Accessibility links

Алпамыс Бектұрғанов әкімге «жала жауып, күйе жаққаны» үшін темір торға тоғытылды


Полиция Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бектұрғановқа сот залында-ақ қолын кісен салды. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.
Полиция Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бектұрғановқа сот залында-ақ қолын кісен салды. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.

Сот Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановты бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұрынғы кеңесші сот залынан бірден абақтыға жөнелтілді. Бұған сот үдерісін бақылаушылар мен адвокаттар таңданбай қалмады.

ЖАУАПКЕРДІҢ АДВОКАТЫ НАРАЗЫ, АРЫЗДАНУШЫНЫҢ АДВОКАТЫ ДӘН ЫРЗА

Орал қалалық соты Алпамыс Бектұрғановтың ісін 4 күн бойы қарады. Ұзаққа созылады деп сырттай тон пішкен дау ұзаққа созылмады. 13 тамызда бұл даулы іске де нүкте қойылды.

Судья Ақгүл Қарасаева Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер Кодексінің 129-бабының 3-тармағына (ауыр және аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмысқа қатысы бар делінген тұлға ретінде жала жабу) сүйене отырып, Алпамыс Бектұрғановты бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Өз жазасын жалпы режимдегі абақтыда өтейтін экс-кеңесші абақтыға сот залынан бірден әкетілді.
Судья Ақгүл Қарасаева үкімді оқып тұр. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.


Алпамыс Бектұрғановтың адвокаты Бауыржан Шонаев үкімнің айыптау бағытында болатынын білгенімен, өз қорғауындағы азаматтың түрмеге тоғытылатынын күтпепті. Адвокат соттың бұл шешімін «асқан сорақылық» деп бағалап отыр.

- Біз бұл үкіммен келіспейміз, әрі жоғары жаққа шағынамыз, өйткені бұл шешім тіптен ақылға сыйымсыз ғой. Өз ісін жетік білетін қай заңгерді алсаңыз да, оның мұндай сыңаржақ үкімді теріске шығаратыны анық. Менің қарауымдағы азамат бұрын сотталмаған, ал сот бұл жайтты ескермеді. Бұған қоса, мәртебелі сот Бектұрғанов мырзаның біраз жасқа келіп қалғанын да есепке алмады, - деп мәлімдеді адвокат Бауыржан Шонаев.

Ал талап - арыз беруші тараптың адвокаты Мұстақым Төлеев сот отырысының қорытындысы осылай аяқталғанына дән риза, әрі ол әділеттілік орнады деген пікірде.

- Біз сотта әділдіктің салтанат құруы үшін күрестік. Бектұрғанов мырзаның облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовты жазықсыз қаралап, ар-намысына нұқсан келтіргені дәлелденді, әрі сот осы ісімізді құптап, айыптыға лайықты шешім шығарды,- деді Мұстақым Төлеев.

"АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫНЫҢ АЯҚАСТЫ БОЛҒАНЫ ӨКІНІШТІ"

Заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуәлиев Алпамыс Бектұрғанов әкімді жазғырғысы келмегенін айтады.

«Мен Алпамыс Бектұрғановқа шығарылған үкіммен таныс емеспін, сондықтан бұл іске баға беріп, төрелік айтып жату артық болар. Бірақ, Бектұрғанов облыс әкімінің облыста қалыптасқан саяси ахуалға жауапты екендігін айтқысы келген болуы керек. Бірақ, өз атына айтылған сынды бұлай ауыр қабылдаудың ақыры осылай біткені өкінішті-ақ! Соттың бұл шешіміне таңданбаймын. Білетін шығарсыздар, мен осыған дейін ғалым атағымды қорғап қалу үшін Білім және ғылым министрлігімен де соттасқан едім. Бірақ, өзімнің ақ екенімді ақтап алмақ болған әрекетім еш нәтижесіз аяқталды, сот отырыстары да мен үшін пайдасыз болды. Қазақстан Республикасының Ата заңы - Конституциясы күні қарсаңында ел азаматтарының конституциялық құқы бұлайша аяқасты болып бұзылуы өкінішті, әрі ойландыратын жағдай», - дейді Ғабдуәлиев.

Осыған дейін де хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов 15 шілде күні аймақ басшысын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

Араға апта салып, 22 шілде облыс әкімдігі аппаратының жетекшісі Амангелді Дәулетжанов Алпамыс Бектұрғановтың аттестациядан өте алмағаны үшін қызметінен босатылғанын мәлім еткен еді.

Ал, 27 шілде күні Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінің ар-намысына нұқсан келтірді деп, Алпамыс Бектұрғановты сотқа берді. Өз арызында ол айыптаушы тарапты «жазықсыз қаралап, өзіне күйе жаққаны үшін» жазасыз қалдырмауын сұраған болатын.
XS
SM
MD
LG