Accessibility links

Тасбақа таситындарға тыйым болмай тұр


Көкке шыққан тасбақа. Алматы облысы, Ақсенгір ауылы, 5 мамыр 2012 жыл.

Көкке шыққан тасбақа. Алматы облысы, Ақсенгір ауылы, 5 мамыр 2012 жыл.

23 мамыр – Дүниежүзілік тасбақа күні. Қазақстаннан шетке тасбақа тасып сату жасырын табыс көзіне айналды. Бұл қылмыспен ұсталғандар көбінесе айыппұл төлеп құтылады.

500-ге жуық тасбақаны Ресейге әкетпек болған 21 жастағы Қазақстан азаматы тасбақалардың жаппай қырылу проблемасына назар аудару мақсатында жарияланған Дүниежүзілік тасбақа күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында ұсталды.

ТАСБАҚА СОРПАСЫ

Семейдің биологиялық орталығының директоры Валерий Дядов 500 тасбақаны контрабандалық жолмен шетке әкету әрекетіне тосқауыл қойылуын тасбақалардың құрып кету қаупінің тағы бір дәлелі деп есептейді.

— Құрғақта мекендейтін ортаазиялық тасбақалардың түр ретінде құрып кету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан оларды Ресейге мыңдап әкетіп жатыр. Жануарлардың бұл түрі әзірше Қазақстанның Қызыл кітабына кірмегенімен, енді бірер жылдан соң тізімге енетін шығар деп ойлаймын, - дейді Валерий Дядов Азаттық тілшісіне.
Тасбақа Қазақстанның Қызыл кітабына кірмегенімен, енді бірер жылдан соң тізімге енетін шығар деп ойлаймын.

Соңғы уақытта Қазақстандағы шөлейт аймақтарды мекендейтін ортаазиялық тасбақаларды аулап, шетке сатып, табыс көзіне айналдырып алған жандар көбейді.

Ресейдің Барнаул, Новосибирск сияқты ірі қалаларында өз клиенттерін таңсық дәм – тасбақа етінен әзірленген сорпамен қызықтыратын мейрамхана қожайындарынан тасбақаға сұраныс көп көрінеді. Алтай республикасының полицейлері 2010 жылдың тамызында Қазақстаннан әкелінген 1,5 мың тасбақаны шекарадан өткізу кезінде ұстағанда кейбір мамандар осындай болжам жасаған еді.

ҚОРҒАНСЫЗ САУЫТ

Семей тұрғыны Ольга Нефедованың мамандығы - биолог. Оның үйіндегі «хайуанаттар бағында» Тортила деген бір жасар тасбақа тіршілік етеді. Ольганың жариялаған суреттері мен бейнесюжеттерінің арқасында Тортила әлеуметтік желілердің қаһарманына айналды. Ол зоодүкеннен Тортиланы аңқау мінезі мен зеректігі үшін сатып алыпты. Қазақстандағы тасбақа аулау мен оларды контрабандалық жолмен сату туралы хабарлар Ольганы қатты алаңдатады.
Өзі ақкөңіл, әрі өте ақылды жануар.

— Өзі ақкөңіл, әрі өте ақылды жануар. Оның ақыл-ойын иттің санасымен салыстыруға болады. Үйдегі бөлмелерді адаспай табады, шөп-шалам мен көкөніс салынған табағы тұрған өзінің жеке «асханасының» қайда екенін жақсы біледі, - дейді Ольга Нефедова.

Ольганың пікірінше, үстінде тас сауыты болғанымен, өзінің негізгі жаулары жыртқыштар мен адамға қарсы қауқар танытар өткір азуы немесе қашып құтылатын шапшаң аяқтары жоқ тасбақалардың мінезі жұмсақ болғандықтан, олар оңай олжаға айналады.

АЙЫППҰЛМЕН ҒАНА ҚҰТЫЛАДЫ

Құрғақты мекендейтін ортаазиялық тасбақа - Қазақстанның Қызыл кітабына кірмеген жануар. Полиция өкілдері «тасбақа таситын контабандистерді қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз» дейді. Әдетте мұндай жандардың қылмысы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің «Ветеринария туралы заңдарды бұзу» бабы бойынша қаралып, оларға 8655 теңгеден 86 550 теңгеге дейінгі (шамамен 57-570 доллар) мөлшерде айыппұл салу қарастырылған.

Кеден қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Мақсат Ақмаровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Ресейге 500 тасбақаны контрабандалық жолмен алып өтпек болған адам ақшалай айыппұл төлеуі мүмкін. Тасбақаларды контрабандалық жолмен алып өтпек болған ол Семей түбіндегі «Байтанат» шекара бекетінде ұсталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG