осыншалықты керексіз мамандықтарды белгілі бір мақсатпен даярлады. Себебі білімсіз адамдарды басқару оңай. Білімсіз адам қорқақ, өз-өзіне сенімсіз келеді. Заңнан бейхабар, - дейді Бақытжан Төреғожина.

«САПАЛЫ БІЛІМ АРЗАН БОЛМАЙДЫ»

Алматы энергетика және байланыс институтының ректоры Ғұмарбек Дәукеев «саусылдаған арзан, әрі сапасыз оқу орындары білім деңгейін құлдырататынын» айтады. Оның пікірінше, «сапалы білім ешқашан арзан болмайды».

- Гуманитарлық саланы айтпай-ақ қояйын. Техникалық-технологиялық оқу орындарына қатысты айтарым - ақшасы арзан болса, білімнің сапасын өлсең де жоғарылата алмайсың. Сізде құрылғы болмаса, компьютер не құрал-жабдықтар болмаса, қалай оқытасыз? Ақшасыз жабдықтар ала алмайсыз, компьютерге программалық өнім ала алмайсыз. Оны жаңарта алмайсыз. Біздегі кейбір университеттердің ақшасы да, сапасы да төмен, - дейді Ғұмарбек Дәукеев.

Ректордың пікірінше, Қазақстан университеттерінің әлемдік деңгейдегі рейтингке кіруіне кедергі келтіріп тұрған факторлардың бірі де - қаржы мәселесі.

- Әлемдегі үздіктер қатарына Қазақстандағы оқу орындары да кіру керек. Елбасы (президент Нұрсұлтан Назарбаев - ред.) да айтты. Менің ойымша, әлем бойынша ең үздік университеттерде бір жыл оқу құны кем дегенде 20 мың АҚШ доллары тұрады. Алысқа бармайық, Назарбаев университетінде оқу ақысы - 20 мың доллар. Біздегі басқа университеттерде - ары кетсе 450 мың теңге. Он есе төмен. Ал осындай жағдайда сапа туралы не айтуға болады? - деді ректор.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG