Accessibility links

Қамаудағы өзбек босқындар медициналық көмекке зәру


Феруза Норкобилова, қамаудағы өзбек босқыны Олимжон Холтураевтың зайыбы. Алматы, 10 қаңтар 2011 жыл

Феруза Норкобилова, қамаудағы өзбек босқыны Олимжон Холтураевтың зайыбы. Алматы, 10 қаңтар 2011 жыл

Алматыда қамауда жатқан Өзбекстан азаматтарының болашағы әлі күнге дейін бұлыңғыр. Олардың бірі экстрадицияланатыны туралы ескерту алып үлгерген. Өзбек босқындарын қорғау комитеті қазақ үкіметінен шұғыл арада дәрігерлік көмек көрсетуді сұрап отыр.


Босқын мәртебесін ала алмаған 29 өзбек азаматы жеті айдан бері Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер департаментінің тергеу изоляторында қамауда жатыр. Желтоқсан айында Алмалы аудандық соты бұл азаматтарға босқын мәртебесін бермеу туралы Алматы қалалық көші-қон комитеті шығарған шешімді өзгеріссіз қалдырған болатын.

Босқындардың туыстары мен қорғаушылары сотта бұл азаматтардың өз елінде діни сенімі үшін ғана қуғынға ұшырағанын, террористік-экстремистік топтарға қатысы жоқтығын дәлелдеуге тырысты. Бірақ, сот бәріне бірдей шешім шығарды. 29 босқынның ішінде тек бір өзбек азаматының - 32 жастағы Файзиддин Омаровтың ісі әлі қаралған жоқ.

МҮГЕДЕК БОСҚЫНДАР

Туыстарының айтуынша, жаздан бері қамауда жатқан өзбек азаматтарының денсаулықтары сыр бере бастаған. Кейбірінің халі тым мүшкіл. Олардың арасында тіпті 2, 3-топ мүгедектері бар көрінеді. Осыған қатысты қаңтардың 9-ы күні халықаралық Өзбек босқындарын қорғау комитеті Қазақстан билігіне арнайы үндеу жолдап, Сухроб Бозоров, Отабек Шарипов және Ахмад Болтаев есімді үш азаматқа медициналық көмек көрсетуді сұрады. Бұл азаматтардың денсаулықтары нашар екенін әйелдері де растайды.
Егер ол мүлдем мүгедек болып жүре алмай қалса, қайтеміз? Бес бала асыраушысынан айрылмай ма?

- Менің күйеуім Отабек Шарипов туғанынан мүгедек. Бала кезінде полиомиелит ауруына шалдығып, соның кесірінен аяқтарын тең баса алмайды. Желтоқсанның 5-і күні ол есінен танып, қозғала алмай қалған. Әйтеуір жанындағы бірнеше адамдардың көмегімен оны тергеу изоляторындағы дәрігердің бөлмесіне жеткізген. Онда ол ұзақ уақыт бойы есін жия алмапты. Ал есін жиған сәтте тіпті сөйлеуге шамасы келмеген. Осы уақытқа дейін ол оң аяғының да қақсайтынын көп айтатын, - деді босқынның әйелі Нилуфар Норкобилова қаңтардың 10-ы күні Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, соңғы көрген кезінде күйеуі қайта-қайта су сұрап, жөнді сөйлей алмапты. Ауруының асқынғаны соншалықты - ондағы дәрігерлер білімдерінің жетпейтінін айтып, нақты диагноз қоя алмаған көрінеді.

Денсаулығы нашарлаған тағы бір өзбек азаматы Ахмад Болтаевтың әйелі Адолат Муминова күйеуінің сол жақ аяқ-қолының сал боп қалғанын айтады. Бұған қоса, «бауыр-бүйрек аурулары да жабысып, күйеуімнің жағдайы қазіргі күндері тым ауыр» деп күрсінеді ол.

- Бұрыннан бері оның жүрегі ауыратын. Ал қазір сол жақ аяқ-қолы істемеуге айналды. Жүріс-тұрысы қиындаған. Егер ол мүлдем мүгедек болып жүре алмай қалса, қайтеміз? Бес бала асыраушысынан айрылады, - деді Адолат Муминова Азаттық радиосына.

БҰҰ-НЫҢ ТАЛАБЫ

Қазір босқындардың туыстары оларды Қазақстан өз елдеріне қайтара ма деп, қорқыныш пен күдіктің арасында өмір сүріп жатыр. Олардың айтуынша, егер Қазақстан бұл босқындарды елдеріне қайтаратын болса, бұл өліммен пара-пар. Олардың айтуынша, діни-саяси көзқарасы үшін азаматтарды қинап, азаптаудың неше атасын қолдану - Өзбекстан үшін әдеттегі жағдай.

Өзбек босқындарын қорғау комитетінің Франциядағы өкілі Мутабар Тажибаеваның айтуынша, өткен аптада БҰҰ-ның азаптау мен қысымға қарсы күрес комитеті Қазақстан үкіметіне өзбек босқыны Абдуссаматовты еліне қайтармау жөнінде талап-хат жолдапты.
БҰҰ-ның азаптау мен қысымға қарсы күрес комитеті Қазақстан үкіметіне өзбек босқыны Абдуссаматовты еліне қайтармау жөнінде талап-хат жолдаған.

- БҰҰ-ның комитеті Қазақстаннан қаңтар-ақпан айларында өзбек босқындарына қатысты барлық құжаттарды беруді талап етіп отыр. Меніңше, егер адамдарға қысым қолдану туралы мәселе қозғалған жағдайда, комитеттің елдерден бұлайша талап етуге хақы бар. Бұл менің жеке көзқарасым, - деді Мутабар Тажибаева қаңтардың 10-ы күні Азаттық радиосына.

Бұл мәселеге орай, әзірге, ресми орындар үнсіз отыр. Осы уақытқа дейін Алматы қалалық ішкі істер департаментіне қарасты көші-қон полиция өкілдері де, құқыққорғаушылар да өзбек азаматтарының экстрадицияланатынын жоққа шығарып келеді. Алайда өткен аптада босқындардың бірі өзін еліне қайтаратыны туралы ресми орыннан хат алыпты. Бұл жайында олардың туыстарынан білдік.

- Сухроб Бозоровтың туыстарының айтуынша, оған Астанадан әлдебір хат келген екен. Хатта оны өз еліне экстрадициялайтыны туралы жазылған. Сухроб олар талап еткен құжаттардың бәріне қол қойыпты. Өткен аптада оған зайыбы Гүлсара Ташева барса, еліне қайтатынын айтып, өңі қашып отыр екен. Өткен аптаның бейсенбі күні оған конвойлар келіп «жинал, басқа жаққа ауыстырамыз» десе керек. Одан кейін конвойлар кірмеген, - деді босқын әйелдерінің бірі.

Жаз айында Алматыда жергілікті полиция жүргізген «Мигрант» операциясының барысында елу өзбек босқыны ұсталып, олардың отызы тергеу изоляторына қамалған болатын. Алматыдағы ҰҚК мен әділет министрлігінің қамау изоляторында отырған олардың біреуін полиция өкілдері Өзбекстанның құқық қорғау органдарына қайтарып та үлгерген еді. Арнайы органдар босқын мәртебесін сұрап келген бұл азаматтардың тек біреуінің ғана өтінішін қанағаттандырды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG