Accessibility links

ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсушілер


ҰБТ тапсыратын түлектер. Қызылорда облысынан Азаттыққа оқырман жолдаған фото. (Көрнекі сурет)

ҰБТ тапсыратын түлектер. Қызылорда облысынан Азаттыққа оқырман жолдаған фото. (Көрнекі сурет)

Ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегері ретінде ҰБТ-дан босатылатын түлектер көбейіп келеді. Бірақ ондай жолмен оқуға түскен кей жастар білімге емес ақшаға жүгінгенін айтады.

Алматы қаласындағы Абай атындағы дарында балаларға арналған мектептің түлегі Айбек Түркебаев 2-8 маусым аралығында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатыспай-ақ жоғары оқу орнына түсу жеңілдігіне ие болған. Ол биыл ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орын алғандықтан бұл сынақтан босатылған.

– Байқоңыр қаласында өткен ғылыми жарыста «Төтенше жағдай кезінде шешім қабылдауға қажет ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер құрудың негізгі қағидалары» деген тақырыптағы ғылыми жобамды сәтті қорғап, ҰБТ-тан босатылғанмын. Қазір Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне құжат тапсыруға дайындалып жүрмін, – дейді Айбек Түркебаев.

Оқушылар арасындағы халықаралық ғылыми жарыста жеңімпаз атанып, былтыр ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түскен жастардың енді бірі – Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Ғани Балымбетов.

– Мен «Мұнай өнімдерінің тұтқырлығын анықтау» атты жобамды 8-сыныпта бастап, үш жыл бойы зерттедім. Зерттеуді толық аяқтаған соң, 2014 жылы Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми жоба жарысына қатысып, бірінші орын алдым. Төрелік жасаған мәскеулік ғалымдар менің тақырыбыма көп қызығушылық танытты. Өзге қатысушыларға жобасын қорғауға бес минут уақыт бөлсе, мені 30 минут бойы тыңдап шықты. Сайыс әділ өтті. Осы сайыстың жеңімпазы атанып, мемлекеттік оқу грантын ұтып алдым, – дейді Ғани Балымбетов.

«4 МЫҢ ДОЛЛАРҒА САТЫП АЛДЫМ»

Бірақ ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы ретінде ҰБТ-ға қатыспай жоғары оқу орнына түскен жастардың арасында ол сайыстың жүлдесін сатып алғанын мойындайтын жастар да бар. Солардың бірі – алматылық студент Жайнагүл. Ол мектептің соңғы жылында ғылыми жоба жарысына бару үшін жолақысына 70 мың теңге, жобаны сатып алуға төрт мың доллар бергенін айтады.

Азаттық оқырманы Бораш Кәкен "Құрбы сыры" деген атпен жолдаған фото. (Көрнекі сурет)

Азаттық оқырманы Бораш Кәкен "Құрбы сыры" деген атпен жолдаған фото. (Көрнекі сурет)

– Бірақ бұл істің де машақаты көп болды. 125 балл иегері сертификатына лайық болу үшін тым құрығанда 11-сыныпты кілең беске аяқтауым қажет еді. Сондықтан аттестатымды да жөндеттім, – дейді Жайнагүл.

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің үшінші курсында оқитын Әділ де халықаралық ғылыми жобаны сатып алып, ҰБТ тапсырмай оқуға түскен жастың бірі екенін айтты.

– Төрт мың АҚШ долларына халықаралық ғылыми жобаны сатып алғанымды жасырмаймын. Жоба жүлдегері атанудың өзге де сомалары бар. Жарыс ұйымдастырылатын мемлекетке байланысты баға да өсе береді. Мысалы, Швецияда өткен халықаралық жоба жүлдегері атану үшін 10 мың АҚШ долларын жұмсаған досым қазір университетте оқып жүр, – дейді студент.

Әділ жастарды мұндай заңсыздыққа итермелейтіндер ата-аналары деп біледі. Оның сөзінше, «баласын қайтсе де грантқа түсіруді ойлаған ата-ана араға делдал ұстаздарды кірістіреді».

– Барлық істі тындырғаннан кейін: «Сен оқымай-ақ қой. Бәрін реттеп қойдық» деп үгіттеушілердің бірі менің ата-анам еді. Кейде мені де арым мазалап, «ҰБТ-ға күн-түн демей дайындалған бір талапкердің обалына қалдым-ау» деп қынжылатын кездерім де болады, – дейді Әділ.

Студент халықаралық және республикалық ғылыми жобалар конкурстарына қатысушылардың арасында шын еңбегіне сенген оқушылар да көп болғанын мойындайды.

– Менімен бірге осы жобаға қатысқан танысымның үш жыл бойы зерттеу жүргізгендігіне куәмін. Жарыста ол білімі мен тәжірибесін қорғап шықты, – дейді Әділ.

«ҰБТ-ДАН МҰНДАЙ ЖЕҢІЛДІК АЛУШЫЛАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ»

Азаттық тілшісі халықаралық және республикалық ғылыми жоба жарыстары жүлдегері деген сертификат бойынша ҰБТ тапсырмай оқуға түскен студенттердің оқу үлгерімін білмекке Алматыдағы бірнеше оқу орындарына барған еді. Алайда олардың ешбірі «бұл жайлы ештеңе дей алмайтындарын» хабарлады. Тек өзін «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасарымын» деп таныстырған қызметкер ғана «ғылыми жобамен грант иеленген студенттер мен олардың оқу үлгерімі жайлы ақпаратты білу ұзақ зерттеуді қажет ететінін» мәлімдеді.

Білім және ғылым министрлігі биыл ҰБТ тапсырмай оқуға түсетін ондай жастар қанша екенін айта алмады. Министрліктің Азаттыққа берген дерегінше, ҰБТ-дан мұндай жеңілдік алушылар жыл сайын көбейіп келеді: 2012 жылы – 1 мың 552, 2013 жылы – 1 мың 685, ал 2014 жылы – 2 мың 4 түлек жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары болғандықтан ҰБТ тапсырмай, бірден жоғары оқу орны студенттері атанған.

ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

ҰБТ тапсырып шығып келе жатқан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Министрліктің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығы негізінде «жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы осы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) қатысушылары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының, халықаралық мектептердің бітірушілері жалпы білім беретін пәндер бойынша жалпы орта білім туралы аттестаттың қорытынды бағаларын ҰБТ сертификаттарының балына ауыстыру шкаласы негізінде берілген ҰБТ сертификатын алу арқылы ҰБТ-дан босатылады».

Қазақстанда биылғы мектеп бітіру емтиханы мен жоғарғы оқу орнына түсу үшін тапсырылатын ҰБТ маусымның 8-і күні аяқталған. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, тестілеуге қатысқан 87 мың 782 мектеп бітірушінің 81,4 пайызы (67 мың 497-сі) сынақтан өтуге қажетті 50-ден аса балл жинаған. Сынақ тапсырғандардың 17,4 пайызы (14 мың 420-сы) 100-ден аса ұпай алған. ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 79,4 болған. Биылғы ҰБТ-да ең жоғарғы 125 ұпайды ел бойынша бес оқушы (тараздық Гүлназ Ердосова, астаналық Риана Мұстафина, батысқазақстандық Сымбат Самат, оңтүстікқазақстандық Лаура Абдазимова, алматылық Анастасия Яковлева) жинаған. Министрлік дерегінше, бұл 87 мыңнан астам үміткер биыл бөлінген 32 мыңдай оқу грантына таласпақ.

XS
SM
MD
LG