Accessibility links

Ферғанада хиджаб пен мешіт биліктің қырына ілікті


Өзбекстанда электронды сағаты өшірілді делінген мешіттердің бірінің аркасы.
Өзбекстанда электронды сағаты өшірілді делінген мешіттердің бірінің аркасы.

Ферғана алқабының Өзбекстанға тиесілі аймағында базарларда киім кию тәртібіне жаңа өзгерістер енгізіліп, мешіттердегі намаз уақыттарын көрсететін электронды сағаттар өшіріліп жатыр.

Азаттықтың Өзбек қызметі сәуірдің соңында Қоқанд және Маргилан қалаларында жай киім киген кісілердің базарларды аралап, хиджаб киген әйелдерді орамалдарын шешуге мәжбүрлеп жатқаны туралы хабарлаған.

Өкінішке қарай, Өзбекстанда ел ішінде таралған ақпаратты растау өте қиын. Халықаралық қауымдастықтың сынынан қорыққаннан ба, билік цензура сүзгісінен өтпеген ақпараттың таралып кетпеуіне көп мән береді.

Ал Азаттық радиосының тілшісімен сұхбаттасқан кісілер қудалаудан қорқып, аты-жөндерін айтпауға тырысады.

«ХИДЖАБ КИЮГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН»

Тілшіміз бұл қалалардағы базар кіреберісінде «лайықты киім үлгісі» туралы ескертпелердің пайда болғанын хабарлайды. Ескертпедегі жазуда әйел кісілердің «араб, Иран, түрік және Пәкістан стилінде» хиджаб киюіне тыйым салынатыны айтылған.

Ер кісілерге де киім киюдің жаңа тәртібі ұсынылған: бұдан былай базарларда ерлердің ақ түсті тақия киіп жүруіне де тыйым салынған. Мұндағы өзбек және тәжік ұлтының өкілдері көбіне қара түсті тақия киетіндіктен, оларға тыйым салынбаған.

Дастархан басына жиналған Наманган мұсылмандары. (Көрнекі сурет)
Дастархан басына жиналған Наманган мұсылмандары. (Көрнекі сурет)

Жақында Наманган қалалық әкімшілігі қаладағы 20-ға тарта мешіттің сыртында ілініп тұрған Құран аяттарынан үзінділер жазылған баннерлерді алып тастауға бұйрық берген. Мұны Азаттық тілшісіне Наманган тұрғындары айтқан.

Маргилан қаласының бір тұрғыны өзі барып жүрген мешіттерде ілініп тұрған «басына тақия киген бір мұсылман жалаңбас келген 70 мұсылманнан артық» және «менің жүрегім құлшылық етушілерге жақын» деген мазмұндағы жазуларды алып тастағанын айтқан.

Және бір кісі Маргиландағы кейбір мешіттердегі намаз уақытын көрсететін электронды сағаттардың өшіп қалғанын жеткізген.

«ТАШКЕНТТЕН КЕЛГЕН КОМИССИЯ ПӘРМЕНІ»

Жергілікті мешіт имамының сөзіне сенсек, жақында Ташкенттен келіп кеткен комиссия Құран сүрелерінен үзінділерді алып тастауға, электронды сағаттарды өшіруге нұсқау берген. Мешіттердің әкімшілігі бұл пәрменді орындаған.

Бір ақпарат көзі мешіттерге мұндай тапсырманы Ферғана облысының имамы Турсунтохир Ербутаев берді дегенді айтқан. Азаттық радиосының сауалына жауап берген имам Ербутаев:

- Мешіттерде ештеңені алып жатқан жоқпыз. Бұл туралы әңгіменің бәрі – өтірік,- деп қысқа қайырды.

24 мамырда Азаттық радиосының таратқан хабарына 12news.uz жаңалықтар сайты арқылы жауап берген Хонақох мешітінің имамы Убайдулла Абдуллаев:

- Ферғана облысындағы мешіттерге келген жамаған мұндағы ахуалға, намаз оқуға берілген мүмкіндіктерге дән риза. Арандатушылар ақпарат құралдары арқылы ел ішіне іріткі салып, қоғамдағы бейбітшілікті бұзғысы келеді,- деді.

ЭЛЕКТРОНДЫ САҒАТ ЖӘНЕ «ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ»

Маргилан тұрғындары қаладағы кей мешіттерде ешқандай өзгеріс болмағанын айтады. Сондықтан, басшылықтың мұндай шараларды қолға алуына не себеп болғанын түсіну қиын.

Электронды сағаттары өшірілді деген мешіттердің бірінің кіре берісі.
Электронды сағаттары өшірілді деген мешіттердің бірінің кіре берісі.

Электронды сағаттарды әкімшіліктің пәрменімен өшіріп тастадық деген имам бұған «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымынан төніп тұрған қауіп-қатер себеп болды деген. Алайда, ол сағат пен террорлық ұйым арасында қандай байланыс бар екенін тарқатып айтып берген жоқ.

Өзбекстанның дін істері департаменті төрағасының орынбасары Шейх Абдулазиз Мансұр Маргилан қаласының мешіттеріндегі бұл өзгерістердің анық-қанығын біліп алған соң, мамырдың ортасына қарай Азаттыққа сұхбат бермекке келіскен. 26 мамырда Азаттық тілшісі хабарласқанда, олар «істің мән-жайы анықталып біткен жоқ» деп жауап берген.

(Фаррух Юсупов пен Шухрат Бабажановтың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.)

XS
SM
MD
LG