Accessibility links

Алты жыл бұрынғы Әндіжан қырғынын құқық қорғаушылар ғана еске алады


Үкімет күштері басып-жаншыған Әндіжан қырғынында қаза тапқандарға құран бағыштау. Әндіжан, 14 мамыр 2010 жыл.
Үкімет күштері басып-жаншыған Әндіжан қырғынында қаза тапқандарға құран бағыштау. Әндіжан, 14 мамыр 2010 жыл.

Өзбек құқық қорғаушылары 13 мамырды Аза күні деп жариялауды сұрап отыр. Әндіжандағы қанды қырғынды басқаларды айтпағанда Орталық Азияның өзі де сирек еске алатын болды. Бұл өңірдің биліктері Әндіжан қырғынына тыжырына қарайды.


АЗА КҮНІ

Әндіжан қырғынына алтыншы жыл қарсаңында ташкенттік құқық қорғаушылар Өзбекстан президенті мен парламентіне ашық хат жолдап, 13 мамырды Аза күні деп жариялау жөнінде ұсыныс жасады.

«Хат авторлары Әндіжандағы 2005 жылғы қырғын кезінде жақындары мен туыстарынан айрылғандардың қайғысына ортақтасқысы келетіндердің барлығын 13 мамыр күні сағат 11-де Ташкенттегі Ерлік монументіне гүл қоюға шақырды» деп хабарлайды тәуелсіз Uznews.net. сайты. Елдің өзге өңірлерінің тұрғындары Әндіжан оқиғасының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алуына болады.

«Мемлекеттік органдар өз қателіктерін ашық мойындауы тиіс, – деп жазады құқық қорғаушылар, – жазықсыз қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жұртшылық алдында кешірім сұрауы тиіс және Әндіжан облысындағы қанды оқиғаның құрбандарын жыл сайын еске алуға міндетті».

ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН

2005 жылы 13 мамырда Әндіжан қалалық хокимиятының (әкімдігінің) алдындағы Бабыр алаңында билік «акрамистер» деген айып тағып, тұтқынға алынған 26 бизнесменді қорғауды көздеген митинг өтті.

Өзбекстан билігі бұл бизнесмендерді 1990 жылдары тыйым салынған «Акрамия» қозғалысының жақтастары деп мәлімдеді. Бірақ ол ұйым жөніндегі мәліметтердің екіұштылығы соншалықты, тіпті кейбір сарапшылар
Жергілікті тұрғындар билік қатыгездікпен басып-жаншыған шеруде құрбан болған адамның денесін әкеле жатыр. 14 мамыр 2005 ж.
«мұндай ұйым ешуақытта болған емес, оны «діни экстремистер» деп аталып жүргендерді торға түсіру үшін биліктің өзі ойлап тапты» деген болжамға тоқтады.

Митингіге шыққан Әндіжанның бірнеше мың тұрғыны халықтың әлеуметтік жай-күйін жақсарту және елдегі қуғын-сүргін саясатын доғару жөнінде талаптар қойды.

Өзбекстан билігі митингіні асқан қатігездікпен жаншыды. Ресми мағлұматқа қарағанда осы оқиға кезінде 187 адам көз жұмған. Оның ішінде әскери қызметкерлер мен полицейлер де бар, бірақ басым көпшілігі «бизнесмендерді түрмеден шығарып алмақ болған әлдебір экстремистер мен исламшылдар». Ал тәуелсіз бақылаушылардың байқауына қарағанда сол күні мыңнан астам Әндіжан тұрғыны мерт болған.

Алайда қаза болғандардың дәл саны сол күйі белгісіз қалды.

Сонымен қатар, әскер қарусыз халыққа қарсы жаппай оқ атар қарсаңда жергілікті гарнизонға шабуыл жасау арқылы қолдарына қару-жарақ түсіріп, «өз адамдарын» түрмеден босатып алуға аттанған және кепілдікке адам алған адамдардың кім екені де айтылмай, жұмбақ болып қалды.

ӘЛІ КҮНГЕ ҚУДАЛАЙДЫ

Әндіжан қантөгісін көзімен көрген Сохибжон-ата 2010 жылы Азаттық радиосына сұқбат берген еді. Аты-жөнін толық айтуға қорыққан ол былай деді:

– Өзбекстан баспасөзінде еркіндік жоқ. 2005 жылы Әндіжанда түк болмағандай, ешқайсысы бұл тақырыпқа жуығысы келмейді. Көпшілігі ұмытып та кетті. Тек туған-туыстарынан айырылғандар ғана сол бір қасірет күнді естен шығармайды. Ал қалған жұрт ештеңе білмейді де, сезбейді де.

Сохибжон-ата Өзбекстан билігі қайсыбір себептермен сол оқиғаға куә болып қалған адамдарды әлі күнге қудалайтынын айтады.

2010 жылы Нъю-Йоркте орналасқан «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық
Австралиядан оралған соң Өзбекстанда ұзақ жылға сотталған Дилорам Абдулқадырова.
құқық қорғау ұйымы жариялаған есепте 2005 жылы 13 мамырда Қырғызстанға қашып, одан Австралияға кеткен, тек 2010 жылы 8 қаңтарда ғана еліне оралған Дилорам Абдулқадырованың тағдыры сөз болады. Осы бір талайсыз әйелдің тағдыры туралы Азаттық радиосы да егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Жергілікті билік оның отбасын «Дилорам еш қауіптенбестен елге орала берсін» деп бірнеше рет сендірді. Соған қарамастан 2010 жылы 21 сәуірде Дилорам Абдулқадырова көш-құлаш айыппен, оның ішінде «шекарадан заңсыз өтіп, елдің конституциялық құрылысына нұқсан келтірді» деген бап та бар, Әндіжан сотының алдында тұрды.

Оның туыстары 2010 жылы 28 сәуірде болған сотта Дилорам Абдулқадырованың бет жүзінде соққы іздері болғанын айтады. Аз уақытта-ақ әбден азып-тозған ол отбасы мүшелерінің көзіне қарамауға тырысыпты.
Ал 2010 жылы 30 сәуірде оны 10 жыл екі айға соттап жіберді.

Әндіжан оқиғасынан кейін Қырғызстанға, содан соң Еуропаға, АҚШ пен Австралияға қашқандардың балаларын да әлсін-әлсін тергеуге алып, мектептерде оларды «қылмыскерлердің, отанын сатқандар мен халық жауларының» баласы дейтін көрінеді.

«БІЗ СЕНДЕРДІ ҰМЫТПАЙМЫЗ!»

Осыдан бір жыл бұрын Ташкентте Әндіжан құрбандарын еске алу апталығы өтті. 13 мамырға дейінгі бір апта бойы Өзбекстан құқық қорғаушылары Ташкент көшелеріне шығып, қолдарына қатыгездікпен атылған әндіжандықтарды еске алуға шақырған ұрандар ұстап тұрды.

Мәселен, азаматтық белсенді Виктория Баженова «2005 жылғы Әндіжан
Әндіжан қырғыны құрбандарын еске алу. Киев, Украина, мамыр, 2010 жыл.
құрбандары: сендердің қандарыңның әр тамшысы – бостандықтың бүршігі! Өзбекстан президенті И.Ә. Кәрімовты сотқа тартуды талап етеміз» деген ұран көтеріп шықты.

Тағы бір белсенді Матлюба Жұмабаева «Атылған әндіжандықтар, сендердің қандарың – біздің еліміздегі демократияның өтеуі. Біз сендерді ұмытпаймыз!» дейтін плакат ұстап тұрды.

Әндіжан құрбандарын еске алу апталығына қатысушылар жолай өтіп бара жатқан адамдардан 2005 жылы 13 мамырдағы Әндіжан оқиғасын қаншалықты білетіндігі жөнінде сұрағанда, олар ашық жауап бергісі келмеді. Ал кейбіреулер «ол күні террористер өліп, бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ» деп жауап бергенді дұрыс көрді. Ташкенттің кей тұрғындары ғана Әндіжан оқиғасын еске алу акциясын ұйымдастырушы азаматтық белсенділерге алғысын айтты.

ТАМҒАН ҚАН, ТӨГІЛГЕН ЖАСТЫ ҰМЫТТЫРМАҚ

Түркияда тұратын журналист және тарихшы Дана Абиазид Азаттық радиосында жарияланған «Өзбекстанда ұмытылып бара жатқан көтеріліс» деп аталатын мақаласында «Өзбек билігінің құрбан болғандарды дереу жерлеп, аққан қанды жылдам «сүртіп», оқиғаны сынағандардың аузын жауып тастағандықтан өзбек әскерилері қырған жүздеген бейкүнә жанның жан айқайын, адам құқын қорғау ұйымдарының тәуелсіз зерттеу жүргізуге
Үкімет әскері жергілікті тұрғындардың наразылық жиынын басып-жаншығаннан кейінгі қала көшесі. Әндіжан, 14 мамыр 2005 жыл.
шақырған дауысын еститін құлақ болмады» деп жазды.

«Әндіжандағы қырғынға батыстық ақпарат құралдарының соңғы беттерінен ғана орын тиген еді. Ал Тунис, Египет, Ливия және басқа да елдердегі осыған ұқсас – Өзбекстандағымен салыстырғанда, әлдеқайда бейбіт – оқиғалар бүкіл әлемге толассыз таратылып, мәселе халықаралық деңгейде көтеріліп жатты».

2005 жылдан бері Әндіжанда көп нәрсе өзгерді. Жергілікті әкімдік қамал секілді жаңадан ғимарат салып алды. Шерушілер жиналған Бабыр алаңы жойылды. Оның орнында фонтан атқылатып, жан-жағын гүлмен көмкеріп қойды. Бабыр есімі қала орталығынан шалғайдағы басқа алаңға берілді. Сонымен қатар қанды оқиғаның еріксіз «куәгеріне» айналған, ХҮ ғасырда Әндіжанда туған Бабырдың ескерткішін де сол жаққа апарып тастады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG