Accessibility links

Қамаудағы өзбек босқынына қатысты кереғар екі дерек бар


Аброр Касымов - Алматыдағы ҰҚК қамау изоляторында жатқан өзбек азаматы.

Аброр Касымов - Алматыдағы ҰҚК қамау изоляторында жатқан өзбек азаматы.

Алматыдағы ұлттық қауіпсіздік комитетінің қамау изоляторында жатқан Аброр Касымов «ауыр соққыға жығылып, қабырғасы сынды» деген ақпарат жалған деп мәлімдейді ҰҚК өкілі. Алайда соққыға жығылған азаматтың әйелі күйеуінің сөзі рас екендігін айтып отыр.

Алматыдағы ҰҚК қамау изоляторында жатқан өзбек босқыны Аброр Касымов «ауыр соққыға жығылып, қабырғасы сынған жоқ» дейді BBC («Би-Би-Си») радиосының өзбек қызметіне ақпарат берген ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров.

«АРАНДАТУ ӘРЕКЕТІ СЕКІЛДІ»

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Менің сөзімді адвокат та растап бере алады. Ол азамат өзін соққыға жығылғандығы жайлы мәлімдегеннен кейін,
ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров.
шекара қызметіне қарасты госпитальде медициналық тексеру жүргізілді. Ешқандай сүйек сынбаған, ішкі зақым болмаған. УЗИ аппараты мұның барлығын көрсетіп, растап отыр.

Бұдан бөлек денесінің бір жері көгергендігі анықталды. Бірақ ол айтарлықтай қауіпті емес. Өз-өзін жұдырықтап, денесін көгертіп алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл ісі арандату әрекеті секілді. Оның себебі мен мақсаты түсініксіз, – дейді ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров.

Алайда изоляторда жатқан өзбек босқынының әйелі Маргуба Худойберді-Ахунова күйеуі «өз-өзін ұрып, көгертіп тастады» деген сөзбен келіспейді.

– Сонда ол денесін өзі көгертіп тастаған болып отыр ма? Оны қарап, қабырғасының сынғанын анықтаған аудандық және қалалық дәрігерлер де өтірік айтқан ба? Күйеуімнің жағдайын адвокаты Анжелика Рахимбердина өз
Маргуба Худойберді-Ахунова - қамауда жатқан өзбек босқыны Аброр Касымовтың зайыбы. Алматы, 9 ақпан 2011 жыл.
көзімен көрді. Егер мен – әйелі жалған айтсам, адвокат өтірік айтпайтын шығар, – деді Азаттыққа түсініктеме берген өзбек босқынының әйелі.

«АДВОКАТ СҮЙЕГІ СЫНДЫ ДЕГЕН ЖОҚ...»

Адвокат Анжелика Рахимбердина өз қорғауындағы Аброр Қасымовқа қатысты ақпарат құралдарына еш мәлімет бермейтіндігін әу баста-ақ айтқан. Сондықтан Азаттық тілшісі адам құқығын қорғау бюросына хабарласты. Себебі дәл осы бюро адвокат Рахимбердинаның қызметі үшін ақы төлеп отыр.

– Адвокат Қасымовтың денесінде көгерген дақтарды көрген, алайда бір жері сынды дегенді айтқан емес, – деді бюро қызметкері Денис Дживаго.
Ол изоляторда жатқан босқынның әйелі Маргуба Худойберді-Ахунованың «күйеуімді ұрып-соқты» деп дау шығарғанымен, әлі күнге шейін бюроға арыз алып келмегендігін айтады.

«БАСҚА БОСҚЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЛАРЫ ЖАМАН ЕМЕС»

Бұл мәселеге қатысты изоляторда жатқан өзге босқындардың әйелдеріне хабарласып, күйеулерінің жағдайын сұрастырдық. Ирода Эрназарованың күйеуі сегіз айдан бері Алматыдағы ҰҚК қамау изоляторында жатыр. Оның сөзінше, күйеуі бір де бір рет жағдайының нашар екенін немесе өзін біреулер
Ирода Эрназарова - өзбек босқыны Ойбек Кулдошевтің жұбайы. Алматы, 24 желтоқсан 2010 жыл.
соққыға жыққандығын айтпаған.

– Жоқ, күйеуімнің жағдайы жаман емес. Барлығы қалыпты, – дейді Ирода Эрназарова.

Оның сөзінше, басқа босқындардың да изолятордағы жағдайлары жаман емес көрінеді.

Алайда Маргуба Худойберді-Ахунова күйеуі Аброр Касымовтың жағдайының нашар екендігін және оның медициналық көмекке зәру екендігін айтады.

Бұған дейін Аброр Касымов өзіне көрсетілген қысымнан кейін аштық жариялаған. Қалалық прокуратура өкілдері өзбек босқынының ісін мұқият қарауға уәде беріп, камерасына тағы екі өзбек босқынын қосып отырғызғаннан кейін ол үш күнге созылған аштықты тоқтатқан.

27 жастағы Аброр Касымов – Қазақстанда босқын мәртебесіне ие бола алмай, Алматыда қамауда жатқан 28 өзбек азаматының бірі.

Оларды өткен жылдың жаз айында жергілікті полиция «Мигрант» операциясы барысында ұстап, қамағанын Азаттық хабарлаған еді.

Өзбек азаматтары қазір Алматыдағы Әділет министрлігі мен ҰҚК-нің қамау изоляторында тұтқында отыр. Өзбекстанда террористік-экстремистік ұйымдарға қатысы бар деген күдікке іліккен бұл адамдар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG