Accessibility links

Мұнайлы аймақ ереуіл алаңына айналып барады


«Ерсай Каспиан Контрактор» компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау, 25 мамыр 2011 жыл.

«Ерсай Каспиан Контрактор» компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау, 25 мамыр 2011 жыл.

Маңғыстаудағы толқуларды билік өкілдері «заңсыз» деп атаса, оппозициялық партиялар жұмысшылар жағына шығып отыр. Кейбір саясаткерлердің пікірінше, бұл дағдарыс – мұнай-газ саласындағы қордаланған проблемалардың «жемісі».


Қазір Маңғыстау облысының үш өңірінде жұмысшылар ереуілі қатар өтіп жатыр. Жаңаөзен, Қаражанбас пен Құрықтағы наразылықтардың ұқсас жерлері - ереуілшілер әлеуметтік құқықтарын талап етеді, ал компаниялар олардың талаптарын мойындамайды. Жұмысшылардың айтуынша, үш өңірде де наразылық белсенділері қуғындалып, әкімшілік тарапынан қысымға ұшыраған.

Кейбір мамандардың айтуынша, әсіресе Қарақия ауданы Құрық кентіндегі «Ерсай Каспиан Контрактор» («Ersai Caspian Contractor LLC») компаниясының жұмысшылары aca қиын жағдайда қалған. Мұнда мамырдың 21-інен бері аштық жариялаған адамдардың 20-сы ауруханада жатыр. Ал ереуіл жасап жатқан жүздеген жұмысшының ата-аналары, әйелдері күндіз-түні Құрық кенті мен Ақтау арасындағы жолды күзетіп, жақындарының талабын қолдап отыр.
Әкім орынбасары берген бұйрықты оқыдық. Бірақ онда ешқандай мәміле туралы сөз болып отырған жоқ. Яғни, олар біздің ереуілімізді тағы да заңсыз деп тауып, келісім комиссиясын (согласительная комиссия) құрып, ереуілшілерді жазалайын деп жатыр.

Жұмысшылардың бірі Кәрім Жалынның айтуынша, маусымның 3-і күні түске таман Қарақия аудандық әкімшілігінің өкілдері келіп, «наразылық шарасын тоқтатып, мәміле комиссиясын құру» туралы ұсыныс айтқан. Бірақ жұмысшылар олардың сөзіне сенбейтіндерін айтып отыр.

- Біз әкімнің орынбасары берген бұйрықты оқыдық. Бірақ онда ешқандай мәміле туралы сөз болып отырған жоқ. Яғни, олар біздің ереуілімізді тағы да заңсыз деп тауып, келісім комиссиясын құрып, ереуілшілерді жазалайын деп жатыр, - дейді жұмысшылардың бірі Кәрім Жалын.

Оның айтуынша, маусымның 1-і күні жұмысшылардың ереуіл комитетіне жетекшілік ететін Нұрбек Қушақбаевты жергілікті полиция еш себепсіз қамап тастаған. «Әлі хабар ала алмай отырмыз. Бізді кіргізбейді» деді Кәрім Жалын Азаттық радиосына.

Осыған дейін жұмысшылардың митингісін заңсыз деп тану туралы арнайы сот шешімі шыққан екен. Жұмысшылар енді аппеляциялық шағым беретіндіктерін айтып отыр.

«МИТИНГ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ»

Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев Маңғыстаудағы толқулардан хабардар екенін айтады. Бірақ ол жұмысшыларды айыптайды.

- Заң бәрінен жоғары тұруы керек. Құқықтық мемлекетте әрбір азаматтың заңды құрметтеуіне немесе заң алдында жауап беруіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бірақ осылайша «ал, ереуіл жасайық» деп, митинг ұйымдастыруға бола ма?! Бізде митинг, ереуіл, аштық тым сәнге айналып кетті. Бұлай жасауға болмайды, - дейді Владимир Нехорошев.

Жұмысшылардың талабы «негізсіз, әрі заңға сәйкес емес» екенін осыған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова да айтқан болатын.

«БҰЛ ТЕК ЖАЛАҚЫ ДАУЫ ЕМЕС»

Бұл дауда жұмысшыларды жақтаймыз деген оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері жуық арада осы мұнайлы өңірге баруды жоспарлап отырғандарын айтады.
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Партияның бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірінше, «бұл толқулар - елдегі еңбек қатынастарының реттелмеуінің жемісі». Оның ойынша, бұл жерде мәселе тек жұмысшылардың әлеуметтік проблемасында ғана болып тұрған жоқ.

- Басты себеп - Қазақстанда мұнай саласына қатысты туындаған сұрақтарға биліктің әлі дұрыстап жауап бермеуі. Қытай компаниялары Қазақстанның мұнай саласының ширегіне ие болып жатыр деген мұнай министрінің сөзі бар. «Неліктен бұлай болды? Неге мұнайымыз біржақты қолға шығып бара жатыр?» деген сұрақтарға да билік әлі жауап берген жоқ. Сондықтан, меніңше, бұл жерде жалғыз ғана жалақы көтеру немесе тарифтік саясатты өзгерту мәселесі тұрған жоқ. Бүкіл мұнай саласында қордаланып қалған мәселелерді кешенді түрде қарау керек, - деді Әміржан Қосанов.

Маусымның 1-і күні Қазақстанның коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партиясы да ереуілшілердің талаптарының заңды, әділетті екенін айтып, жұмысшыларға заңдық тұрғыда қолдау білдіруге дайын екендіктерін мәлімдеген болатын.

«Ерсай Каспиан Контрактор» компаниясы жұмысшыларының ереуілі. 25 мамыр 2011 жыл.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG