Accessibility links

1991 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осының нәтижесінде нақақ сотталған 103 адамның 92- сі ақталған. Ал 11 азамат белгілі бір тұлғаға қарсы жасаған қылмысы үшін ақтау тізіміне ілінбей қалды.

Алайда, «Алға, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлі Президент Н.Назарбаевтың аталмыш Жарлығы шыққан кезде-ақ оны сынға алған екен.

— Жарлық шыққан сәтте-ақ оған деген өз көзқарасымды білдіргенмін. Осыған орай сөйлеген сөзім Талғат Айтбайұлының желтоқсан оқиғасы туралы құрастырып шығарған кітабында «Жартыкеш жарлық жарытпас» деген атпен жарық көрді. Жалпы, Желтоқсан шындығы бүгінгі Назарбаев билігінің тұсында ашылмайтыны анық. Себебі Желтоқсан оқиғасына тікелей өзінің қатысы бар ғой. Ал адам мұндай кезде әділетті бола алмайды. Оның үстіне оқиғаға қатысы бар басқа да адамдар қазіргі биліктің белді тұлғалары болып отыр. Құдай қаласа, жағдай өзгерер. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Сол кезде бәрі оп-оңай анықталады. Бұл жерде, ашығын айтсам, Назарбаевтың биліктен кетуімен тікелей байланысты.

Әлі күнге Желтоқсанға ұлт – азаттық көтерілісі деген мәртебенің берілмеуі де қазіргі билікке байланысты. Кезінде Желтоқсанды зерттеген көптеген істі белгісіз себептермен тоқтатқызып тастады. Өйткені, істің соқпағы қауіпті арнаға қарай бет алып бара жатты. Тіпті, керек десеңіз, басқа күн таппағандай Тәуелсіздік күнін желтоқсандағы тарихи оқиғаның болған уақытымен қатар қойып қойды. Бұл да саясат. Желтоқсан 17-сі күні басталды. 16-сы күні Колбиннің тағайындалған күні. Дәл осы күнді Қазақстанның Тәуелсіздік күні етіп бекітті. Зығырданың қайнайтыны да осы тұс.

ҚР Президенті Н.Назарбаев 1996 жылы желтоқсандық бір топ азаматпен кездескенде: «Желтоқсан көтерілісі болашақ ұрпақ тәрбиесіне қажет» деп атап көрсеткен екен.

Желтоқсандық Құттыбек Аймахан:

— Сол кездесуде Президент бізге: «Желтоқсанды көп пайдалана бермеңіздер. Біз оны болашақ ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге пайдалансақ па деген ойымыз бар» деді. Қазір Президенттің сол ниеті, ойы орындалып жатыр ма? Жыл сайын желтоқсан айының алғашқы аптасында мектептерде 1986 жылғы оқиғаға байланысты тәрбие сағаттары өтеді. БАҚ бір апта бойы хабарлар жасайды. Сонымен бітті. Кейін бәрі ұмытылады.

ЖСДП төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов:

— Желтоқсанға әлі лайықты әрі ресми саяси баға берілген жоқ. Себебі, сол кездегі биліктің атынан шешім қабылдаған азаматтардың біразы Астанада, билік басында отыр. Сондықтан да ақиқаттың ауылы әлі алыс. Өкінішке қарай Желтоқсанның лайықты бағасын алуына қоғамның өзі енжарлық танытып отыр. Өйткені Желтоқсан көтерілісіне қатысты көптеген ұйымдар бар. Әрине, ұйымдардың болғаны жақсы. Бірақ солардың басы бірігіп, халықаралық дәрежеде Желтоқсанның нақты бағасының берілуіне жұмыс жасай алмай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG