Accessibility links

АҚШ президенті мемлекеттік шығындарды күрт қысқартуды ұсынды


АҚШ президенті Барак Обама Конгресте ұлтқа жолдауын жасап тұр. Вашингтон, 25 қаңтар 2011 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Конгресте ұлтқа жолдауын жасап тұр. Вашингтон, 25 қаңтар 2011 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама бюджет дефицитін азайту үшін мемлекеттік шығындарды күрт қысқартып, есесіне, ел экономикасының бәсекелестік қабылетін арттыру үшін білім және ғылым саласына көбірек қаржы бөлуге шақырды.

Қаңтардың 25-і күні АҚШ президенті Барак Обама Конгресте елдегі жағдай туралы жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жасады.

Бұл жолы Барак Обама әлемдегі ең ірі экономиканың бәсекелестік қабылетін арттыру үшін білім, ғылым және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайтуға шақырды.

АҚШ лидері қазіргі жағдайды ССРО-ның алғашқы жасанды жер серігі ұшырылған сәтпен салыстырды.

«Жарты ғасыр бұрын Совет Одағы бізден озып алғашқы спутник ұшырған шақта, бізде олардан бұрын Айға қалай ұшатынымыз туралы ешқандай идея болмады. Біздің ғылымымыз ондай дәрежеде дамыған жоқ еді. Бірақ біз ғылым мен білімге материалдық және интеллектуалдық ресурстар құйған соң, кең көлемді зерттеулер жүргізгеннен кейін біз ССРО-ны озып қана қоймай, жаңа өндірістер пен миллиондаған жаңа жұмыс орындарын ашқан инновациялардың тұтас толқынының пайда болуына түрткі болдық. Қазір біздің буын үшін жаңа спутник ұшыратын уақыт келді», – деді Барак Обама.

Рецессиядан соң ел экономикасының қалпына келе бастағанын атап өткен АҚШ президенті бұл жолдауында жаңа жұмыс орындарын ашу, ақпараттық технологиялар мен балама қуат көздеріне инвестициялар көлемін ұлғайту қажеттігін айтты.

«АҚШ бұдан 10-20 жыл бұрын дамушы елдер саналатындарды қазір енді кейбір өлшемдер бойынша қуып жетуге мәжбүр», – деді президент Обама.

Білім саласын реформалауға қатысты сөзінде Барак Обама Қытай мен Үндістанды мысалға келтірді. Ол америкалық балалармен салыстырғанда ол елдерде шәкірттер мектепке ерте жастан барып ұзағырақ оқитындығына және мектептерде математика мен жаратылыстану пәндеріне көбірек көңіл бөлінетіндігіне назар аударды.

«Біз инновация мен білім саласына жетекші болуымыз керек. Біз Американы әлемде бизнес үшін ең қолайлы жерге айналдыруға тиіспіз. Біз бюджет дефициті үшін жауапкершілікті мойнымызға алып, үкіметте реформалар өткізуіміз қажет», – деген АҚШ президенті мемлекеттік шығын көлемін күрт қысқартуды ұсынды.

Ол үкіметтің шығыны табысынан көп болуына жол бермеу керектігін атап айтты.

«Мен биылдан бастап бес жыл мерзімге жыл сайынғы ішкі шығындарды тоқтатуды ұсынамын. Бұл келесі онжылдық бойы бюджет дефицитін 400 миллиард долларға қысқартуға мүмкіндік берер еді», – деді Барак Обама.

Оның айтуынша, медицина мен қауіпсіздік салаларынан басқалардың барлығына бөлінетін қаржы көлемі қысқартылмақ. Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері алғаш рет жоспардағы бірқатар әскери бағдарламаларды да қысқарту туралы айтылды.

Сыртқы істер саясатына қатысты сөзінде АҚШ президенті биылғы шілде айынан АҚШ өз әскерін Ауғанстаннан шығара бастайтынын мәлімдеп, «Ирақтағы соғыс аяқталуға жақын қалғанын» айтты. Сонымен бірге ол АҚШ-тың Ресеймен қатынастарын жаңартып, Азия елдерімен байланыстарын нығайтқанын атап өтті.

Сейсенбі күні ұлтқа жолдауын жариялаған АҚШ президенті қараша айындағы сайлау нәтижесінде Конгрестің Өкілдер палатасында басым дауысқа ие болған республикалық партияны демократтармен бірге ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG