Accessibility links

Қазақстан билігі Иранға уран сатпағанын айтады


Үлбі заводындағы радиоактивті материал салынған бөшке. Өскемен.
Үлбі заводындағы радиоактивті материал салынған бөшке. Өскемен.

Сыртқы істер министрлігі өкілі Қазақстанның Иранға уран сатқаны туралы Уикиликс жариялаған ақпаратты жалған мәлімет дейді.


– Қазақстанның ядролық материалдарды таратпау саласында 2009 жылы 29 желтоқсан күні БАҚ-та жарияланған ақпарат мәлімдемелерді саналы түрде ақпараттық бұрмалау және алдын-ала жалған мәліметтерді тарату деп бағалаймыз, – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мамырдың 30-ы күні баспасөз мәслихатында.

УРАН МЕН ИРАН

2009 жылы Ассошэйтед пресс агенттігінде Қазақстанның Иранға 1350 тонна көлемінде тазартылған уран рудаларын сатпақ болғаны туралы ақпарат жарияланған еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оны бірден жоққа шығарды.

Уикиликсте жуықта жарияланған ақпараттарға сүйенсек, бұл мәлімет сол кезде Қазақстан мен АҚШ-ты қатар дүрліктіре жаздапты. Қазақстан ақпараттың жалған екенін дәлелдеу үшін мұқият түрде көптеген тексеріс
Ирандағы Бушер АЭС. 26 қазан 2010 жыл.

жасаған. Ондағы мәліметке қарағанда, Қазақстан жағы өзге үшінші елден күдіктенген.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі осы аптада бұл мәселені тағы бір мәрте көтеріп, елдің МАГАТЭ талаптарын ойдағыдай орындап жатқанын еске салды. Министрлік өкілі осыдан екі жыл бұрынғы ақпараттан кейін Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті жақтайтынын дәлелдегенін де айта кетті.

– Қазақстанның бұл салада өзінің міндетін атқарып келе жатқанына Ақтаудағы БН-350 реакторынан өңделген ядролық отынды тасымалдау операциясын сәтті аяқтап, оны бұрынғы Семейдегі ядролық сынақ полигонының территориясында көмуі айқын дәлел бола алады, – дейді Асқар Әбдірахманов.

УРАНҒА ҚАТЫСТЫ ҚАУЕСЕТ

2009 жылы осы қауесет шыққан кезде сарапшылар әртүрлі болжам айтқан еді. Олардың бірі «бұл Иранның ядролық бағдарламасына қарсы жасалған ақпараттық соғыстың көрінісі» десе, енді бірі «Батысты үркіту үшін мұндай ақпаратты Қазақстанның өзі де таратуы мүмкін» деген.

Саясаттанушы Николай Кузьминнің ойынша, Қазақстанда уран мәселесі алдағы уақытта да осылай сөз бола береді.

– Неге Қазақстанның Иранға уран сатуына қатысты сыбыс қайта-қайта шыға береді? Бұған қатысты әртүрлі жорамал бар. Бұл Қазақстанның беделіне нұқсан келтіру мақсатында әдейі жасалуы мүмкін. Себебі Қазақстан уранды белсенді түрде сатады. Оның уран нарығында бәсекелестері де көп, – дейді Николай Кузьмин.

Саясаттанушы Расул Жұмалы бұған қатысты екі түрлі жорамал айтады. Оның пікірінше, біріншіден, бұл Қазақстанның уран саласында қатаң бақылауы жетіспеуінен болуы мүмкін. Саясаттанушының ойынша, бұл
Саясаттанушы Расул Жұмалы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.

сонымен бірге Қазақстанның халықаралық ядролық отын банкін құру бастамасымен байланысты болуы да ықтимал.

– Ол «халықаралық» деп аталғанмен, бұл жерде ең басты түйткіл Иранның ядролық құжатнамасында болып отыр. Яғни ол Батыс Еуропада емес, Америкада емес, үшінші мемлекеттен ашылатын болса, бұл Иранның ядролық әлеуетін қазіргі жағдайдан сәл жылжытуға мүмкіндік беретін сияқты. Сәйкесінше, бұл мәселені АҚШ немесе Батыс елдері өз уысынан шығарып алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанға жасанды түрде осындай мүмкіндік бермеу үшін жасалып отырған шығар, – дейді Расул Жұмалы.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан мен Иран арасында жоғары деңгейде құпия келісім болуы мүмкін емес деп есептейді.

– Уран мәселесі дүние жүзінде қатты қадағаланады. Қазақстанда тіпті бұрынғы полигон қалдықтарының өзі қатты қадағаланады. Сондықтан оны ұрлау өте қиын. Бірақ кейбір қылмыстық топтар, шетелдік кәсіпкерлер ондайға баруы мүмкін, – дейді Әзімбай Ғали.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG