Accessibility links

Оралдық азамат дәрігерлік айықтырғыштан ауруханаға түсті, енді ол мүгедек болып қалуы мүмкін


Жұмабай Тамаевтың әйелі Зейнеп Тамаева, Орал, 26 ақпан, 2010 жыл.
Жұмабай Тамаевтың әйелі Зейнеп Тамаева, Орал, 26 ақпан, 2010 жыл.

Оралдық Жұмабай Тамаев дене жарақаттарымен айықтырғыштан ауруханаға жеткізілген. Содан кейін дәрігерлер оның миына операция жасаған. Полиция оның кереуеттен құлап жарақаттанғанын айтады. Ал аяқастынан мүгедек болып қалған жанның жұбайы күйеуін полицейлер аяусыздықпен ұрып-соққан деп отыр.

ДӘРІГЕРЛІК ТҰЖЫРЫМ

56 жастағы Жұмабай Тамаевтың ендігі халі не боларына туыстары қатты алаңдаушылық танытуда. Әзірге облыстық аурухананың дәрігерлері берген диагноз қобалжулы көңілдің күдігін одан бетер күшейтуде. Олар Жұмабайдың өмірбақи мүгедек болып қалатынын жасырмайды.

Жақында Жұмабай Тамаевтың миында ісік болғандықтан дәрігерлер операция жасаған еді. Операция жасалғалы бері ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның басындағы жарақат - ауыр соққылардың зардабы.

- Оған бас сүйектің трепанациясы жасалып, ісік алынып тасталды. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, бір қалыпты күйде, бірақ, әлі анық сөйлей алмайды. Бұл оның миының орталық бөлігінің зақымдануынан болған нәрсе. Мұндай ауыр жарақаттың зардабы әлі де байқалуы мүмкін, - дейді дәрігер-нейрохирург Алмас Жалғасбаев.

«ОНЫҢ ДЕНЕСІНІҢ САУ-ТАМТЫҒЫ ЖОҚ»

Жәбірленуші Жұмабай Тамаевтың зайыбы Зайнап Тамаева жұбайының 12 ақпан күні қаладағы кафелердің бірінде достарымен кездескенін айтады.

- Ол үйден шығарда осы отырыстан кейін әрі қарай Атырауға кетіп қалуы да мүмкін екендігін айтты. Сондықтан, ол үйге қонуға келмегеніне уайымдай қойған жоқпыз. Оны Атырауға аттанып кеткен шығар деп мән берген жоқпыз. Ал ертесіне Жұмабайдың аурухананың жансақтау бөліміне келіп түскенін естідік, бұл суық хабардан төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым, - дейді Зейнеп Тамаева.

Зейнеп Тамаеваның айтуынша, Жұмабай Тамаев ауруханаға айықтырғыштан әкелініпті. Дәрігерлік айықтырғыш мекеменің қызметкерлері Жұмабайдың кереуеттен аяқасты құлап, түрлі жарақаттар алғанын айтады. Бас сүйегінің ауыр зақымдалуы соққының кесірінен екен.

- Олардың бізді ақымақ деп санағанына түсінбедім? Кереуеттен оқыста құлап, бұлай ауыр жарақат алғанды бірінші рет көріп тұрмын. Мұндай жарақат алу үшін үлкен биіктіктен немесе кереуетке қайта-қайта шығып құлау керек шығар, ал есі дұрыс адамның олай істемесі анық,- дейді Зейнеп Тамаева.

Сол күні Жұмабай 30 мың теңге (шамамен 200 доллар) жалақысын алыпты. Бейсауат жүргіншілер, оны полиция машинасы келіп алып кеткенін де көрген. Меніңше, оны полицейлердің өздері ұрып-соғып, қалтасындағы ақшасын тартып алған. Бірақ, мұнша қатыгездікпен айуандық қорлық көрсетудің не керегі бар еді? Енді ол сөйлей де алмайды. Ол тіпті өзіне не болғанын да жеткізе алмайды, - деп күйінеді Зейнеп Тамаева.

Жұмабай Тамаевтың туыстары Орал қаласының прокуратурасына да шағымданды. Бүгінгі күні осы іске қатысты тергеу басталды.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Батыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз хатшысы Фатихолла Маштақов полиция қызметкерлерінің бұл іске қатысы барын теріске шығарып отыр.

- Бұл айыптаулардың еш негізі жоқ. Өйткені, бұл адам мас болып, көшеде жатты. Біздің қызметкерлер оны тауып алып, айықтырғышқа әкелген. Ол сол кезде кереуеттен құлап түскен деп айтып жатыр ғой. Қазіргі күні қызметтік тексерулер жүргізіліп жатыр, - дейді Фатихолла Маштақов.
XS
SM
MD
LG