Accessibility links

Базардағы саудагерлердің машақаты


Кедендегі тексеруден соң автобус күтіп тұрған саудагерлер. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл.
businessman
Кедендегі тексеруден соң автобус күтіп тұрған саудагерлер. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл. businessman

Социологтар «алыпсатарлық бизнесті бір жүйеге түсіру» деп атайтын құбылыстың қатал сұрыптауынан өту саудагерлерге оңайға түспейді.

Экономиканың ауысуы мен үкіметтің құбылмалы саясатына тез бейімделгендер базар бизнесін дөңгелетіп әкетіп, сауда орындары мен қойманың қожайыны дәрежесіне дейін жетті. Жолы болғандары супермаркет немесе өндіріс орындарын ашып, бизнестің келесі даму сатысына аяқ басты. Алайда көпшілігі бұл бизнестің төменгі сатысында қалып қойды.

(Соңы. Мақаланың басы МЫНА жерде)

ЕКІ КЕДЕННЕН ӨТУ

Алматының жайма базарында киім сатуды кәсіп еткеніне 20 жылдың жүзі болған Валентина «Соңғы жылдары базардағы бәсекелестік қиындап кетті. Клиенттеріміз ірі сауда орындарына кетіп жатыр, сатып алушы да кірпияз болып алды» деп шағымданады.

Үрімжі-Алматы автобусын Қытай тауарына толтырып қайтып келе жатқан коммерсант әйелдер сапарлас болған Азаттық тілшісіне өздерінің қарапайым бизнесі туралы айтты.

– Сатуға әкелген киімнің үлгісі немесе түсі жұрттың көңілінен шықпаса, тауарың өтпей жатып қалады да, шығынға батасың. Біздің кәсіппен айналысқан адамның ішкі түйсігі болуы керек, - дейді Валентина.

«Пайда көру үшін саудагер тауардың үстінен қанша қосады?» деген Азаттық тілшісінің сауалына ол:

– Алматы барахолкасындағы саудагерлер 30-дан 60 пайызға дейін үстеме қосады. Бірақ тауардың бастапқы құнына емес, шекарадан өткен тауардың бағасына қосатыны осындай, - деп жауап берді.

Коммерсанттар шекарадан өтердегі қосымша шығындар туралы ашылып айтқылары келмейді. Ал таңертең автобус Қытай-Қазақстан шекарасына жақындағанда, тауар әкеле жатқан саудагерлердің әрқайсысы қалтасынан 100 юань (2400 теңгеге жуық) шығарып, ортаға тастады.
Қорғас кеденінің қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл.
Қорғас кеденінің қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл.

Өзін «Зухра» деп таныстырған жас келіншек алым-салықты жинауды өз міндетіне алды. Ол жиналған ақшаның Қытай шекарасындағы шенеуніктердің қолына тиетін пара екенін сыбырлап қана айтты. Жүк тиелген автобус шекарадан қиындықсыз өтіп кетуі үшін автобус жүргізушісі «өз адамы» арқылы мына жиналған ақшаны әлдебір инспекторларға береді екен.

Қытай шенділеріне деп жиналған пара тиісті адамына жетті ме, жоқ па, белгісіз, әйтеуір коммерсанттар Қытай кеденінен жүктерін автобустан түсірмей, оңай өтті.

Ал Қазақстан шекарасына жақындай бере коммерсанттар абыржып, әбігерге түсті. Сөйтсек, осы бағытта келе жатқан тағы бір автобустың жолаушыларының бірінен «Кеденге комиссия келіпті де, ондағы «арбакештерді» қуып тастапты, бүгін кеденнен «официалка» бойынша өткізеді екен» деген сыбыс тарапты. Салмағы 200 килограммнан асатын тауар әкеле жатқан жаңаөзендік саудагер Мәриям «Енді бұларды шекарадан қалай арқалап өткіземін?» деп әбден састы.

«ӘЙЕЛ БОЛУҒА УАҚЫТЫМЫЗ ЖОҚ»

Коммерсанттардың қуанышына қарай, «кеденге комиссия келіпті» деген сыбыс расталмады. Қазақстан шекарасында қоларбаларын сүйретіп, күтіп тұрған ер адамдарды көріп коммерсант әйелдер бір жеңілдеп қалды. "Енді тауарыңды солардың көмегімен тезірек өткізуге болады" десті олар.

Жүрегі орнына түскен Мәриям бір сағатқа да жетпейтін уақытта шекара бақылауынан өткен автобустар тоқтайтын алаңдағы сөмке-қаптарының жанында тұрды. Коммерсанттардың көңіл-күйлері көтеріңкі, олар «Сәті түсіп, бүгін растаможка 600 теңгеден шықты» деп бір-бірімен сыбырласып қояды.

– Бір килограмм тауарды кеденнен өткізудің ресми бағасы 800 теңге немесе төрт евро. Бүгін 600 теңгеден өткіздік, - дейді Мәриям.
Қорғас кеден бекетінен өткелі тұрған адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.
Қорғас кеден бекетінен өткелі тұрған адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.

Қазақстанның құзырлы органдарының Қазақстан-Қытай шекарасындағы «жеті басты жемқор айдаһарды жойдық» деп 2011 жылы жар салғаны есіне түскен Азаттық тілшісі «Кеденшілерге пара бердіңіздер ме?» деп сұрады.

– Жоқ, әрине. Ақшаны ортада жүретін делдалдарға бердік. Жай киім кигендер солар. Автобустан түссең болды «көмектесем» деп тұра жүгіретін арбакештермен олардың ым-жымдары бір. Тауарыңды еш қиындықсыз өткізуге кепілдік береді, - дейді Мәриям.

Мәриям осындай жемқорлық амалмен болса да аздап үнем жасағанына қуанышты екенін жасырмайды. Шығын аз болса, табыс көп болатыны – базар заңы. Мұнайға бай Жаңаөзен халқының тұрмысы жұпыны, тауар тым қымбат болса, ешкім сатып алмайды.

– Тамақ қымбат болғандықтан, Жаңаөзен тұрғындары көп киім сатып ала бермейді. Бізде бір кило еттің бағасы бір жарым мың теңге, картоп – екі жүз теңге тұрады. Жұрт жалақы алатын әр айдың 5-і мен 10-ы аралығында ғана саудам жүріп қалады. Ал базардағы орынды жалдау ақысы мен салығын күнделікті төлеуің керек. Сондықтан мені ешкім сөкпесін, - дейді Мәриям.

Жас келіншек жұмыссыз күйеуін, кішкентай екі баласын, қайын әпкесі және ата-енесін, барлығы алты адамды асырап отыр. Базардан тапқан-таянғаны тамақ пен үйге қажет заттарға жұмсалады.

– Тауарға үш айда бір рет шығамын. Қытайға кеткенде үйдегілер мені бір аптадан артық уақыт көрмейді. Жолда бірнеше күн жүреміз ғой. Түркияға ұшсам, үш-төрт күнде қайтып келемін. Үйге оралған күннің ертеңінде базарға кетем, кешкісін сүлдерім құрып әрең келемін. Кейде балаларыңның жанында болып, оларды тәрбиелеп, үйде отырғың-ақ келеді, бірақ кәдімгі әйел болуға мүмкіндік жоқ, - деп қамығады Мәриям.

КОНТЕЙНЕРДЕГІ ӨМІР

Мәриям «базарды тастап, өзіңе лайықты басқа бір кәсіп көзін табу оңай емес» дейді. 2011 жылдың желтоқсанындағы қанды оқиғалардан кейін Жаңаөзендегі тіршілік біртіндеп қалпына келе бастағанымен, жұмыссыз жүргендер көп.

– Басқа салада жұмыс істеп көрмеген, не тәжиірибесі, не жоғары білімі жоқ мені ешкім жұмысқа алмайды. Кімге керекпін? – дейді Мәриям.

Осы тұста біздің әңгімемізге коммерсанттардан таңертең ақша жинаған Зухра араласты.

– Мына жұмысымды қуана-қуана ауыстырар едім. Апталап жолда жүру оңай емес. Бірақ қайда барамын? Мектеп бітірісімен саудаға кеттім. Шешем жеті баланы асырай алмағандықтан, базарға шықтым. Әкем жүрек талмасынан ерте қайтыс болған. Үйдің үлкені болғандықтан, жұмыс істеуге тура келді, - дейді Зухра.

Зухра - 38 жаста. Алматы барахолкасындағы бір контейнерде жұмыссыз күйеуі, екі баласымен аяқ киім сатады. Оның үстіне қарызы да көп.

– Базарды жөндейміз деп, осыдан төрт жыл бұрын саудагерлердің әрқайсысынан 20 мың доллардан жинап алған. «Қымбат қой» деп қарсы болып едім, «ұнамаса, темір-терсегіңді ал да, көзіңді жоғалт!» деді. Әлгі контейнерді кезінде сатып алғанмын. Бірақ темір контейнердің төрт қабырғасы мен төбесі ғана менікі, астындағы жер менікі емес. Қайда барам? Амал жоқ, үйімді кепілге қойып, 21 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға тура келді, - дейді Зухра.
Саудагерлер базарларын жаппауды талап етіп тұр. Алматы, 26 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Саудагерлер базарларын жаппауды талап етіп тұр. Алматы, 26 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Зухраның айтуынша, бұл несиені жабу үшін ол ай сайын банкке 50 мың теңге (330 долларға жуық) төлейді. Банк қайта қаржыландыруға берген өтінішін қабылдамаған. Оған қоса шағын несиелендіру ұйымдары мен жеке адамдардан алған басқа қарыздары да бар. Әйелдің айтуынша, саудагерлердің көбінің мойнында қарызы бар. Қарызынан құтыла алмаған бір танысы өзіне қол салыпты. Ал ипотекаға алған пәтерін банк сот шешімімен тартып алып, әйелі мен баласы далада қаңғырып қалыпты.

– Жағдай барған сайын қиындап барады. Контейнер үшін айына 43 мың теңге төлеймін. Бізді жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтуге міндеттеген. Жеке кәсіпкер деген құжаты бар коммерсанттардан заң бойынша күнделікті салық алмаулары тиіс. Бірақ салық сол күйі қалды, күнде жинап алады. Бұл заңсыздыққа шағым айтудың пайдасыжоқ. Бәрінің қолдау-тіреуі бар, қарапайым адам базардың қожайыны бола ма? – дейді Зухра.

Зухраның айтуынша, контейнерінде екі шам ғана болса да, ол электр қуаты үшін сегіз мың теңге (50 долларға жуық) төлейді. Егер саудагерлер контейнерге кондиционер орнатса немесе күн суықта радиатор әкеліп жылытса, жарықтың бағасы 15 мың теңгеге дейін өседі екен.

Оның айтуынша, егер ұсақ-түйек бірдеңе бұзылып қалып, жөндету керек болса, базардың электригін шақыруға міндетті. Ал ол істеген жұмысы үшін шеттен шақырған электриктен екі есе қымбат алады. Кассалық аппараттарды да тек базар әкімшілігінен сатып алуға мәжбүрлейді.

Азаттық тілшісінің «Басқа базарға ауыспайсыз ба?» деген сұрағына Зухра «Базар ауыстырғанның мәні жоқ, базардың бәрі бірдей» деп жауап берді. Үйреніп қалған сауда нүктесін тастап, белгісіз жаққа кетуден ұтылмасаң, ұтпайсың дейді ол.

Коммерсант әйелдерге ескерткіш орнату бастамасы туралы әңгімені әйелдер жымия тыңдады. Бірер секунд ойланып қалған олар «бізге ескерткіш емес, нақты қолдау қажет» десті.

– Одан да әйелдерге қажет бір нәрсе істесін. Базар қожайындарын орынды жалдау ақысын азайтуға мәжбүрлесін, кедендік тарифтерді қайта қарасын немесе, тым болмаса коммуналдық төлемдердің бағасын өсірмесін, - деп әйелдер бір ауыздан шу ете түсті.

Автобус іші үнсіз. Шекарадан өтерде әбігерге түсіп, шаршаған әйелдер біраз тынығып алмақ болды. Түн ортасына қарай біздің автобус Алматыға кірді. Мегаполис жол бойындағы жайма базарлар легімен басталды.
XS
SM
MD
LG