Accessibility links

Оралдық балалар үйінің түлегі ұзақ күрестен кейін көптен күткен баспанаға қол жеткізді


Анатолий Романов өзіне бөлінген пәтердің балконында. Орал, 30 тамыз 2009 жыл.

Анатолий Романов өзіне бөлінген пәтердің балконында. Орал, 30 тамыз 2009 жыл.

Қыркүйектің аяғына дейін Анатолий Романовтың баспаналы болатынын уәде еткен оралдық билік өз сөзінде тұрып, бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Ал осыған дейін қозғалған қылмыстық іс тараптардың өзара мәмілеге келуі арқасында қысқартылды.

БАСПАНА ҮШІН ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ТАРТЫС...

Баспана үшін дауласқан Анатолий Романовтың әуресі шырғалаңға толы театр қойылымын еске салады. Бұл іс жылдан астам уақытқа созылды. Балалар үйінің бұрынғы түлегі Анатолий Романов өз құқығын қорғап қалу үшін ғана өз бетімен күресуге тырысқан еді. Алайда, оның бұл әрекеті қала басшылығының қарсылығына тап болды.

Әділдікке қол жеткізбек болған Анатолий Романов талай табалдырықты тоздырды, өзінің проблемасын айтып барған жігітті қабылдаған шенеуніктер оған көмек қолын созуға асықпады, осылайша, бұл іс баяғы жартас сол жартастың күйін кешіп қала барған еді.

Өстіп жүргенде Орал қаласының әкімдігіндегілер оған иесіз пәтерді тауып алып, тиісті құжаттарын рәсімдеп, мүлікті рәсімдеуге арыз беруі керектігін ұсынды.
Анатолий Романов наразылық акциясын ағашқа шығып өткізіп жатыр. Орал, 28 ақпан 2009 жыл.

Бірақ, бұл іс те кедергіге толы болды. Бұл ұсынысты құп алған Анатолий Романов құжаттарын уақытында рәсімдейді. Межелі мерзімді күтеді. Бірақ, мүлікті жария ету жөніндегі комиссия оған мына бір жағымсыз жаңалықты естіртеді: Анатолий Романов рәсімдеген пәтердің иесі табылып, жаңа қожайын оның коммерциялық банктердің бірінде 5 миллион теңгеге кепілге қойып та үлгеріпті.

Бұдан кейін Анатолий Романов осы істің заңдылығын тексеру үшін құқық қорғау органдарына да хабарар салды. Қаржы полициясы осы іске қатысты қылмыстық істі де қозғайды. Бірақ, бұл бастама да соңынан сиырқұйымшақтанып кетеді. Осыдан кейін жергілікті биліктің екіжүзділігінен көңілі қалған Анатолий өз құқын қорғауға белсене кіріседі.

2009 жылдың 26ақпанында Анатолий жаңа бір қарсылық акциясын өткізіп елді елең еткізді. Орал қаласы әкімдігінің қасында өсіп тұрған ағаштың басына шығып, «Тұрғын үйді жалдау шартын жасауды талап етемін», «Қылмыстық іс Президенттің және Бас прокурордың бақылауына алынсын» деген ірі жазулар көрнекті етіп жазылған плакаттарды ұстап отырады.

Осы акциядан кейін сау басына сақина тілеп алған Анатолий Романовты қуғындау басталады. Оны жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызады. Алайда, заңгерлер мен «Алға» партиясының ара түсуінің арқасында Анатолий Романов бұл қиянаттан аман құтылды.

КӨПТЕН КҮТТІРГЕН БАСПАНАҒА ДА КОЛ ЖЕТТІ

Араға уақыт салған қала басшылығы алған бетінен қайтпайтын балалар үйінің қырсық түлегіне баспана беруге келіседі. Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында Анатолий Романовқа оның болашақ пәтерін сырттай көрсетеді. Бірақ, әбден аузы күйіп, зәрезап болып қалған жетімек бұл жаңа үйдің өзінің меншігі болатынына сенгісі келмепті. Бұлай күдіктенуі де негізсіз емес-ті. Өйткені, оның аты-жөні тізімнің ең соңында 50-ші болып тұрған еді. Ал осы санаттағы жандарға небары 49 пәтер бөлінген болатын.

- Шынымды айтсам, ұзаққа созылған әурешіліктен кейін пәтерлі боларыма сенгем жоқ. Бірақ, арманымның іске асқанына өте қуаныштымын. Менімен бірге балалар үйінің 50 түлегі де қоныс тойын тойлайды. Мені осы уақыт бойына қолдап, түсіністік танытқандардың барлығына да алғысымды білдіремін", - дейді қуанышын баса алмаған Анатолий Романов.
Шынымды айтсам, ұзаққа созылған әурешіліктен кейін пәтерлі боларыма сенгем жоқ. Бірақ, арманымның іске асқанына өте қуаныштымын


«ОЛ ӨЗ МАҚСАТЫНА ЖЕТУ ЖОЛЫНДА ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ»

"Алға" партиясының белсенді мүшесі Мақсат Айсауытов Анатолий Романовқа қолдау көрсеткендердің бірі. Ол оның ерік-жігері мол, қайратты жан екендігін айтады.

- Осындай іске душар болған кез-келген жан өз талабының мақсатсыз екенін біліп, өзінің заңды құқығын қорғаудан өз еркімен саналы түрде бас тартар еді. Бірақ, Анатолий табандылық танытты. Рухы мен ерік-жігерінің беріктігін көрсетіп, өзінің ақтығын дәлелдеді. Ақыры, арман болған үйге де қол жетті. - дейді Мақсат Айсауытов.

ЕР ШЕКІСПЕЙ БЕКІСПЕЙДІ


Оралдағы "Шаңырақ" жатақханасының коменданты Тұрсын Шайхиеваның талап-арызының ізімен қозғалған қылмыстық іс тараптардың бейбіт бітімге келуінің арқасында қысқартылып, тоқтатылды. Анатолий бұл қылмыстық істің салдарынан армандап жүрген пәтерінен айырылып қалудан қорыққанын жасырмады. Бірақ, соттың өзі үшін сәтті аяқталғанына қатты қуанғанын айтады.

- Сот өзара бітімге келуді ұсынды. Бұған Шайхиева ханым келісімін берді, сосын мен де келістім. Бірақ, менің оны телефон құрылғысымен ұрғаным жоқ, мұның барлығы да бос сөз,- дейді А.Романов.

Тұрсын Шайхиева 2009 жылдың наурызында Анатолий Романовты өзін телефон аппаратымен ұрып жығып, дене жарақатын салғаны үшін айыптаған еді. Оның сөзінше, Анатолий Романов бұл құрылғымен оның басынан ұрып, зәбір көрсеткен. Бірақ, сотта Анатолий Романов өзінің кінәсін мойындаған жоқ.
XS
SM
MD
LG