Accessibility links

Оңтүстік Кореядан Ташкент арқылы ұшып келе жатқан Қазақстан азаматы Өзбекстанда жоғалып кеткен. Бір апта бұрын жоғалған 27 жастағы жігіттің әкесі ұлын «Өзбекстан қауіпсіздік қызметі ұстады» деп болжайды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі жоғалған жігіт туыстарының өтінішін күтіп отыр.

ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «АЛЫП КЕТКЕН»

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам кентінің тұрғыны Вохиджон Ниязов шілденің 28-і түнде Оңтүстік Кореядан Өзбекстанның Ташкент қаласы әуежайына келіп түскен. Кедендік бақылау постына кіргеннен кейін оны ешкім көрмеген. Азаттық тілшісіне Вохиджон Ниязовтың әкесі Ниматжан Ниязов:

- Маған шілденің 29-ы күні таңертең туыс інім хабарласып, Вохиджонды түнімен әуежайда күткенін, алайда оның шықпағанын айтты. Вохиджон бізге тосын сый жасамақ болып, келе жатқанын әдейі хабарламаған екен. Тек туысқан інімді «күтім ал» деп шақырған, - деді.

Ниматжан Ниязов «шетелге шығатын паспорт жасатып, ұлын іздеу үшін тамыздың 5-і күні Өзбекстанға аттануға бекініп отырғанын» айтты.

...кеден бекетінде ұлымның сақалы көзге түскенін, содан соң телефонында діни жазбалар болғанын, Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі алып кеткенін айтыпты.

- Ташкентке паспорты бар туыстарым барды, оларға [әуежайдың] кеден бекетінде ұлымның сақалы көзге түскенін, содан соң телефонында діни жазбалар болғанын, Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі алып кеткенін айтыпты. Бір апта болды ұлымнан ешқандай хабар жоқ. Кімге, қайда барарымды білмей отырмын, - дейді Ниматжан Ниязов қобалжып.

Ол әзірге ешқандай органға арызданбағанын айтады. Алдымен Ташкентке барып, ұлын өзі іздеп көрмек. Ниматжан Ниязовтың сөзінше, жалғыз ұлы Вохиджон Оңтүстік Кореяға наурыздың 17-сі күні кеткен.

- Сол жақта алдымен бір заводта қара жұмысшы болды, кейін арбуз жинапты, онан соң құрылысқа жұмысқа кірген екен. Азын-аулақ ақша жинап, келген соң үйлендірейік деген едік. Оның сақалы бар, намаз да оқиды, бірақ әсіре діншіл емес. Сөзі де ісі де түзу болатын, полициямен ешқандай байланысы да болмаған еді, - дейді Ниматжан Ниязов.

Азаттық тілшісі хабарласқанда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл жайттан бейхабар болып шықты. Министрліктің ресми өкілі Әнуар Жайнақов:

Ташкент әуежайындағы кедендік тексеру пункті алдындағы кезек. Фотография Азаттықтың Өзбек қызметінен алынды. (Көрнекі сурет)

Ташкент әуежайындағы кедендік тексеру пункті алдындағы кезек. Фотография Азаттықтың Өзбек қызметінен алынды. (Көрнекі сурет)

- Біріншіден, ақпараттың рас-өтірігін анықтауымыз керек. Екіншіден, ол азаматты қандай орган ұстағанын, не үшін ұстағанын білуіміз қажет. Сондықтан ұсталған азаматтың туыстары бізге хабарласып, өтініш жасау керек, содан кейін тиісті органдарға сұрау саламыз, - деді.

Ол сонымен бірге, «Кез келген шетелдің билік органдары біздің азаматтарды ұстаса, бізге міндетті түрде хабар береді. Бірақ әр ел әрқалай - бір мемлекет сол күні хабар берсе, өзгелері бес-жеті күнде хабарлайды. Өзбекстанмен әзірге ондай оқиға болған емес, сондықтан Өзбекстанның әдетте қанша күнде хабарлайтынын білмейтінін» айтты.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТІЛШІЛЕР МӘЛІМЕТІ

Азаттықтың Өзбек қызметі де Вохиджон Ниязовтың қайда екенін анықтауға тырысып жатыр. Өзбек редакциясы тілшісі Ташкент әуежайында Вохиджон Ниязовтың жақын туысымен сөйлескенін жазады. Аты-жөнін жарияламауды сұраған ол адам:

​– Әуежайдың кейбір қызметкерлері маған оны бес полицейдің көлікке күштеп отырғызып, бір жаққа алып кеткенін айтты. Олар әлгілердің Вохиджонды сақалына бола тергегенін де көрген. Бірақ оны қайда әкеткенін білмейді. Ташкент әуежайында Вохиджонның туыстарына «милицияға немесе ұлттық қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыздар, солар тауып береді» деді, - деген.

Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері Өзбекстан қауіпсіздік органдарынан қандай да бір мәлімет ала алмаған. Ташкент әуежайы ешқандай ресми мәлімет бермеген. Ташкенттегі Қазақстан елшілігі өкілдері Вохиджон Ниязовтың қайда екенін білмейтіндерін, оны іздеу үшін туыстарының өтініш түсіруі керек екенін хабарлаған.

Ташкент милициясы. (Көрнекі сурет)

Ташкент милициясы. (Көрнекі сурет)

Мектеп бітіргеннен кейін Вохиджон Ниязов ағаш өңдеумен, ұсталықпен айналысқан. Туыстары оның кейінгі кезде әкесінің орнына такси жүргізгенін айтқан.

Азаттықтың Өзбек қызметі Өзбекстан қауіпсіздік қызметкерлерінің бұған дейін шекаралық кедендерде қалта телефондарынан діни сипаттағы жазбалар табылған Ресей мен Қырғызстанның бірнеше азаматын ұстағанын жазады. Кейінгі жылдары әуежайда шетелден отанына келген өзбекстандықтар да ұсталған. Өзбек редакциясы әдетте телефонында немесе компьютерінен Өзбекстан билігі діни-радикалдық деп санайтын жазбалар табылған азаматтардың әуелі бірнеше күнге қамалып, артынан үстілерінен қылмыстық іс қозғалатынын ескерткен.

Осы тақылеттес оқиға Қазақстан азаматының басында осыдан төрт жыл бұрын болған. Қазақ-өзбек шекарасында нетбугынан «діни-экстремистік сипаттағы файлдар табылды» деп айыпталған Ермек Қосмағамбетовті Ташкент соты бес жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі қамау колониясында өтеуге үкім шығарған.

Ермек Қосмағамбетовтың қасында болған Ақмарал Шәкірова нетбук басқа адамдікі болғандықтан, оның ішінде діни мазмұндағы материалдар барын білмегендерін, ол «діни материалдарды» экстремистік деп сипаттауға келмейтінін айтқан еді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG