Accessibility links

Әлемдік баспасөздің хабарлауынша, «Қазатомпром» компаниясының қызметінің кеңеюі Қазақстанның әл-ауқатын жақсартып, елдің халықаралық уран бизнесінде үлкен табысқа жетуіне жол ашпақ.

ҚЫТАЙЛАР ЕНДІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ УРАН САЛАСЫНА КЕЛДІ

Шетелдік баспасөз Алматыда сәуірдің 29-нда «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы мен қытайлық Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы (CGNPC) арасында Қытайда атом электр стансаларын салумен айналысатын біріккен кәсіпорын (БК) құру туралы меморандумға қол қойылғанына назар аударыпты.

Атап айтқанда, Аmericanchronicle сайтының хабарлауынша, меморандумға сай, БК-ың әрекет ету аясы атом электр стансаларын салуды, құрылыс менеджментін және АЭС-ың құрылыстарын қадағалауды қамтып отыр. Бұл құрылыс фирмасына инвестицияны CGNPC-ің еншілес бөлімі мен «Қазатомпром» бөлмекші.

Қазір Қытайды 16 атом реакторы салынып жатыр, ал 2030 ж. дейін ҚХР 100-ден аса жаңа АЭС тұрғызбақ. Көршілес елде соншама көп АЭС салудың себебі – атмосфераға көп мөлшерде ластайтын газдың бөлінуінен туған экологиялық проблемаларды шешудің қажеттігі боп отыр. Бір айта кетер жайт, бұдан бұрынырақ CGNPC әлемдегі АЭС салумен айналысатын ең ірі компанияға айналуды өзінің басты мақсаты етіп таңдап алғанын жария еткен болатын.

Дәл сол сәуірдің 29-ы күні, Алматыда қытай – қазақ «Семізбай-U» БК ашылу салтанаты болып өтті деп жазады Central asian news. Кәсіпорын уран кенін өндіріп, оны Қытайға экспорттаумен айналысатын болады. Жылына 750 тонна уран өндіру жоспарланып отырған «Еркөл» кеніші Қазақстан мен Қытай арасындағы ядролық энергетика саласындағы өндірістік пайдалануға берілген тұңғыш кеніш болмақ.

Кеніш жобадағы 750 тонна уран өндіру межесіне 2010 жылы қол жеткізеді деп межеленуде, ал биыл мұнда 500 тонна табиғи уран өндіріледі деп жоспарланған. Аталған кеніш 25 жыл бойы жұмыс істемек. ҚР мен ҚХР компаниялары арасындағы келісімшартқа сай, «Еркөл» кенішінде өндірілер кен Қытайдың атом энергетикасы саласындағы кәсіпорындарының қажетін өтеу үшін экспортқа жіберілетін болады. «Семізбай-U» компаниясының қарамағына жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт бойынша, өндірістік өңдеу үшін, 18 925 тонна уран өткізіліп берілді.

Аталған кеніште геологиялық барлау жұмыстары өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында басталса, толығырақ барлау жұмысы 80-ші жылдардың басында жүргізілген еді.

ВАЛЮТАЛЫҚ КІРІСТІҢ ЖАҢА КӨЗІ

"Қазақстан уран кенінің қоры бойынша әлемде бесінші орынды иемденіп отыр" деп атап жазады Reuters ақпарат агенттігі. Мемлекет халықаралық уран бизнесі нарығында өз тұғырларын белсенді түрде күшейтіп, уран экспорттау жөнінен ғаламшарда ең алдыңғы орынға шығуға тырысуда. Іс жүзінде, Қазақстан таяу уақытта ғаламшар бойынша уран экспорттаушы елдер арасында жетекші орынды олжалап та үлгеруі тиіс. Биыл «Қазатомпром» 11 935 тонна табиғи уран кенін қазып, әлемдік деңгейде бұл көрсеткіш жөнінен бірінші орынға көтерілетінін жазады «Қазатомпром» ұлттық компаниясының сайты.

Ұлттық атом компаниясы бұған дейін Қазақстанның атынан дамыған ядролық өнеркәсібі бар шетелдердің бірқатарының компанияларымен Қазақстан жерінде уран кенін өндіріп, оны халықаралық уран кені нарықтарына экспорттау жөніндегі келісімшарттарға қол қойған еді. Аталған мемлекеттердің қатарына Франция, Жапония, Ресей, Үндістан, Канада енген. Енді міне бұл тізім ұлттық компанияның тағы бір қалталы халықаралық клиенті – Қытаймен толықты.

ҒАЛАМДЫҚ УРАН ИМПЕРИЯСЫ

«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы өз бизнесін кен өндіру саласында ғана емес, атом электр стансаларын салу мен осы саладағы менеджмент сферасында да өрістетіп отыр. Әрі мұндай кәсіпкерлік халықаралық ауқымда қолға алынуда. Мақаланың басында айтылғандай, компания ҚХР-да АЭС салумен айналыспақшы.

"Әйткенмен, бүгінгі күннің өзінде, «Қазатомпром» АҚШ-тағы ядролық энергетика мен машина жасау саласының ең ірі корпорацияларының бірі – «Вестингауз электриктің» акционерлік капиталының үлесіне иелік етеді. «Вестингауз электриктің» 10 пайыздық акциялар пакетін 540 млн. долларға «Қазатомпром» 2007 ж. сатып алған болатын, бұл істе Жапонияның «Тошиба» компаниясы делдал болған еді,-" деп жазады «Тошиба» сайты. Сонымен қатар, World-nuclear-news сайтының деректеріне қарағанда, «Қазатомпром» «Тошибамен» күш біріктіре отырып, Қазақстанда ядролық энергия институтын құруда.

Осыған орай, мемлекет үшін үлкен кіріс әкелетін өнеркәсіп салаларын дамыту - экономиканы өркендету ісінде басымдық берілген бағыттар боп саналуы тиіс деген пікірлер айтылуда. Уран өнеркәсібі саласында елдің келер замандардағы молшылығын ұзақ мерзімді негізде қамтамасыз етуде Қазақстанның айтарлықтай әлеуеті бар тәрізді.
XS
SM
MD
LG