Accessibility links

«Қылмыстық кодекс адам құқығына қатысты қатайды»


Полиция наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Көрнекі сурет

Полиция наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. Көрнекі сурет

Құқық қорғаушы сәуірдің 9-ы күні мәжіліс мақұлдаған, қоғамда дау тудырған жаңа қылмыстық кодекс жобасында «БАҚ пен азаматтық қоғамға қатысты репрессияшыл көзқарас» барын айтады.

Сәуірдің 8-і Норвегиядағы Хельсинки комитеті мен «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры Қазақстанда талқыланып жатқан Қылмыстық кодекстің, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясына қатысты үкімет пен парламентке қаратып мәлімдеме жасады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары редакцияланған кодекс жобаларының бірқатар баптары адам құқықтары мен сөз бостандығын шектейді деп алаңдайды. Бірақ мұндай мәлімдемелерге қарамастан аталған кодекстердің жаңа редакциясын Қазақстан парламентінің төменгі палатасы сәуірдің 9-ы күні мақұлдады.

Азаттық қылмыстық және әкімшілік кодекстердің жаңа редакциясындағы түйткілдер туралы жергілікті құқық қорғаушы Айна Шорманбаевадан сұхбат алды.

Азаттық: - Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстанның қылмыстық және әкімшілік кодекстерінің жаңартылып жатқан редакциялары бойынша қоғамдық ұйымдардың жетекшілерін дискриминациялау күшейеді және қоғамдық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың араласуы жиілейді деп қауіптенеді. Бұл қауіпке нақты қай баптар негіз болып отыр?

Айна Шорманбаева: - Қылмыстық кодекс жобасындағы қауіпті баптардың бірі – үшінші бап. Онда «қоғамдық бірлестік басшысы» деген ұғым бар. Бізді алаңдатып отырған нәрсе - бұл ұғымның тым кең түсіндірілуінде. Яғни, осы бап бойынша тек қана қоғамдық ұйым басшысы ғана емес, сонымен бірге ұйымның кез-келген мүшесін жауапқа тартуға болады. Содан кейін 146-бапта қоғамдық ұйымның жетекшілеріне өзге азаматтармен салыстырғанда қатаңдау жаза қарастырылған. Ал бұл – «азаматтардың тең құқылығын бұзу». Ұйым жетекшілерін қауіпті топ сияқты бөлектеп ерекше түрде жазалауды кемсіту, дискриминация деп бағалаймыз. Барлық азаматтар заң алдында тең және жауапқа бірдей тартылуы тиіс. Айна Шорманбаева, құқық қорғаушы.

Айна Шорманбаева, құқық қорғаушы.


Бұған қоса, бұл жоба қоғамдық бақылауды шектей ме деп алаңдаймыз. Жаңа кодекс бойынша егер үкіметтік емес ұйым мемлекеттік органның қызметіне сын айтса немесе бақылау жүргізсе, онда бұл әрекеті жаңа қылмыстық кодекс бойынша «заңсыз араласу» болып шығуы мүмкін. Кодексте «заңсыз араласу» ұғымы нақты бекітілмеген, тіпті мұндай нақты ұғым да жоқ. Сондықтан биліктің «заңсыз араласуға» қоғамдық бақылаудың кез-келген түрін жатқыза салуға мүмкіндігі бар.

Азаттық: - Қазақстанның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа редакциясында «болмашы техникалық қателіктер үшін Қазақстандағы БАҚ пен қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың қызметтерін шектеу туралы баптар бар» деген де пікірлер айтылды. Мұндай шектеу қай баптарды қолдану арқылы жүзеге асуы мүмкін?

Айна Шорманбаева: - Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 474-бабы. Ол «қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды бұзу» деп аталады. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөлімдері нақты қоғамдық бірлестіктерге қатысты. Бұл баппен азғантай ғана әкімшілік бұзушылыққа бола ұйымның жұмысын тоқтатуға тіпті мүлдем жоюға болады.

Және бұған қоса бір әкімшілік құқық бұзғаны үшін ұйымды екі рет жазаға тартуға мүмкіндік пайда болады. Айталық, бір ұйым статистикалық есеп бергенде қате жіберсе немесе дұрыс тапсырмаса, дұрыс есеп бермегені үшін бір жауап береді. Және осы 474-бап бойынша тағы да жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл ең басты ұстаным – бір құқық бұзушылық үшін екі рет жазаланбау ұстанымына қайшы. Құқық қорғаушылар кемінде осы баптың төрт бөлімін алып тастауды талап етіп келеді. Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Көрнекі сурет

Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Көрнекі сурет



Азаттық: - Жаңа қылмыстық кодекс жобасындағы «жалған ақпаратты әдейі тарату» жайлы бап бойынша 10 жылға дейін қамау жазасы қарастырылған. Бұл бап журналистерге қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

Айна Шорманбаева: - Бұл бап (242-бап - А.Ш.) журналистерге де, қарапайым адамдарға да бірдей қауіпті. Бұл бап бойынша жауапқа тарту үшін күдіктінің ақпаратты жалған екенін біле тұра таратқаны дәлелденуі керек. Ал біздегі практика қажетті дәлелдер жинамай-ақ қалаған адамын жауапқа тарта беретінін көрсетеді. Жемқорлықтың қоғамда қаншалықты жайылғанын білесіз. Сондықтан бұл бап қарапайым адамдармен қатар, әсіресе, БАҚ-қа қарсы қолданылуы мүмкін. Олар үшін ерекше қауіпті. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты.

Азаттық: - Жаңа кодексте Қазақстанның территориялық тұтастығын заңсыз өзгертуге шақыру әрекеті үшін 10 жылға дейін қамау жазасы қарастырылған. Мұндай баптың қабылдануына Украинадағы жағдайдың әсері болды деп ойлайсыз ба?

Айна Шорманбаева: - Әрине, Украинадағы жағдай сепаратизмнің нақты қауіп екенін анық көрсетті. Қазақстанға қарсы талай сондай мәліметтер жасалғанын білеміз. Сондықтын, бұл бап өте орынды және дер кезінде енгізілді деп ойлаймын.

Азаттық: - Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердегі қандай да бір оң өзгерістер бар ма? Болса, атай аласыз ба?

Айна Шорманбаева: - Оң өзгерістер де жоқ емес. Әуел баста қылмыстық кодекс жобасына әкімшілік кодекстен 57 бап аударылды. Бірақ қазір 10 бап әкімшілік кодекске қайтарылды. Оның арасында митинг пен пикеттерді өткізуге байланысты бап та болатын. Құқық қорғаушылар бұған қарсы болды. Соның нәтижесінде бұл бап әкімшілік кодексте қалды. Меніңше, бұл – жақсы қадам. Мұнымен қатар жаңа жобада бас бостандығынан айыру жазасының балама түрлері енгізілген. Мысалы, ірі көлемде айыппұл төлеу, қоғамдық жұмысқа тарту, т.б. Бұл қамауға қарағанда жеңілдеу. Онда сонымен бірге ерікті түрде келтірілген зиянды өтеген жағдайда шартты түрде босату немесе жаза мерзімін қысқарту көзделген. Бұл да жақсы өзгеріс. Экономикалық қылмыс жасаған кезде келтірілген шығын өтелсе, айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына тартылмайды. Бірақ, өкінішке қарай, адам құқықтарына қатысты баптар қатайтылған, және бұл тұрғыда репрессияшыл көзқарас сақталып қалған.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG