Accessibility links

Өзбекстан іздеу салған азамат Оралда тағы екі ай қамауда болмақ


Собир Носиров, Қазақстанда қамауға алынған Өзбекстан азаматы

Собир Носиров, Қазақстанда қамауға алынған Өзбекстан азаматы

Тамыздың 24-і күні Орал қаласының соты Өзбекстан азаматы Собир Насыровты әлі екі ай қамауда ұстау жөнінде шешім шығарды. Ол бір ай бұрын қазақ-орыс шекарасында ұсталған еді. Ташкент оны Әндіжан оқиғасына қатысы бар деп айыптап отыр.


Насыров өзінің еш кінәсі жоқ екендігін мәлімдеп, тергеу изоляторында аштық жариялаған. Дегенмен, изолятор басшылығы мұны жоққа шығарады.

СОТТЫҢ ШЕШІМІ

Тамыздың 24-і күні Орал қалалық соты тергеу изоляторында қамауда жатқан өзбек азаматы Собиржон Насыровқа қатысты істі қарады.

- Сот Насыровты тағы екі ай мерзімге қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Бұған Өзбекстанның Насыровқа іздеу жариялағаны және оған айып тағылғаны жайлы қаулысы негіз болып отыр. Оны өзбек елі аса ауыр қылмыс жасады деп айыптап отыр, - деді Азаттыққа сәрсенбі түстен кейін сот залынан шыққан Насыровтың адвокаты Ярослав Равдель.

Өзбекстан азаматы, 39 жастағы Собиржон Насыров осыдан бір ай бұрын Өзбекстанның сұрауы бойынша қазақ-орыс шекарасында ұсталған. Ол 2005 жылдан бері Ресейдің Нижний Новгород қаласында тұрып келген. Уақытша тұруға рұқсаты да болған.

- Биылғы шілденің 23-і Ресейде жүру уақыты аяқталып, жаңа миграциялық карта алуы тиіс еді. Сол үшін ол Ресейден шығып қайта кіруі керек-тін. Сондықтан көрші жатқан Қазақстанға келген. Алайда мұндағы шекара қызметі оны қамауға алды,- дейді радиомызға істің басы-қасында жүрген құқық қорғаушы Павел Кочетков.

Қазір өзбек азаматының адвокаты сот шешімін қайта қарауға арыз дайындап жатыр.

«ӘНДІЖАНДАҒЫ БҮЛІКТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН»

Павел Кочетковтың сөзінше, қазақ шекарашыларының оны қамауға алуына 2006 жылғы Өзбекстанның Насыровқа іздеу жариялау жайлы қаулысы негіз болған.

- Өзбекстаннан келген құжатта Насыровтың экстремистік бағыттағы тіркелмеген ұйымның мүшесі екендігі жазылған. Әндіжан оқиғасына қатыспаса да, көмектескен, ұйымдастырған, тіпті айлығының бестен бір бөлігін беріп, қаржылай демеушілік жасағандығы көрсетілген. Бірақ бұл жәй сөз ғана, себебі әзірге бұл айтылғандарға ешқандай дәлел көріп отырған жоқпыз, - дейді Азаттыққа құқық қорғаушы Павел Кочетков.

Сәрсенбідегі сот отырысына келген Собиржон Насыровтің інісі Абдулла ағасының «ешқандай заң бұзбағандығын» айтып отыр.

Адвокат Ярослав Равдель соттың бүгінгі шешімі заңсыз екендігін атап өтті.

- Насыровты қамауға алу мен оны тағы екі айға ұзарту болмауы тиіс еді. Себебі халықаралық ұйымдар азаптау фактілерін тапқан мемлекетке оның қайтаруды сұрап отырған азаматтары кері қайтарылмауы керек. Бұл туралы қылмыстық-процессуалдық кодексте көрсетілген. Осы негізде Насыров Өзбекстанға экстрадицияланбауы тиіс. Сондықтан, оның қамаудағы мерзімін ұзартып, оны қамауға алудың өзі заңсыз, - дейді адвокат Ярослав Равдель.

ИЗОЛЯТОРДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Құқық қорғаушы Павел Кочетков, Насыров өзінің кінәсіз екендігін дәлелдеу үшін тамыздың 20-сынан бері изоляторда аштық жариялағандығын айтады.

- Қазір оның денсаулығы нашарлаған. Ол изоляторда жатқан бір ай бойы не туыстары, не адвокат жіберілмей отыр. Тіпті бүгінгі сот өзінің қатысуынсыз өтті, - дейді құқыққорғаушы.

Біз бұл мәселеге қатысты Орал қаласындағы СИ-4 тергеу изолояторы бастығының орынбасары Жанболат Арыстанұлына хабарласқан едік.

- Жоқ, ондай ешнәрсе жоқ. Арыз да жоқ. Жағдайы жақсы, тамағын ішіп жатыр, - деді Азаттық тілшісіне тамыздың 24-і күні Жанболат Арыстанұлы.

Алдағы екі айдың ішінде Өзбекстан жағы қамаудағы Собиржан Насыровты экстрадициялауға қатысты дәлелдер келтіріп, Қазақстанға ресми сұрау жолдауы керек. Содан кейін Қазақстан жағы бұл мәселеге қатысты шешім шығаруы тиіс.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG