Accessibility links

Ресей Қазақстанның уран өндірісіне ендей кірді


Хорасан-1 кенішіндегі уран оксиді тиелген контейнер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 24 сәуір 2009 жыл. Көрнекі сурет

Хорасан-1 кенішіндегі уран оксиді тиелген контейнер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 24 сәуір 2009 жыл. Көрнекі сурет

«Росатомпром» Қазақстандағы уран кеніштерін игеріп жатқан канадалық компанияның үлесін түгел иеленуге жақын. Ресей әлемдегі ең ірі уран өндірісінде бәсекелесі жоқ басты ойыншыға айналды.

Қамауға алынардан төрт ай бұрын, 2008 жылдың қаңтарында Мұхтар Жәкішев өзі басқаратын «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен Канада мен Австралияны артта қалдырып, әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген еді. Алайда 2011 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің «уран қоры мен өндірісі жөнінен «Росатомпром» әлемде алғашқы орынға шықты» деген сөзі жағдайдың біршама өзгергенін көрсетті.

«ҚҰДАЛЫҚ»

Биылғы қаңтардың 14-і күні канадалық Uranium One («Ураниум уан») компаниясы өзінің барлық акциясын (оның ішінде Қазақстандағы кеніш орындарындағы үлесі де бар – ред.) ресейлік «Росатомпром» корпорациясының еншілес құрылымы – АРМЗ компаниясына 1,3 миллиард АҚШ долларына сатып жатқанын және бұл мәміленің биыл жазда аяқталатынын хабарлады. АРМЗ мен оған тиесілі Effective Energy компаниясы Uranium One-ның 51,4% акциясына, яғни бақылау пакетіне 2009 жылдың күзінде ие болған еді.

Uranium1.com сайтындағы мәліметке қарағанда бұл компания Қазақстанда Оңтүстік Іңкәй және Ақдала кеніштерін игеруші «Бетпақдала» ЖШС-ның 70%, Қаратау кенішін игеруші «Қаратау» ЖШС-нің 50%, Хорасан кенішін игеруші «Қызылқұм» ЖШС-інің 30% акциясына иелік етеді. 2010 жылы желтоқсан айында Ақбастау кенішін игеруші «Ақбастау» СП» 50% үлесі мен Заречное және Южное Заречное кенішін игеруші «Заречное» АҚ-ның 49,67% үлесін сатып алған.

Уран өндіруден әлемде екінші орын алатын канадалық компанияның Қазақстандағы үлестерін «Росатомпромның» жұтып қоюын бірқатар шетелдік және қазақстандық басылымдар «Қазақстан ураны Ресей бақылауына толық өтті» деп сипаттады. Бұл басылымдар АРМЗ компаниясының бас директоры Вадим Живовтың «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының жетекшісі Владимир Школьникпен туыстық қатынасы барын, яғни «құда» екеніне тағы бір назар аударды. Бұл мәлімет қазақстандық biografia.kz сайтындағы Школьниктің өмірбаянымен де сәйкес келеді. Сайт Школьниктің ұлы Игорьдің Живовтың қызына үйленгенін жазады.
Мұхтар Жәкішев уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомөнеркәсіппен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болған.

БҰҰ-ның Женевадағы ядролық қарусыздануды зерттеу институтының жаппай қырып-жою қару-жарағын таратпау бағдарламасының жетекшісі Павел Подвиг Ресейдің уран өндіру саласында белсенді әрекетке көшкенін айтады.
Азаттық тілшісіне телефон арқылы комментарий берген Павел Подвиг:

- Өзін уранмен қамтамасыз етуге және уран кенішіне қол жеткізуге қатысты бірқатар елдер мен компаниялар белсенділік танытып келеді. Ресей, әлбетте, бұл істе өте белсенді... Uranium One туралы жаңалықты естідім. Бұл Ресейдің табиғи уран көзіне қол жеткізу стратегиясына сәйкес келетін әрекет, - деді.
Жаңақорғандағы "Қазатомөнеркәсібінің" күкірт қышқылы зауытында ашық жатқан жентек күкірт. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.

Жаңақорғандағы "Қазатомөнеркәсібінің" күкірт қышқылы зауытында ашық жатқан жентек күкірт. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.


Павел Подвиг Қазақстанның уран өндірісін кеңейтуге көп инвестиция салғанын және Ресей арқылы уран байыту ісіне де көп мән беретінін айтады.

- Қазақстанның бұл стратегиясы – қисынды. Өйткені бұл ел табиғи уранның негізгі экспортері болғысы келеді. Ол мақсатқа жету үшін Қазақстанға уранды байыту орындары қажет. Өзінде уран байыту орындарын салуға рұқсат алу өте қиын. Сол себепті уранын Ресейде байыту – байсалды саяси және бизнес стратегия, - деді Подвиг.

Ал қазақстандық бірқатар БАҚ АРМЗ-ге сатылған Uranium One туралы мәлімет жарияланған кезде «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі, 14 жылға сотталып, қамауда отырған Мұхтар Жәкішевтің «ескертуін» де еске алды. Мұндай пікірлерге қарағанда Мұхтар Жәкішев уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомөнеркәсіппен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болған.

Сотталар алдында белгісіз жолдармен жария болып кеткен Мұхтар Жәкішевтің ҰҚК абақтысында берген жауабында осыған ұқсас жайттар айтылған еді.



«ҚАУІП ТЕ, АҚПАРАТ ТА ЖОҚ»

Азаттық радиосы осыған орай «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының президенті Владимир Школьникке арнайы хат жолдап, жоғарыда аталған келісім Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қаншалықты әсер ететіні және аталған компания жетекшілерінің өзара туыстығы жөнінде сұраған еді.

Компания қайтарған жауапта Uranium One компаниясының бақылау пакетін осыған дейін АРМЗ иеленген кезде де Қазақстанның энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігіне ешбір нұқсан келмегені және мұнан кейін де нұқсан келмейтіні айтылған. Сонымен қатар хатта Владимир Школьниктің «компания сайтындағы өмірбаянынан басқа жеке өмірі туралы мәліметтері жоқ екені» жазылған.

Аталған мәміленің «Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне әсері» жөнінде пікір айтудан Қазақстан білім және ғылым министрлігіне қарасты экономика институты «бұл мәселелемен шұғылданатын маман жоқтығы себепті» бас тартты. Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты да «өз қызметкерлерінің тек ашық ақпаратпен жұмыс істейтінін» хабарлады.
Уран нарығындағы бәсекенің соншалықты күшті болмауы мен ядролық отын нарығының тарлығы Қазақстанды Ресейге кіріптар ете түспек.

2007 жылдан уран өндірісі бойынша Ресеймен бірлескен жобаларды қаржыландырып, арнайы зерттеу жасайтын «Еуразия» даму банкінің сараптама орталығы да «ақпарат жоқтығын» алға тартты. Осы орталық қызметкері, Қазақстан мен Ресей арасындағы атом-энергетикалық әріптестігін зерттеуші, профессор Евгений Винокуров Азаттық тілшісіне банктің келісімінсіз пікір айта алмайтынын жеткізді.

БҰҰ-ның ядролық қарусыздануды зерттеу институтының маманы Павел Подвиг «Росатомпромның» Uranium One-ды иеленуі Қазақстанның позициясын өзгерте қоймайтынын айтады. Оның пікірінше, уран саласында Астана онсыз да Мәскеумен тығыз қарым-қатынаста. Уран нарығындағы бәсекенің соншалықты күшті болмауы мен ядролық отын нарығының тарлығы Қазақстанды Ресейге кіріптар ете түспек.

- Ресей ядролық реакторлар салу арқылы байытылған уран нарығын жасап отыр. Қазақстан болса табиғи уранын өткізетін көз тауып отыр, - дейді ол.

«РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА КАНАДА АРҚЫЛЫ КІРДІ»

Евгений Винокуровтың 2007 жылғы еңбегінде «Қазақстан ураны Франция, Канада, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Ресей арасындағы бітіспес бәсеке нысанына» айналғанын, бірақ Қазақстан тек соның біреуіне ғана тәуелді болмайтын саясат ұстанып отырғанын» жазған еді.

Бұл зерттеуде «атом саласындағы көптеген қазақстандық ғалымдар мен лауазымды қызметкерлер Ресейде білім алғаны және олардың Ресейдегі әріптестерімен тығыз байланысты екені ескеріле отырып, олардың Ресеймен серіктестікке іш тартуы мүмкін» деген тұжырым жасалған болатын.

Евгений Винокуровтың мәліметіне қарағанда «әлемдегі ірі уран өндіруші ел Канаданың бірнеше компаниясы 1990 жылдардың ортасына қарай біртіндеп Қазақстанның ірі кен орындарынан үлес алған. Бірақ бұл компанияларды 2007 жылдан бастап тағы бір канадалық компания Uranium One «жұта бастаған».
"Қазатомөнеркәсібінің" басшысы Владимир Школьник Қазақстанның индустрия және сауда министрі кезінде. Брюссель, 16 қыркүйек 2008 жыл

"Қазатомөнеркәсібінің" басшысы Владимир Школьник Қазақстанның индустрия және сауда министрі кезінде. Брюссель, 16 қыркүйек 2008 жыл


Қазақстандық БАҚ-тың жазуынша, көп ұзамай, яғни 2009 жылдың күзінде Uranium One компаниясының өзі де 16,6 % акциясын «Росатомпромның» еншілес құрылымы АРМЗ компаниясына сатқан. Одан небәрі алты ай бұрын «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясының жетекшісі Мұхтар Жәкішев қамауға алынады. Сол кезде жиі талқыланған болжамдарға сәйкес оның орнына АРМЗ компаниясының жетекшісі Вадим Живковтың «құдасы» Владимир Школьниктің тағайындалуы бұл процесті тездеткен.

Ал небәрі бір жыл өте «Росатомпром» Uranium One компаниясындағы үлесін 51,4 пайызға жеткізіп, бақылау пакетін иеленді. Бұл оқиға Ресейде үлкен жетістік ретінде аталды. Ресей басылымдарының мұны «Ресей Қазақстанға Канада арқылы кірді» деп бағалауы Қазақстанның уран рыногына енудің оңай болмағанын аңғартқандай еді.

Бақылау пакетін иелену үшін Uranium One игеретін кеніштерде активі бар мемлекеттердің де келісімі керек. 2010 жылы жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстанмен келіссөз жүргізу кезінде Ресей Новоуральск қаласындағы уран байытатын аса құпия «Уральск» электр-химиялық комбинатының 30 пайыз акциясын беретін болған.

Ресей және Канада компаниялары арасындағы мәмілеге Қазақстан келісім бергенімен АҚШ-тың төрт республикашыл Конгресс мүшесінің қарсы шығуы бұл процесті едәуір кідірткен еді. Өйткені Uranium One АҚШ-та да уран өндірумен айналысады. Конгресс мүшелері «бұл мәміледен соң Ресей Uranium One арқылы АҚШ-тағы уран қорының 20 пайызына иелік етіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді, әрі Иранға уран сатуы мүмкін» деп қауіп білдірген. Бұл «кедергіден» өту үшін Uranium One америкалық уранды экспорттайтын лицензиясы жоқ екенін уәж ретінде келтірген.

«ШЫҒЫНЫ АЗ, ПАЙДАСЫ КӨП»

Мұхтар Жәкішев 2008 жылы «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының 2010 жылы уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген еді.
Бұл мәлімдеменің негізсіз еместігін ресейлік зерттеуші Максим Старчактың «Вопросы снабжения ураном в отношениях России со странами СНГ» деген зерттеу мақаласынан аңғаруға болады. 2011 жылы жарияланған бұл мақала ресейлік «Международные процессы» журналының арнайы сыйлығына ие болған.

Максим Старчак жасаған кестеде 2002 жылы Ресей 2900 тонна, Қазақстан 2800 тонна, ал 2010 жылы Ресей 3564 тонна, Қазақстан 13820 тонна уран өндіргені көрсетілген (кесте төменде көрсетілді – авт.). Бұл зерттеушінің есебінше, Ресей уранына қарағанда азырақ шығын жұмсалып, көбірек пайда әкелетін Қазақстанның уран кеніштерінен 2018 жылға қарай 27-30 мың тоннаға жуық уран өндірілуі тиіс.
Ресей президенті Владимир Путин Саровтағы федералдық ядролық орталықта сөйлеп отыр. 24 ақпан 2012 жыл

Ресей президенті Владимир Путин Саровтағы федералдық ядролық орталықта сөйлеп отыр. 24 ақпан 2012 жыл


Бірақ «Росатомпром» АРМЗ арқылы Uranium One-ның бақылау пакетін (51,4 %) сатып алған соң бәсекелес көрсеткіштер күрт өзгеріске ұшыраған сияқты. 2011 жылдың соңында Ресей президенті Владимир Путиннің «уран қоры мен өндірісі жөнінен «Росатомпром» әлемде алғашқы орынға шығып, уранды күректеп өндіріп жатқанын» мәлімдеуі соның белгісі еді. «Росатомпромның» соңғы жылдары АРМЗ арқылы уранды «күректеп өндіріп» жатқаны да рас.

Бұл тұрғыдан келгенде биылғы мәміле, яғни негізгі кеніштері Қазақстанда орналасқан Uranium One-ның активін түгел сатып алуы - уран өндірісін Ресейдің толығымен бақылауға алғанын растай түседі.

Қазақстанның уран өндірісінде Ресейден гөрі тиімдірек әріптес табуы мүмкін бе еді?

Павел Подвиг «Қазатомпромның» Мұхтар Жәкішевтің кезінде бірнеше елмен келіссөз жүргізуін қисынды стратегия деп санайды. Бірақ Ресейдің саяси ықпал ету тетіктері бар екенін еске салады.

- Ресей (Қазақстанға – ред.) ықпал ету тетіктерін қолданудан ешқашан тартынған емес. Бұл тетікті қаншалықты дәрежеде қолданып отырғанын білмеймін. Бірақ, Қазақстан үшін, мысалы, Жапониямен (уран өндірісі саласында – ред.) байланыс орнату – бір басқа да, осы байланысқа бола Ресеймен арасын бұзып алу – бір басқа мәселе. Соңғысы Қазақстан үшін өте қиын шешім болар еді, - дейді Павел Подвиг.

«Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясы биыл қаңтарда таратқан ақпаратқа қарағанда Қазақстан уран өндірісін 2012 жылы 20,9 мың тоннаға жеткізген. Бұл 2012 жылы әлемде өндірілген уранның 37 пайызы. 2012 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инновация саласындағы үздік отандық кәсіпорын ретінде «Қазатомөнеркәсіпті» атап, компания басқармасының төрағасы Владимир Школьникке арнайы сыйлық тапсырған болатын.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG