Accessibility links

Қазақстанның өзбек босқындарын экстрадициялауына қарсылық


Өзбек босқындары Сухроб Кулдашев (сол жақта) және Сунатулла Кулдашев (ортада) Алматы әкімшілік сотының ауласында тұр. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбек босқындары Сухроб Кулдашев (сол жақта) және Сунатулла Кулдашев (ортада) Алматы әкімшілік сотының ауласында тұр. Алматы, 27 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Халықаралық адам құқын қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің босқын мәртебесін сұрап келген өзбекстандық 32 азаматының өтінішін қабылдамай, оларды экстрадициялау шешіміне наразылық білдірді.


Маусымның 7-сінде ACAT-France, Amnesty International, Human Rights Watch, International Federation for Human Rights (FIDH) ұйымдары және Human Rights in Central Asia ассоциациясы Қазақстан Бас прокурорына ашық хат жолдады. «Қазақ билігі 32 босқынды Өзбекстанға қайтармау керек, себебі оларға өз елінде азаптап, қинау қаупі төніп тұр» дейді бұл ұйымдар.

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ОРЫНДАУЫ ТИІС

Халықаралық ұйымдар ашық хатта үкіметті Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды. Ол бойынша, Қазақстан өз елінде азаптау, қинау қаупі төніп тұрған ешбір азаматты кері қайтарып бермеуі тиіс. Қазақстан БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті саяси баспана сұраған 29 азаматтың ісін қарағанға дейін босқындарды экстрадицияламау туралы комитеттің уақытша шарттарын сақтауы керек. Халықаралық ұйымдардың пікірінше, өз мемлекетінде азапталу қауіп-қатері төніп тұрған азаматты
Өзбек босқынының паспортындағы Қазақстаннан шығару туралы мөр. Алматы, 28 ақпан 2011 жыл.

экстрадициялау – халықаралық заңды өрескел бұзу болып саналады.

Human Rights Watch ұйымының сарапшысы Стив Свердлов: «Өзбекстанда азаптау әдетке айналып кеткені ешкімге жасырын емес. Өз елінде қылмыстық айып тағылған Өзбекстан азаматтарын Қазақстанның экстрадацияламай қоюына толық құқы бар» дейді.

32 босқынның кейбіреуімен тұтқындалғанға дейін сұхбаттасқан International Federation for Human Rights ұйымының дерегінше, босқындапдың туыстары мен әріптестерінің берген мәліметтерінде ол азаматтардың Өзбекстаннан діни көзқарастары үшін қудаланудан қауіптеніп қашқан мұсылмандар екені белгілі болған. 32 тұтқынның екеуі – тәжік, қалғаны – өзбек. Өзбек билігі «босқындарға мемлекетке қарсы әрекет жасады» деп және діни көзқарастары бойынша айып тағып отыр.

ӨЗБЕКСТАНДА ТҰТҚЫНДАРДЫ АЗАПТАУ – ҮЙРЕНШІКТІ ІС

Human Rights Watch ұйымы 2010 жылдың желтоқсанында Қазақстан бас прокурорына жолдаған хатында өзбек билігінің діни көзқарастары бойынша айып таққан азаматтарды қалай азаптағаны жайында жазған болатын.

32 азаматтың біразы ұсталған 2010 жылдың маусымынан бері Human Rights Watch ұйымынан өзге төрт ұйым да Қазақстан билігін босқындарды экстрадицияламау жайлы өз міндеттемесін сақтауға шақырып келеді.

Human Rights Watch өзбек билігінің он жылдан астам уақыт бойы сенімі, ғибадаты мен өзге де ұстанымдары үкіметтің ұстанымымен сәйкес келмейтін тәуелсіз мұсылмандарға қарсы үздіксіз күрес жүргізіп келе
Францияда тұратын құқық қорғаушы Надежда Атаева Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің Европа одағы астанасына келуіне қарсылық білдірген акцияға қатысып тұр. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл.

жатқанын да жазады. Құқық қорғау ұйымдары полицияның діни сенімі бойынша айыпталған азаматтарды азаптағанын, құқын бұзғанын анықтаған.

БҰҰ Өзбекстандағы қамауға алынғандар мен түрмедегілердің азапталуы және құқықтарының аяққа тапталу жайлы есепті тіркеп отырады.

БҰҰ-ның азаптау мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Тео ван Бовен 2003 жылы Өзбекстанда азаптау шараларының жүйелі түрде жүргізілетінін анықтаған. Ұйымның Азаптауға қарсы комитеті 2007 жылғы мерзімдік шолуында Өзбекстанда тұтқындарды азаптаудың әдетке айналып кеткенін және оның мүлдем жазаланбайтынын да анықтады.

ҚАЗАҚСТАН «ҮЛГІ БОЛУЫ КЕРЕК»

«Қазақстан күштеп экстрадицияламау ұстанымын әлденеше рет өрескел бұзды. Бірақ енді олай болмауы тиіс. ЕҚЫҰ-ның соңғы төрағасы ретінде Қазақстан өзі қосылған халықаралық келісімдерді орындап, өзге мемлекеттерге үлгі болуы керек» дейді International Federation for Human Rights ұйымының мүшесі Амандин Рейгмей.

Қазақстан 2010 жылдың қыркүйегінен қараша айына дейін саяси баспана сұрап келген төрт Өзбекстан азаматын – Хуршид Камилов, Саидахмад Холматов және Омарәлі Абдурахманов пен Расул Рахмановтарды заңсыз экстрадициялады. Өзбекстан соты кейін Расул Рахмановқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Қазақ билігі 2008 жылы да Әндіжан
Ұйғыр босқыны Ершиддин Исраилдың Қытайға экстрадициялануына қарсы шара. Алматы, 28 мамыр 2011 жыл.

қырғынынан кейін Қазақстанға пана сұрап келген Рафик Рахмоновты да Өзбекстанға экстрадициялаған болатын.

«Қазақстан экстрадациялау принципін бұған дейін де бұзып, босқындарды күштеп қайтарған жайттар болған. Қазақ билігі 2009 жылы Үрімжіде болған тәртіпсіздіктен кейін Қазақстанға қашып келген ұйғыр босқыны Ершидин Исраилге босқын мәртебесін беруден бас тартып, оны биыл 30 мамырда Қытайға қайтарды» дейді Human Rights Watch ұйымы.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОСҚЫНДАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢЫ

Негізі, 2010 жылдың қаңтарында күшіне енген «Босқындар мәртебесі туралы» жаңа заң негізінде Қазақстаннан саяси баспана сұрап келген бір босқын босатылып, оған босқын мәртебесі берілген. Алайда жаңа заңның қабылдануымен 32 босқынға ресми мәртебе беруден бас тартылды. Қазақстанның босқындар жайлы соңғы қабылданған заңын құқық қорғау ұйымдары адам құқықтары мен босқындар жайындағы халықаралық заңдарға қайшы келеді деп сынаған да болатын.

Бес ұйымның атынан жазылған ашық хат Қазақстан билігін «әрбір тұтқын мен оның отбасы мүшелеріне мұқияттылықпен қарап, оларға халықаралық талаптарға сай баспана беруге» де шақырыпты.

Human Rights in Central Asia ассоциациясының президенті Надежда Атаева:

– Кейбір судьялардың, тіпті, Өзбекстандағы азаптауға қатысты жақсы дайындалған құжаттарды қараудан бас тартуы босқын мәртебесін сұрап отырған тұтқындарға қатысты апелляциялық үрдістің әділетті өтуіне алаңдаушылық туғызады, – деген пікір айтады.

Ашық хатта бес ұйым Қазақстанның халықаралық заңдарға, оның ішінде 1951 жылы қабылданған Босқындар мәртебесі жайлы конвенция мен оның 1967 жылы қабылданған хаттамасына және Азаптауға қарсы конвенцияға қосылғандықтан күштеп экстрадицияламау ұстанымын сақтауға міндетті екенін ескертеді. «Сол себепті Қазақстан өз елінде азаптау мен өзге де құқық бұзушылық қаупі төніп тұрса, босқын мәртебесін сұрап келген сол елдің кез-келген азаматын экстрадициялауға құқы жоқ» дейді хат иелері.
XS
SM
MD
LG