Accessibility links

ҰБТ-ны ақыға «тапсырып берушілер» әлі бар


ҰБТ тапсыруға келген түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ҰБТ тапсыруға келген түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп оқушылары жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу үшін тапсыратын бірыңғай ұлттық тестке заңға қайшы түрде біреудің атынан сынаққа кіретін «кәсіпкерлер» де дайындалып жатыр. Оқушылар не себепті оларды жалдайды?

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес орта мектеп бітірушілер сынақ тапсыратын аудиторияға кіру алдында арнайы тексеруден өтеді. Алайда бұл шара жыл сайын ҰБТ өткізу барысында ебін тауып оқушының орнына кіріп тест тапсырып беруді кәсіп еткендерді біржола жоғалтуға сеп бола алмайтын сияқты.

Жұлдыз (өз өтініші бойынша аты өзгертілді – ред.) атты студент ҰБТ-ге өзге оқушының атынан үш рет қатысқанын айтады. Оның сөзінше, «клиентпен келісілген сомаға қарай керекті балл жинаудың еш қиындығы жоқ, тест жүйесіне әбден машықтанып алған».

«Көбіне біреудің орнына тест тапсыруға өзім сияқты физмат факультетінің студенттері келісіп жатады. Мен көп сұрамаймын, бірақ студентке жетіп-артылатын сомаға келісемін. Мәселен, мың жарым доллар. Қазақтың қыздары мен ұлдары бір-біріне ұқсай береді ғой. Шаш үлгіңді өзгертіп, тағы басқадай амалдап мыңдаған тест тапсырушының арасында танылмай өтіп кетуге болады. Алдын-ала тест тапсырушыларды аудиторияға кіргізетін тексерушімен де келісіп аламыз» дейді Жұлдыз.

ЖОО ғимараты жанында отырған қазақстандық студенттер. (Көрнекі сурет)

ЖОО ғимараты жанында отырған қазақстандық студенттер. (Көрнекі сурет)

Ал ЖОО-да оқытушы болып қызмет істейтін Диана (толық аты-жөнін жарияламауды сұрады – ред.) студент кезінде Жұлдыз құсап ақша тапқанына өкінеді.

«Мен тек студент кезімде тест тапсырушының орнына бір-ақ рет кіріп көргенмін, осыдан екі жыл бұрын. Танысыма 70 мың теңгеге келісіп, жоғары балын алып бердім. Қазір оқытушы болып жүріп, студенттердің небір білімсіздерін көргенде қате істегеніме өкінемін» дейді Диана.

Диананың ойынша, «мұндай үрдістің болуы мектепте берілетін білімнің әлсіздігінен».

ҰБТ жүйесінің мәселелерін көтеріп жүрген ҚазҰТУ-дің доценті Досалы Салқынбек тест тапсырушылардың заңсыз жолмен басқа адамды жалдауы ҰБТ материалдары «мемлекеттік құпия» ретінде танылған соң азайды деп санайды.
«Жастарымыз біреудің орнына тест тапсырудың үлкен қылмыс екенін түсінбей жатыр. ҰБТ алдында түсіндірме шараларын жүргізу тиіспіз» дейді Досалы Салқынбек.

Ал Атырау қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұргүл Қалимолда ҰБТ-ны «кейбір оқушыларды өз орнына тест тапсыратын адам жалдауға мәжбүрлейтін кемшілігі көп жүйе» деп санайды. Журналист болуды армандайтын Нұргүл математикаға шорқақ екенін айтады. ҰБТ-да міндетті саналатын осы пән үшін ғана көрсеткіші нашарлап кете ме деп қауіптенеді.

«Егер тест тапсыруға орныма өзге біреуді кіргізе қалатындай мүмкіндік болып тұрса, жақсы оқитын танысымды кіргізер едім. Өйткені маған керегі – грант. Ал ҰБТ әділ өтеді дегенге сенбеймін» дейді Нұргүл.

Кітап ақтарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

Кітап ақтарып, ҰБТ сұрақтарының жауабын іздеп отырған ата-ана. Алматы, 3 маусым 2013 жыл.

ҰБТ орталығының Азаттыққа берген мәліметіне сүйенсек, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінің ғимаратына кіргізу барысында бөтен тұлға ұсталған жағдайда «Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық» бойынша акт жасалады. Ұсталған тұлға тестілеуге жіберілмейді, ал тестілеу барысында бөтен тұлға ұсталған жағдайда акт жасалып, ұсталған тұлға аудиториядан шығарылады, оның тест нәтижесі өңделмейді».

Былтыр «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Қали Әбдиев ҰБТ-ны тапсыртуға адам жалдау мен жауаптарды алдын-ала білуге қатысты жемқорлық мәселелері жөніндегі Азаттық оқырмандарының сұрағына онлайн-конференция барысында жауап берген еді.

Қали Әбдиев: «ҰБТ әділетті өтуі үшін оған қатысушылар, ата-аналар және мұғалімдердің қолдауы қажет. Әзірге кейбір жерлерде ондай болмай тұр. Сондықтан тәртіп бұзушыларды біз жеңе алмай отырмыз. Енді әскер күшімен тәртіп орнатуға кіріспейміз ғой. Сіздердің қолдауларыңыз қажет» деген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG