Accessibility links

Бостондық қазақ студентінің туыстары айыпқа сенбейді


Диас Қадырбаевтың (сол жақта) Джохар Царнаевпен түскен суреті. Vk.com әлеуметтік желісінен 23 сәуір 2013 жылы алынған сурет.

Диас Қадырбаевтың (сол жақта) Джохар Царнаевпен түскен суреті. Vk.com әлеуметтік желісінен 23 сәуір 2013 жылы алынған сурет.

АҚШ-та "Бостон жарылысына қатысты тергеу ісін шатыстырмақ болды" деп сотқа тартылған қазақстандық екі студенттің жақындары оларды жақсы жағынан сипаттайды.

Мамырдың 1-і күні АҚШ-та өткен сотта Бостондағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың әрекетін жасырмақ болды деп үш адамға айып тағылды.

Олар: қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов (сот құжаттарында - Azamat Tazhayakov), Диас Қадырбаев (Dias Kadyrbayev) және америкалық Робел Филлипос (Robel Phillipos).

Тәжаяқов пен Қадырбаевқа "тергеу ісін шатастырмақ болды" деген айып тағылған. Келесі сот отырысы мамырдың 14-і күні өтеді. Робел Филлипосқа "тергеушілерге жалған мәлімет берді" деген айып тағылған. Келесі соты мамырдың 6-сы күні өтпек.

Егер бұл айыптарды сот дұрыс деп тапса, Қадырбаев пен Тәжаяқов 5 жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін. Ал Филлипостың 8 жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал. Күдіктілер келесі сот отырысына дейін қамауда болады.
Қазақ студенттері (сол жақтан екінші - Азамат Тәжаяқов, үшінші - Диас Қадырбаев) Джохар Царнаевпен (төртінші адам) бірге. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.

Қазақ студенттері (сол жақтан екінші - Азамат Тәжаяқов, үшінші - Диас Қадырбаев) Джохар Царнаевпен (төртінші адам) бірге. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.


Азаттық тілшісі Диас Қадырбаевтың туыстары және таныстарымен сөйлесті. Ал Азамат Тәжаяқовтың оқыған мектебімен хабарласудың ғана сәті түсті.

ДИАС ҚАДЫРБАЕВ ЖАЙЛЫ ЖАҚЫНДАРЫНЫҢ АЙТҚАНЫ

19 жастағы Диас Қадырбаевтың аты-жөнін атамаған нағашы ағасы "жиенінің Бостондағы жарылысқа қандай да бір қатысы болуы мүмкін деген ақпаратқа мүлде сене алмайтынын" айтты.

Диастың адамдармен "өте араласқыш мінезін" айтқан нағашысы "ол достарына көмектесем деп проблемаға ұрынып қалуы да ғажап емес" деген ой айтады.

- Ол - өте жұғымды бала. Достарымен араласқанды жақсы көреді. Оларға көмектесуге дайын. Қалай екенін кім біледі енді, - дейді ол.

"Диас қандай да бір әлемдік саяси афералардың құрбаны болуы мүмкін" деп топшылаған нағашы ағасының айтуынша, жиенінің бойынан "дінге қызығу, берілу сияқты қасиеттер байқалмаған". Ол көліктерге қызығып, ән шығарып жүрген.

Нағашысының айтуынша, АҚШ-қа аттанатын жылы (2011 жыл) жиенінің оқудан қолы босамаған.

- "Архимед" мектебін бітірген соң оқуға түсуге қатты дайындалды. Массачусетс университетін де өзі таңдады. Репетиторларға барып, ағылшын тілін оқыды. Яғни тәулік бойы қолы босамады десек те болады, - дейді ол.

Нағашы ағасының айтуынша, ата-анасы ажырасып кеткенде анасымен қалған Диас Қадырбаев әкесімен де араласып тұрады. Қазір күдіктінің анасы АҚШ-қа ұшып кеткен.
Айыпталушы Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов сотта тұр. Жабық өткен сотта салынған сурет. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Айыпталушы Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов сотта тұр. Жабық өткен сотта салынған сурет. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.


Диас Қадырбаевпен бірге өскен, одан екі жас кіші немере інісі Алдияр Қадырбаев та ағасына "ұстамды, тыныш бала" ретінде мінездеме береді.

- Балалық шағымыз бірге өтті. Бір пәтерде тұрдық. Қарама-қайшы мінездер байқалмады. Тыныш, ұстамды бала. Ешқашан агрессия көрсетпейтін. Болған жайттарға біздің өзіміз де сене алмай отырмыз. Ол үнемі көмектесіп жүреді. Дінге ешқашан қатысы болмаған, - дейді Алдияр Қадырбаев.

Оның айтуынша, "жылына 25 мың доллар төлеп оқитын Диас университеттегі сабақтарына да мұқият қараған".

Диас Қадырбаев 2008 жылы Алматыдағы Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатында бір жыл оқып, оқу үлгеріміне байланысты оқудан шығып кеткен.

- Ол бізде 9-сыныпта, 2009 жылы бір жыл ғана оқыды. Сосын 156-мектепке кетіп қалды. Алгебра, физика, геометриядан үштік болғандықтан шығып кетті. Себебі бізде бұл пәндерден кем дегенде төрттік болуы тиіс, - дейді мектеп-интернат директорының орынбасары Юрий Довгаль.

Туыстарының айтуынша, Диас Қадырбаев 11-сыныпты "Архимед" жеке меншік мектебін бітірген. Мектеп басшылығы тілшілердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Бұл мектептің 11-сыныбында оқитын Ален есімді оқушы Диас Қадырбаевты "жақсы бала болатын" деп сипаттады.

- Тұйық емес, жұртпен араласып кететін бала. Достары көп еді, өзі үнемі күліп жүретін. Мұны оның істеуі мүмкін емес. Ол ондай адам емес, - деді Ален.

ВИДЕО: Оқушы Ален Диас Қадырбаев туралы

АЗАМАТ ТӘЖАЯҚОВ ТУРАЛЫ

Баспасөз беттерінде жарияланып жатқан мәліметтерге қарағанда, 19 жастағы Азамат Тәжаяқов Атырауда туған, 7-сыныптан бастап Астанадағы "Мирас" мектебінде оқып, 2011 жылы осы мектепті бітірген.

Астанадағы Азамат Тәжаяқов оқыған мектептегі оқушылардың бірінің айтуынша, ол футболды жақсы ойнаған, футбол жарыстарына қатысқан.

- Мектептегі танымал спортшы болатын, "Мирас" құрамасына қатысқан. Бәрімен дос болатын. Мұндай іс жасайтындай белгісі жоқ еді, - дейді ол оқушы Тәжаяқов туралы.

"Мирас" мектебі әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартты. Директордың хатшысының айтуынша, олар өздеріне басшылық ететін мекемеден - Назарбаев қорынан хабар күтіп отыр.

Мектеп өкілінің сөзіне қарағанда, Азамат Тәжаяқов жақсы оқыған, бірақ үздік оқушы болмаған. Ол мектепте 7-11 сынаптар аралағында оқыған.

- Өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ, көпшіл, жақсы бала болатын. Оны тек жақсы жағынан ғана танитынбыз, - деді мектеп өкілі.

Азамат Тәжаяқовтың сынып жетекшісі қазір ол мектепте жұмыс істемейді. Оқу ісінің меңгерушісі сөйлесуден бас тартты.

АҚШ-тағы usatoday.com сайтының мәліметі бойынша, Тәжаяқов Массачусетс-Дартмут университетінде де футболды жақсы ойнайтынын көрсеткен. Қазір университет Азамат Тәжаяқовтың оқу-оқымауы туралы шешім шығармай, соттың соңын күтіп отыр.

Ақпарат құралдары Азамат Тәжаяқовтың әкесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, бизнесмен Әмір Тәжаяқұлы Исмағұловтың АҚШ-қа ұшып кеткенін хабарлады.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов. (Видеодан алынған көрініс)

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов. (Видеодан алынған көрініс)


ТЕРГЕУ АҚПАРАТТАРЫ

Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа "жарылыстан соң Джохар Царнаевтан SMS хабарлама алған, содан кейін оның жатақханадағы бөлмесіне барып, оқ-дәрі (фейерверк) құтысы салынған рюкзакты жоймақ болған" деген айып тағылып отыр.

Тергеу мәліметтерінде жарылыстан екі күн өткен соң Тәжаяқовтың Царнаевпен кездесіп, оның бөлмесінде түн жарымына дейін отырғаны айтылады. Сайттағы мәліметке қарағанда, Тәжаяқов Царнаевтың рюкзагын жасырғанын мойындаған.

Царнаевтан Қадырбаевқа келген SMS хабарламада "Бөлмеме барып, керек нәрсенің бәрін алып кет" деп жазылғаны жарияланды.

Тергеушілердің айтуынша, Қадырбаев пен Тәжаяқов "бомба жасауға қатысы бар болуы мүмкін" деген қауіппен Царнаевтың бөлмесіндегі вазелин салынған құтыны да рюкзакка салып, ала кетіп, қоқыс салатын ыдысқа тастаған. Кейінірек полиция ол рюкзакты қоқыстан тапқанын мәлімдеді.

Жарияланып жатқан тергеу мәліметтері бойынша, "Джохар Царнаев жарылыстан бір айдай бұрын екі қазақ студентіне бомбаны қалай жасау керегін білетінін айтқан".
1 мамыр күні сотқа АҚШ федералды тергеу бюросы Джохар Царнаевтың рюкзагынан табылды деп көрсеткен оқ-дәрі (фейерверктер жинағы). 1 мамыр 2013 жыл.

1 мамыр күні сотқа АҚШ федералды тергеу бюросы Джохар Царнаевтың рюкзагынан табылды деп көрсеткен оқ-дәрі (фейерверктер жинағы). 1 мамыр 2013 жыл.


Мамырдың 2-сі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі екі студентке байланысты мәлімдеме жасап, "оларға қажетті консулдық қолдау" көрсетіліп отырғанын айтты.

"Тағылған айыптарды ескере отырып, олар федералды қылмыстық түрмесіне ауыстырылды. Бұл қылмыстық іс бойынша тыңдаулар мамырдың 14-і күніне бекітілді. Сонымен қатар біздің азаматтарымызға Бостонда болған жарылыстарды ұйымдастыруға қатысты айып тағылып отырмағанын атап өтеміз. Оларға айғақтарды жойды деген айып тағылды" дейді министрлік.

Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді. Арада бірнеше күн өткенде полиция ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түсті. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен.

(Мақалада Азаттық тілшісі Светлана Глушкованың деректері де пайдаланылды).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG