Accessibility links

Босқындар саммит қонақтарынан көмек сұрады


Өзбек босқындарының әйелдері жұбайларын қамаудан босатуды сұрап Алматы қалалық прокуратурасына келді. 13 қыркүйек 2010 жыл.

Өзбек босқындарының әйелдері жұбайларын қамаудан босатуды сұрап Алматы қалалық прокуратурасына келді. 13 қыркүйек 2010 жыл.

Астанадағы ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларға үндеуінде өзбек босқындары өздерінің тағдырына араша түсуді сұрады. Адам құқығын қорғаушылар халықаралық құжаттардағы ережелерді Қазақстанның орындамай отырғанын айтады.


Бір топ өзбек босқыны Астанадағы ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларға үндеу жолдап, өздерін Отанына қайтармақшы болып отырған қазақ билігіне ықпал етуді сұрады. Олар Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттерін еске салады.


ҮНДЕУ

Билікке үндеу жолдап, нәтиже шықпасын білген бір топ өзбек босқыны енді Астанада өткелі жатқан ЕҚЫҰ саммитіне қатысушы халықаралық ұйым өкілдерінен көмек сұрап отыр. БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ислам конференциясы ұйымы өкілдеріне бағытталған бұл үндеуде олар өздерін елге қайтармақшы болып отырған ҚР Бас прокуратурасының шешімін заңсыз деп бағалап, Қазақстан жағы халықаралық құжаттарға сәйкес алған міндеттемелерін орындамай отыр деп шағымданған.

«...ҚР Бас прокуратурасы «Босқындар туралы заңның» 18-ші бап, 2-ші
Алматы прокуратурасына келген босқын әйелдер үш айдан астам абақтыда отырған жұбайларын босатуды сұрап, прокурорға арыз жазып жатыр. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
бөлімін ашық түрде жоққа шығарып отыр. Оған сәйкес, нәсілдік, ұлттық айырмашылық, діни көзқарас, азаматтық, саяси көзқарасы үшін өмірі мен бас бостандығына қауіп төніп, баспана іздеген азаматтарды өз елдеріне қайтаруға тыйым салынған», – делінген қарашаның 29-ы күні интернет арқылы таратылған үндеуде.

Бұған қоса, олар Қазақстанның өзі қол қойған халықаралық құжаттарды, атап айтқанда, БҰҰ-ның «Босқындардың мәртебесі туралы», Қысымға қарсы конвенциялары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде жазылған ережелерді орындамай отырғанын жазады.

Биыл жазда Алматыда қазақ полициясы «Мигрант» операциясы барысында елу өзбек босқынын ұстап, олардың отызын тергеу абақтысына қамады. Алматыдағы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен әділет министрлігінің қамау мекемелерінде отырған олардың біреуін полиция өкілдері Өзбекстанның құқық органдарына қайтарып та үлгерді. Арнайы органдар босқын мәртебесін сұрап келген бұл азаматтардың тек біреуінің ғана өтінішін қанағаттандырған.


«БҰЛ БІЗ ҮШІН ӨЛІММЕН ПАРА-ПАР»

Қазіргі кезде қамауда отырған 28 өзбек азаматы жазған үндеуде олардың кейбірі Қазақстанда 2005 жылдан бері тұрып келе жатқаны айтылған. Үндеу авторлары өздеріне Өзбекстанның жала жауып отырғанын жазған. Олардың бір бөлігі БҰҰ босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары берген мандат негізінде босқын мәртебесіне ие көрінеді. Және өздерін қылмыскерге балап, өзбек билігіне өткізбек боп отырған Қазақстанның тосын әрекетіне «таңырқап, ренжиді».

Өз айтуларынша, егер Қазақстан бұларды елдеріне қайтаратын болса, босқындар үшін ол «өліммен пара-пар» болмақ. Олардың жазуынша,
Алматыда абақтыда жатқан өзбек босқындарының балалары. 29 тамыз 2010 жыл.
діни-саяси көзқарасы үшін азаматтарды қинап, азаптаудың неше атасын қолдану – Өзбекстан үшін әдеттегі жағдай.

Олар мұны «Хьюман Райт Уотч», «Амнести Интернешнл» сияқты т.б. халықаралық беделді ұйымдардың да мойындап отырғанын алға тартып, ендігі үмітті тек халықаралық ұйым өкілдерінен күтетінін жазады.

«Бүгінгі таңда Қазақстан бізге баспана беруден бас тартып отыр. Әрине, босқындарды қабылдау-қабылдамау – әр мемлекеттің өз еркі. Каримов режимімен қарым-қатынасты нашарлатқысы келмеген болар. Бірақ Қазақстан босқындарға өз территориясын өз еріктерімен тастап кетуге неге мүмкіндік бермейді? Өз заңдары мен халықаралық конвенцияға қайшы келе отырып, босқындардың басын өлімге тігіп, өз еліне қайтармақшы ма? Бұл істе сенген БҰҰ босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссарымыз неге үнсіз? Халықаралық қауымдастық қайда қарап отыр? Барлығына осы азаматтар мен олардың отбасы, бала-шағаларының тағдыры бәрібір болғаны ма?..» делінген үндеуде

Осы мәселеге байланысты түсіндірме алу мақсатымен хабарласқан Азаттық тілшісіне ҚР Бас прокуратурасындағылар редакция атынан ресми өтініш жолдау қажеттігін алға тартты. Ал Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінен ешқандай жауап ала алмадық.


ҰЛТТЫҚ ЗАҢНАМА ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰЖАТТАР

Саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанда халықаралық құжаттардың ұлттық заңдардан артықшылығын атап көрсетеді.

– Саяси босқын мәртебесін беру мәселесіне келсек, сол субъект орналасқан ел саяси баспана беру мәселесіне қатысты қажетті шешімдер шығаруы тиіс.
Қазақстандағы өзбек босқындарын Өзбекстанға беруге қарсылық білдіріп өзбек диаспорасының өткізген пикеті. Стокгольм, 17 қыркүйек 2010 жыл.
Егер мұндай шешімді Қазақстан қол қойған құжаттар негізінде халықаралық ұйымдар шығарса, мемлекет бұл шешімге бағынуы тиіс, – деді «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай.

Алматы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокинаның пікірінше, бұл жағдай халықаралық және ұлттық заңнамалар арасындағы қайшылықтан туындап отыр.

– Қазақстан Республикасының заңдары тұрғысынан алсақ, бұл – заңды. Ал өз Отанында қысым күтіп тұрған босқындарды өз елдеріне қайтаруға тыйым салатын халықаралық келісім-құжаттар тұрғысынан алсақ, бұл – заңсыз болады. Біз бұл құжаттардың барлығын да қабылдағанбыз. Яғни, бұл жерде халықаралық құқық пен ұлттық заңнама арасында қайшылық бар, – деді Нинель Фокина.

Ол сонымен қатар, халықаралық құжаттардың аймақтық деңгейде қабылданған құжаттардан да дәрежесі жоғары екенін қадап айтты. Осы
Алматы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина. Алматы, 4 қыркүйек 2009 жыл.
тұрғыдан алып қарағанда адам құқығын қорғаушы Қазақстанның бұл әрекетін заңсыз деп бағалайды.

– Шанхай Ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы алдында Қазақстанның алған міндеттемелері бар. Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы аясында Минск конвенциясы қабылданды және Қазақстан билігі халықаралық пактіден бұрын осы Конвенцияға басымдық беріп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық құжаттарды ұлттық заңнамалардан артық деп белгілеген Конституцияға жүгінсек, онда былай болып шығады. Әлемдік деңгейдегі құжаттар (мәселен, БҰҰ) мен аймақтық деңгейде (екіжақты немесе көпжақты) қабылданған құжаттар болады. Нақты жағдайда қазақ үкіметі әлемдік деңгейде қабылданған Халықаралық пактіні орындамай отыр, – деді Нинель Фокина.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG