Accessibility links

Қазақстан ұйғыр босқынын Қытайға қайтармақ


Аршидин Исраилге халықаралық қорғау берілгенін растайтын БҰҰ құжатының фотокөшірмесі.

Аршидин Исраилге халықаралық қорғау берілгенін растайтын БҰҰ құжатының фотокөшірмесі.

Қытай үкіметі «аса ауыр қылмыс» жасады деп айыптап, кері қайтаруды сұрап отырған азаматқа босқын мәртебесін бермеу туралы сот шешімі күшіне енді.


Қытай жағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында болған қанды қақтығысқа байланысты сұратып жатқан ұлты ұйғыр азамат Аршидин Исраил 2009 жылы Қазақстанға саяси баспана іздеп келген. Қазір ол Алматыдағы абақтыда жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Аршидин Исраилдің інісі Анвар хабарлады.

БҰҰ МЕН ШВЕЦИЯ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ

– Ағама Қазақстан билігі босқын мәртебесін бермей отыр. Бірақ БҰҰ бұл мәртебені берген болатын. Алайда осы жылдың қаңтар айындағы жаңа заң бойынша, босқын мәртебесін енді Қазақстан ғана бере алады. Сондықтан қолында БҰҰ берген, босқын мәртебесін дәлелдейтін құжатына қарамастан, өткен жылдың қазан айынан бері абақтыда отыр, – деді Аршидин Исраилдің інісі.

Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Денис Живаганың сөзінше, Аршидин Исраилге БҰҰ босқын мәртебесін бергенен кейін, Швеция билігі оған сол елде тұруға рұқсат берген.

– Алайда дәл сол кезде Қытай билігінің Исраилге халықаралық іздеу жариялғандығы белгілі болды да, онымен қазақ құқық қорғау орындары айналыса бастады, – дейді Денис Живага.

Денис Живаганың сөзінше, Қытай билігі Исраилді 2009 жылы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деп айыптап отыр.

– Білуімше, оны экстремистік бабы бойынша айыптап отыр, – деді құқық қорғаушы.

Естеріңізде болса, 2009 жылы шілденің 5-і күні Үрімжіде болған жаппай қақтығыстар салдарынан, ресми деректер бойынша, 200-дей адам қаза тауып, мыңға жуық адам жараланған. Қазір 1400-дей адам, негізінен ұйғырлар, тұтқында отыр. Олардың арасындағы әйелдер мен балалар да бар. Қытай өкіметі ол тұтқындарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, соған қатысты» деген айып тағып отыр. Шыңжаңдағы қанды қақтығысты қараған Қытай соты 22 адамды өлім жазасына кесті.

Ресми Бейжің Үрімжідегі ұлтаралық жанжалды жоспарлады деп Дүниежүзілік ұйғыр конгресі мен оның АҚШ-та тұратын президенті Рәбия Қадырды айыптайды. Алайда Рәбия Қадыр мұны «нақақ айып» деп атады. Оның айтуынша, Шыңжаңдағы ұлтаралық жанжалдың бірден-бір себебі – Қытайда үстемдік еткен коммунистік биліктің ондаған жылға жалғасқан репрессиялық саясаты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЙҒЫРЛАР ҰЙҒЫР БОСҚЫННЫҢ ТАҒДЫРЫНАН ХАБАРСЫЗ

Қытайға экстрадияциялану қаупі төніп тұрған ұйғыр азаматының туыстары оның тағдырынан алаңдап отыр. «Егер Қытайға қайтарылса, жағдайы қиын болады» дейді. Сондықтан босқын Аршидин Исраил БҰҰ көмегімен адвокат
Саясаттанушы Қаһарман Қожамберді Үрімжі оқиғасының (шілде, 2009 жыл) себеп-салдары жайлы баяндама жасап отыр. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
жалдап, Қазақстан билігінің шешімін қайта қаруды сұрап сотқа шағым жазған. Бірақ бұл істі қараған аудандық, аппеляциялық және кассациялық сот босқынның шағымын қанағаттандырмады.

Бұл жайттан Алматыдағы Дүниежүзі ұйғырлар конгресі төрағасының орынбасары Қаһарман Қожамберді бейхабар болып шықты.

– Мен мүлдем білмейді екенмін – қандай сот, не сот? – деді Азаттық радиосына Қаһарман Қожамберді.

Құқық қорғаушы Денис Живаганың сөзінше, соңғы кездері босқын мәртебесін сұрап келгендерге көмектескенді қойып, оларды түрмеге отырғызу – Қазақстан үшін қалыпты жағдайға айналған. «Сондықтан Аршидин Исраил кез келген сәтте Қытайға қайтарылуы мүмкін» дейді құқық қорғаушы.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG