Accessibility links

Күтпеген жерден Ауғанстанға барған Обама АҚШ күштерін мадақтап, көтермеледі


АҚШ президенті Барак Обама мен Ауғанстан президенті Хамид Карзай кешкі қонақасыда. Кабул, 28 наурыз, 2010 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен Ауғанстан президенті Хамид Карзай кешкі қонақасыда. Кабул, 28 наурыз, 2010 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама күтпеген жерден Ауғанстанға барып, американдық күштер бұл елге ауғандықтардың бейбіт өмір сүруіне көмектесу үшін жіберілген деп мәлімдеді.

Президент Барак Обама Ауғанстандағы АҚШ күштеріне алғысын білдіре отырып, олардың жетістікке жететініне өзінің сенімді екенін атап көрсетті.
АҚШ президенті Барак Обама Баграм әуе базасындағы әскерлер арасында. Кабул, 28 наурыз, 2010 жыл


Бұл туралы Обама жексенбі күні Ауғанстандағы Баграм әуе базасында шамамен 2500 АҚШ күштері алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Обаманың Ауғанстанға сапары туралы алдын-ала жарияланбаған болатын. Президенттің сапары бірнеше сағатқа ғана созылды.

Барак Обама АҚШ күштерінің 9 жыл бойы жалғасып жатқан соғыста көрсеткен батылдығын мадақтады. Президенттің айтуынша, американдық әскерилердің мақсаты- Ауғанстанда қиындықпен қол жеткізілетін бейбітшілікті орнатуға көмектесу. Олардың жұмысы американдықтардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды деп атап көрсетті Обама.

«Біз зорлық-зомбылықты қолдайтын экстремистердің паналайтын жерінен қуылғанына куә болдық. Әл-қаида мен Талибан басшылығына қарсы мықты соққы бердік», - деді Обама.

АҚШ президенті Әл-қаидадан қауіп төніп тұр, егер Талибан Ауғанстанды бақылауына алатын болса, АҚШ қауіпсіздігі әлсірейді деп ескертті.

Бірақ Обама АҚШ күштері міндетін жақсылап орындайды деп сенетіндігін жеткізді.

«Алда әлі қиын күндер мен сәтсіздіктер болады. Біз қайсар дұшпанға тап болып отырмыз. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттары бір нәрсені бастаса, одан бас тартпайтынын білеміз», - деді Обама.
Барак Обама Хамид Карзаймен бірге. Кабул, 28 наурыз, 2010 жыл


Наурыздың 28-де Кабулға барған АҚШ президенті алдымен Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен кездесті. Президент сарайындағы кездесу барысында Обама Карзайдан есірткі саудасымен күресуді талап етуге тиіс болатын.

Бұдан кейін Обама журналистердің алдында сөйлеген сөзінде экстремизмге қарсы аймақтағы әскери науқанда алғабасушылықтар бар деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ жемқорлықпен күресті күшейтуге және құқықтық нормаларды жақсартуға шақырды.

Хамид Карзай болса арадағы әріптесік «тұрақты, мықты және бейбіт Ауғанстанды құруға көмектеседі» деп үміттенетінін жеткізді.

Ақ үйдің хабарлауынша, Обама Карзайды мамырдың 12-де Вашингтонға сапар жасауға шақырған.

Обама сондай-ақ АҚШ пен НАТО қолбасшысы генерал Стэнли МакКристал мен АҚШ елшісі Карл Эйкенберриден Ауғанстандағы соғыс туралы жаңа мәліметтер берулерін сұраған.

Барак Обаманың АҚШ президенті ретіндегі Ауғанстанға бұл алғашқы сапары. Обама бұл елге 2008 жылы сайлау алды науқаны тұсында барған еді.

Өткен жылы Обама Ауғанстанға қосымша 30 мың АҚШ сарбазы орналастырылады деп жариялап, американдық күштер Ауғанстаннан 2011 жылдың ортасында шығарыла бастайды деп мәлімдеген болатын.

АҚШ президенті Барак Обаманың Ауғанстанға сапары туралы видеоны қараңыз:

XS
SM
MD
LG