Accessibility links

Сирия шебіндегі өзбектер мен шешендер


Жиср әл-Шугур қаласы көшесінде әскери техника маңында жүрген әскери жасақ. Видеодан скриншот.
Жиср әл-Шугур қаласы көшесінде әскери техника маңында жүрген әскери жасақ. Видеодан скриншот.

Сирияда заңсыз қарулы жасақтар тағы бір ірі қаланы басып алды. Сол операцияға өзбектер құрған «Таухид уал джиход» тобы ат салысқан. Көптен көрінбей кеткен шешен жасағының жетекшісі де осы Джиср әл-Шугур қаласында жүргені байқалды.

Бұл содырлар Сирияда сунниттердің діни ұйымдарының қатарында соғысып жатқандарын айғақтап видео жариялады.

Бейнетаспада олар Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб аймағында орналасқан Джиср әл-Шугур қаласында соғысып жүрміз дейді.
«Таухид уал Джиход», кей кездері «Жаннат ошиқлары» деп аталып жүрген бұл топ әлгі видеоларын YouTube желісіне және өздерінің сайттарына 25 сәуірде жариялады.

Жүріп бара жатқан көліктен түсірілген видеода содырлардың қоластына өткен Джиср әл-Шугур қаласының көріністері байқалады. Таспада әскери көліктермен кетіп бара жатқан содырлар, көшеде жүрген бейбіт тұрғындар, соның ішінде әйелдер мен балалар көзге шалынады.

«Таухид уал Джиход» мүшелері өзбек тілінде «Алланың қалауымен Шугур қаласын басып алдық!», «Алланың қалауымен ғанима (соғыстан түскен олжа) алдық!» деп айқайлайды. ​

ШЕШЕНДЕР ТОБЫ

Ислам атын жамылған қарулы жасақтар, соның ішінде «әл-Қайданың» Сириядағы бөлімшесі саналатын «Жабғат әл-Нусра» және қатаң бағытты ұстанатын «Ахрар әл-Шам» топтары 25 сәуірде Джиср әл-Шугур қаласын басып алды.

Өткен айда қарулы жасақтар аймақтағы ең ірі қала – Идлибты өзіне қаратқан еді. Енді, міне, үкімет бақылап отырған екінші ірі қала да қарулы топтың қоластына өтті.

Шешен соғысы кезінде ұрысқа қатысқан, бертінде "өлдіге" саналған Магошвилидің Джиср әл-Шугур қаласында жүрген видеосы тарады

Джиср әл-Шугур Латакия мен Алеппо сияқты ірі шаһарлардың арасын жалғап жатқан күре жолдың бойында орналасқан. 1980 жылдары «Мұсылман бауырлар» қозғалысы осы қалада бекінген еді.

The Guardian басылымының жазуына қарағанда, қаланы басып алған альянстың ішінде белді екі топты атауға болады. Олардың бірі «Жабғат әл-Нусра» болса, екіншісі «әл-Қайданың» көзқарастарын қолдайтын «Ахрар әл-Шам» тобы. Бұл топтың Түркияда қолдаушылары бар деп жазады ағылшын басылымы.

Стратегиялық маңызы бар Джиср әл-Шугур қаласын басып алуға шешендер басқаратын «Жунуд әл-Шам» тобы да атсалысқан. Бұл топты «Муслим Шишани» деген лақап атпен белгілі кистин ұлтының өкілі (шешен тілінің диалектісінде сөйлейтін, көбіне Грузия жерін мекендейтін аз санды халық) Мурад Магошвили басқарады. Шешен соғысы кезінде араб содырларының қатарында ұрысқа қатысқан Магошвили көптен бері көрінбей кеткен. Сириядағы соғысқа қатыспағанына қарап кейбіреулер оны «өлдіге» санап жүрген еді.

Маргошвилидің Джиср әл-Шугур қаласында жүрген видеосын ол басқаратын қарулы топтың белсенділері осы аптада әлеуметтік желілер арқылы таратты.

ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАУПІ

Шешендер мен өзбектер басқарған қарулы топтардың «Жабғат әл-Нусра» құрған альянсқа қосылуы аса таңқаларлық жағдай емес. Себебі, «Жабғат әл-Нусра» да, «Ахрар әл-Шам» да «Әл-Қайда» сияқты радикалды діни ұстанымдарды қолдайды.

Бұл екі топ мұның алдында да Сириядағы ұрысқа қатысып, біраз тәжірибе жинаған. Өзбектердің «Таухид уал джиход» тобы Алеппо аймағындағы майданға араласса, «Жунуд әл-Шам» Латакия аймағында соғысқан.

«Таухид уал джиход» ұйымының интернеттегі сайтында «әл-Қайда» басшысы Айман әл-Завахиридің видеожазбалары бар.

Қырғызстан үкіметі өзбектердің бұл ұйымына ресми түрде тыйым салған. Оның себебі, Сирияда соғысып жатқан Қырғызстан азаматтарының көпшілігі – елден кеткен өзбек ұлтының өкілдері.

Йоанна Паражчуктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG