Accessibility links

Шекара түбіндегі ауылдың «қауіпті» әрі жұтаң тіршілігі


Қазақ-өзбек шекарасында тұрған Достық ауылы әйелдері ыдыс-аяқ жуған кезде де суды үнемдеп пайдаланатындарын айтады.

Қазақ-өзбек шекарасында тұрған Достық ауылы әйелдері ыдыс-аяқ жуған кезде де суды үнемдеп пайдаланатындарын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы тұрғындары «шекара түбінде күн көру қауіпті әрі қиын» және өздерінің «түгел жұмыссыз» екенін айтты. Жергілікті билік «тұрғындардың күн көріс деңгейі орташа, оларды қазақ-өзбек шекарасынан көшіруге жер бөлінген» дейді.

Достық – Сарыағаш қаласынан шамамен 50 километр жерде тұрған Ұшқын ауылдық округіне қарайтын шағын ауыл. Онда 2005 жылы қазақ-өзбек шекарасы белгіленгенде көрші елдің Науаи ауылынан бөлініп қалған 13 отбасы, 46 адам тұрады.

Шекара сымының жанындағы мал қора. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Шекара сымының жанындағы мал қора. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Азаттық тілшісі Достыққа тозығы жеткен тас жолмен барды. Әуелі байқалған дүние - әр үйге шекара сымы тиіп тұр. Мал қора мен шекара сымының арасы бір метр де шықпайды. Шамамен 200-300 метр арыдағы мұнараларда өзбек шекарашылары, қару асынып жүрген әскерилер көрінеді. Ауыл бақылауы қатал бақыланатын шекара сызығында тұрғандықтан болар, құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Қорадағы азын-аулақ мал жайылымда. Жұрт тіршілігі жұпыны.

Ауылда мектеп, емхана сияқты бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Ауызсу мен газ тартылмаған, саман кірпіштен соғылған он шақты ескі үй ғана қалқияды. Ауыл сырты - қураған сары дала. Осында тұратын Серік Алиқұлов:

Достық ауылының тұрғыны Серік Алиқұлов жұмыссыздық кесірінен ауылдағы өмірдің қиындағанын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Достық ауылының тұрғыны Серік Алиқұлов жұмыссыздық кесірінен ауылдағы өмірдің қиындағанын айтады. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

- Шекара түбі болған соң қауіпті. Ауыл ашық жатыр. Шекара бұзып өтетіндер болса, бірінші қауіп бізге келеді. Мал-жанымыз тартылған сымға тиіп кете ме деп алаңдап отырамыз. Қазақстан азаматтығын алғанымызға 11 жыл болды. Алғашында ауылды көшіреміз деген. Әлі тыныш. Жер телімін береміз дейді. Жер берілсе де үй салатын күйіміз жоқ, - дейді Серік Алиқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, мектеп жасындағы 10 бала арнайы бөлінген шағын автобуспен көрші ауылдың мектебіне қатынап оқиды.

- Тұрғындардың барлығы жұмыссыз. Егін салуға ағын су жоқ. Жалдамалы қара жұмыс істеп, қорадағы үш-төрт малды бағып күн көріп отырмыз, - дейді ол.

Серік Алиқұловтың інісінің отбасында бес адам бар. Інісі де, келіні Жанар Алиқұлова да жұмыссыз. Жанар Алиқұлова «күн жылыда көрші ауылдарда қара жұмысқа жалданып, күніне 1000-1500 теңге нәпақа тауып қайтатындарын» айтады.

Достық ауылының тұрғыны Жанар Алиқұлова.

Достық ауылының тұрғыны Жанар Алиқұлова.

- Ауылда бәрі жұмыссыз. Қара жұмысқа жалданып, күн көреміз. Ерте кетеміз, кеш келеміз. Шабық шабамыз, егін жинаймыз. Алматы мен Астанаға жұмыс іздеп, тентіреп кететін кезіміз көп. Балаларды айлап көрмейміз. Олардың қасында болмасақ, не тірлік бұл? - дейді ол.

40 жастағы келіншектің сөзінше, «Ауылда егін егуге мүмкіндік жоқ. Мал өсіруге жайылым тар». Ауыл тұрғындарының дені жұмыссыздықтан, жоқшылықтан «тозып кеткендерін» айтты. Күніне есек арбамен төрт километр жердегі көрші ауылдан су таситын Марат Қансейітовтың айтуынша, «әкімдік тартып берген құдық суы ащы, кір жууға да жарамайды».

- Әкімдік аптасына бір рет ауызсу тасуды ұйымдастырғаны болмаса, су таситын көліктің майын ортадан ақша шығарып өтейміз, - дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Шекарадағы ауылдың жұпыны өмірі (суретті басыңыз)

«Балаларым өсіп келеді, ал мұнда егін егуге де, мал бағуға да мүмкіндік жоқ» деген тұрғын Ұлықбек Жүсіпов шекара аумағынан тыс жерге (250 метр – ред.) көшкен күнде де қазіргі жағдайларының өзгеретініне күмәнданады.

- Үкімет береді деген жер телімі мында тұр (шекара сызығынан 250 метр қашықта – ред.). Ол жерде де жұмыс болмайды, егін егуге су жоқ. Сонда мен не істеуім керек? - дейді ол наразы кейіппен.

ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Ұшқын ауылдық округінің әкімі Тасбау Полатовтың айтуынша, «шекара сызығының түбінде тұрғанымен ауыл тұрғындарына еш қауіп жоқ».

- Тұрғындардың 20-дан астамы жұмыс істеуге қабілетті. Барлығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде тұр. Мал бағатындар қатарында. Әлеуметтік жағдайы орташа деп саналады. Ал ауылдың қанша тұрғыны зейнет жасында екенін құжаттардан қарамасам, нақты айта алмаймын - дейді әкім.

Ұшқын ауылдық округінің әкімі Тасбау Полатов. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Ұшқын ауылдық округінің әкімі Тасбау Полатов. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Тасбау Полатов ауылда ауызсудың, газдың жоқ екенін растады. Оның сөзінше, «Жергілікті билік ауылға кәсіпкерлер қаржысына құдық қазып берген. Аптасына бір рет төрт тонна ауызсу тасуды ұйымдастырған». Шекара түбінде орналасқанын ескеріп, тұрғындарды ауылдың қазіргі тұрған жерінен 250 метр қашықтан 80 гектар жерге көшіру жұмыстарын бастаған.

- Ондағы 323 жер телімінің (15 сотықтан – ред.) 13-і Достық ауылы тұрғындарына беріледі. Қазір құжаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жарық тартылып, жол төселген соң жер береміз. Мәселе төрт-бес жыл ішінде шешіледі. Қазір шекара сызығын 70 метрге шегеру жайы қаралып жатыр. Егер шекараны шегеру қаулысы шықса, жермен бірге үй салып беруге қосымша қаражат қаралатын болады. Шыдау керек, - дейді әкім.

Достық ауылындағы тұрғын үйлердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Достық ауылындағы тұрғын үйлердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 20 қыркүйек 2016 жыл.

Тасбау Полатовтың сөзіне қарағанда, екі мемлекет шекара келісімін бекіткеннен кейін осындай күйге түскен ауыл тұрғындарына осы ахуалға қатысты ешқандай өтемақы төленбейді. Алайда Достық тұрғындары Қазақстан азаматтарына тиесілі барлық әлеуметтік көмек түрлерін алып отыр. Әкім жаңадан берілетін жерге де ағын суды жеткізу қиын екенін мойындайды, алайда ол ауызсу жүргізілетінін, ауыл аумағына 80 гектар жер берілсе, оған қоса, 450 гектар жайылым да бөлінетінін мәлімдеді.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасының ұзындығы 2 мың километрден асады. Екі елдің шекара жөніндегі шарты бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне деген аумақтық талаптары жоқ.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG