Accessibility links

Назарбаевтың төңірегінде туған жанжал тағы бір «Қазақгейтке» түрткі болуы мүмкін


Вашингтондағы конгресс ғимаратына ілінген АҚШ мемлекеттік туы.
Вашингтондағы конгресс ғимаратына ілінген АҚШ мемлекеттік туы.

АҚШ-тың POGO атты үкіметтік емес ұйымы АҚШ бас прокуратурасын Конгрестің бірқатар мүшелерінің қызметін тексеруді сұрады. Оған Рахат Әлиевтің ісі мен лоббист Александр Миртчевке қарсы берілген талап-арыз түрткі болған.


ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВТЫҢ ХАТЫ

7 маусымда «Нью-Йорк таймс» газетінде Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовтың хаты жарық көрді. Елші хатында Капитолийде Астананың жағымды бет-бейнесін қалыптастыру үшін америкалық лоббистік компанияны пайдаланудың дұрыстығын жазады.

Осы газетте мамырдың 29-ы күні жарияланған «Қазақстан президентінің отбасындағы жаулық Құрама Штаттарға да жетіп отыр» атты мақалаға жауап берген Ерлан Ыдырысов кейбір сыншылардың Қазақстанды әлі де
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов. Елшіліктің ресми сайтындағы сурет.

диктатура деп атайтынына қынжылыпты. Ерлан Ыдырысов сын айтатындардың қатарында бір кездері Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын адамдардың болғанын да жазыпты, бірақ атын атап көрсетпеген.

«Сәйкесінше, Қазақстанның өзі де жағдайды түсіндіру үшін АҚШ-тан кеңесшілер жалдады. Бұл - құптарлық іс» деп жазады Ерлан Ыдырысов.

Елші президенттің қандай ұнамсыз адамдары мен кеңесшілері жайында айтқысы келді? Бұның жауабы жақын арада нақтылануы мүмкін. Егер АҚШ-та америкалық лоббист Александр Миртчевке қарсы сот процесі басталса және Құрама Штаттар билігі конгресттің бірқатар мүшелеріне қатысты тергеу амалдарын бастайтын болса, аталған сұрақтың жауабын табу бірнеше айға созылмақ.

Интернет бетінде маусымның 2-сі күні АҚШ билігіне үндеу жарияланды. Онда маңызды құжаттар жиынтығы да қоса тіркеліпті. Бірақ біз POGO ұйымының сайтында жарияланған хатқа ғана назар аударуды жөн көрдік. 1981 жылдан бері жемқорлыққа қатысты қылмыстарды әшкерелеумен айналысатын «Үкімет қызметіне бақылау жасау жобасы» (POGO) атты үкіметтік емес ұйымы АҚШ-тың бас прокуроры Эрик Холдерге шағым түсірген. Бұл ұйым Конгреске ықпал ету үшін шетелдік қорларды пайдалану мүмкін деген жорамалға ерекше назар аударып отыр.

ЕКІ МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫҢ СҰРАУЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы кезекті жанжал алаңы ағайынды Девинчи мен Иссам Хорани шағым түсірген Вашингтондағы Колумбия округының соты болмақ. Шағым түсірушілер вашингтондық кеңесшілер тобын өздерінің Қазақстандағы бизнесін тартып алуға қатысты және халықаралық деңгейде беделіне нұқсан келтірді деп айыптап отыр. Ағайынды Хоранилер кемінде екі миллиард доллар көлемінде өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Іс қазір сотқа дейінгі сатыда қаралып жатыр.

АҚШ прокуроры POGO ұйымына жазған хатында америкалық лоббист Александр Миртчевке қарсы шағым Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында созылып келе жатқан өзара тартыс кезінде
Александр Миртчев – америкалық лоббист, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің мүшесі. Қор сайтындағы сурет.

түскенін хабарлаған. Шағым берушінің бірі Рахат Әлиевтің күйеу баласы болып табылады.

Александр Миртчев – америкалық лоббист, кеңесші. POGO ұйымының үндеуінде Александр Миртчев пен оның «Крал Корпорейшн», «Глобал Опшнс Секюрити Инк.» және онымен байланысты «Глобал Опшнс Менеджмент Инк.» фирмаларының постсоветтік елдердің олигархтары мен диктаторларына, оның ішінде «Қазақстандағы біріншінің отбасына» күмәнді қызметтер көрсеткен деген күдікпен тергеу нысанына алынып отырғаны айтылады. Ал Азаттық радиосына Александр Миртчевтің өзінен қандай да бір түсінік алудың мүмкіндігі болмады.

Рахат Әлиев 2007 жылдың қаңтарында «Нұрбанктегі» қайғылы оқиғалардан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың оппоненті атанды. Кейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен оның сол кездегі серігі Әлнұр Мұсаевты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, оның ішінде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны және «Нұрбанктің» екі топ-менеджерлерін ұрлап әкеткендері үшін сырттарынан соттады. Рахат Әлиев қазір қуғында жүр, ал Қазақстан билігі оны экстрадициялауға әрекеттеніп жатыр.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДОСТАРЫ»

Ағайынды Хоранилер сондай-ақ Конгресстің «Қазақстанның достары» деп аталатын тобы мүшелерінің тізімін және олардың пиар қызметін көрсететін фирмалардың кеңесшілерімен жазысқан хаттарын да сұратуды талап етіп отыр. Шағым берушілер осы арқылы Қазақстан үкіметінің АҚШ Конгресінің кейбір мүшелері мен кеңесшілері арасындағы қаржылық байланыстарының мәнін ашуға болады дейді.

POGO ұйымының ақпараты бойынша, тартысушы екі жақ та конгресстің кейбір мүшелері мен лоббистердің ықпалын пайдаланады. «Бүгіндері ондай ресми тізім жарияланған жоқ» деп жазады POGO ұйымы. Дегенмен, кейбір конгресс мүшелерінің аты-жөндері Астананың жағымды бейнесінің қалыптасуымен байланысты қазірдің өзінде көрініп қалып жүр.

«Шет ел агенттерін тіркеу туралы заңның орындалуымен сәйкес өткізілген құжаттар мен есеп-қисаптар Қазақстан билігінің өз мүддесін қорғауға Конгресс мүшелерінен тұратын жеке дара екі топ құру үшін лоббистік фирманы пайдаланғанын көрсетеді. Олардың арасында «Орталық Азия» және Қазақстанның достары» деп аталатын топтар бар» делінген POGO ұйымының АҚШ бас прокурорына жазған арызында.

Үкіметтік емес ұйым «Полис Импакт Коммуникейшнс» деген фирма Қазақстанмен жасасқан келісім-шартына сәйкес «Орталық Азия» тобын құрып, оның ары қарай іске қосып берді. «Орталық Азия» тобы конгресс мүшелерінен тұратын «Қазақстанның достары» тобының салмағын арттыруға құрылған» деп ұйғарады.

БҰЛ ДА «АМЕРИКАНЫҢ ІШКІ ШАРУАСЫ» МА?

Рахат Әлиев пен Қазақстан билігінің арасындағы ұзаққа созылған тартыс АҚШ Конгресінің мүшелеріне ықпал ету үшін шетелдік қаржының заңсыз пайдаланылуы мүмкін деген ойдың шетін шығарады дейді «Үкімет қызметіне бақылау жасау жобасы» үкіметтік емес ұйымы. Ұйым өкілдері сотқа берілген материалдардың тәуелсіз тергеу жүргізуді қажет ететінін жазады. Дегенмен олар АҚШ конгрессмендеріне қатысты материалдардың ескерілмей қалуы да мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Сол себептен де тәуелсіз тергеу жүргізудің маңызы жоғары екендігін айтады POGO ұйымы.

Астананың Қазақстанмен байланысты ең шулы сыбайлас жемқорлыққа қатысты «Қазақгейт» жанжалын АҚШ-тың ішкі ісі деп атап, жауып тастағаны белгілі. АҚШ құқық қорғау органдарына америкалық банкир Джеймс Гиффенге тек салық заңдарын бұзғаны үшін айыпты деген шешім шығаруы үшін бірнеше жыл уақыт қажет болды. Нұрсұлтан Назарбаевқа кеңесші болған Джеймс Гиффенге Қазақстанның жоғары шенді тұлғаларына ондаған миллион доллар пара беру жайындағы айып тағу оның іс жүзінде АҚШ Орталық барлау басқармасының агенті болғандығы анықталғаннан кейін жоққа шығарылды.

Американың үкіметтік емес ұйымы көтерген осы мәселеден тұтанған жаңа жанжалдың ауқымы қандай болатындығы әзірге белгісіз. «Нью-Йорк таймс» газеті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев арасындағы жанжалдың Вашингтон әкімшілігіне әлдеқашан жетіп қойғанын және оған АҚШ-тың ірі саясаткерлерін де араластырып отырғанын жазады.
XS
SM
MD
LG