Accessibility links

«Өзбекстан ислам қозғалысына» Орталық Азиядан қосылғандар көбейіп барады


Талибан содырлары Нангархар провинциясында. Ауғанстан, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Талибан содырлары Нангархар провинциясында. Ауғанстан, 13 желтоқсан 2010 жыл.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» қайта жанданып келеді. Бұл бағыттағы исламистік топтар Орталық Азия елдерінде тамырын тереңге жібере бастады дейді бұл ұйымды зерттеп жүрген журналистер.


Осыдан тура он жыл бұрын, 2000 жылы желтоқсанның 6-сы күні Орталық Азиядағы ең сойқан әскери топтардың бірі – «Өзбекстан ислам қозғалысы» Памир тауында алғаш рет бой көрсеткен еді. Кейіннен оңтүстік-шығысқа қарай жүздеген шақырымға жылжи отырып, Пәкістандағы мазасыз аймаққа – Вазиристанға қоныс аударған бұл ұйым содан бері бірталай өзгеріске ұшырады.


ТӘЖІКСТАНҒА ОРАЛУ

Бұл исламистік топ өзбек режимін құлатып, оның орнына ислам республикасын құруды ғана мақсат етіп отырған жоқ. Ислам қозғалысының қазіргі мақсат-мүддесі бұрынғыдан да күшейіп, шабуылдарын жандандырып, Оңтүстік және Орталық Азия аймағын өз бақылауында ұстағысы келеді.

Жақында «Өзбекстан ислам қозғалысына» тікелей қатысы бар содырлар Тәжікстанның Рашт жазығында қанды шабуылдар жасады. Бұл ұйымның аты Еуропаны нысанаға алған астыртын террорлық әрекеттерге қатысты айтылып келеді.

Сарапшылар «Өзбекстанның ислам қозғалысы» топтары Орталық Азияда күшейіп, Ауғанстанның солтүстігіне бекініп жатқаны байқалады дейді.


ОН ЖЫЛ

Бұл ұйымның жауынгерлері 2000 жылы Орталық Азиядан кетіп, Солтүстік альянсқа қарсы тәліптерге күш қосу мақсатымен Ауғанстанға өткен еді. 2001 жылы АҚШ бастаған
«Өзбекстан ислам қозғалысы» негізін қалағандардың бірі - Тахир Юлдаш.
күштермен соғыста олардың біразы қырылып, қалғаны шекара асып, солтүстік Пәкістаннан баспана іздеп кетті.

«Өзбекстанның ислам қозғалысы» әуелгі кезде жаңа қауіпсіз мекенінде, Орталық Азиядан жинаған мыңдаған қолы бола тұра, біршама шеттеу жүрді.

Кейін 2008 жылы ақпанда Пешаварға жақын маңдағы Шабқадарда болған бомбалық шабуыл «Өзбекстан ислам қозғалысының» қайта күшейіп келе жатқанын көрсетті. Онда нысанаға алынған пуштун саясаткері Афрасиаб Хаттак аман қалып, бірақ оның сөзін тыңдауға жиналған 25 адам мерт болды.

Қазір сенатор әрі «Авами ұлттық партиясының» жетекшісі болып отырған Хаттак жүргізген тергеу нәтижелеріне қарағанда, бұл шабуылды «Өзбекстан ислам қозғалысының» жанкештісі жасаған. «Авами ұлттық партиясы» жетекшілік ететін аймақтық үкімет ұйымдастырған Суат жазығында 2009 жылдың жазындағы әскери операция кезінде көптеген орталықазиялық жауынгерлер ұсталған. Бұл Орталық Азия исламистерінің Пәкістанда көбейе түскенін көрсетіп отыр.

Сенатор Хаттактың айтуынша, «Өзбекстан ислам қозғалысы» «Әл-Қаидамен» тығыз байланысып, Пәкістанның Ауғанстанмен шекаралас тайпалар бақылауындағы аймақтарында жасақтарын күшейтіп жатыр.

«Әл-Қаиданың» жетекшісі араб болғанынымен, оның құрамындағылар - Орталық Азиядан шыққандар. Олардың ішінде этникалық өзбек, шешен және Ресейдің оңтүстік аймақтарынан келген мұсылмандар бар. Олардың қаншасының осы жерде қай кезден бері тұрып жатқаны жайлы мәліметтер жоқ. Өз қатарларына Орталық Азиядан жаңадан адамдарды тартып жатыр. Осы маңнан солтүстік Ауғанстанға қайтып, сол жерден Орталық Азияға шабуыл жасап отыр» дейді Хаттак.

«Өзбекстан ислам қозғалысы» құрылтайшыларының бірінен айрылғаны да белгілі. Биыл жазда жетекшілері Тохир Юлдаштың қаза болғанын бір жылдан кейін ғана мойындап, оның орнына қозғалыстың жаңа жетекшісі Усман Одил келді деп жариялаған.


ЖАНКЕШТІЛІК ШАБУЫЛДАР

Пәкістандық журналист Ахмед Рашид «Өзбекстан ислам қозғалысы» ендігі жерде жасағы мол, мақсаты алысты көздеген бірнеше топтан құралады деп біледі: «Мұнда бірнеше жағдайлар болған сияқты. Біріншіден, олардың бәрі жік-жікке бөлініп кетті. Онда «Өзбекстан ислам қозғалысынан» тыс бірнеше Орталық Азиялық топтар бар. Оның қатарына «Ислам жихады ұйымы», «Орталық Азиядағы тәліптер» кіреді. Біз олардың қанша топқа бөлінгенін біле бермейміз, олардың бәрін «Әл-Қаида» бақылап отыруы мүмкін».

«Өзбекстан ислам қозғалысы» мен оның серіктес топтарының аттары елдегі және сырттағы соңғы шабуылдарға қатысты жиі айтылды. Мәселен, «Ислам жихады ұйымы» 2009 жылы Өзбекстандағы шабуылдар үшін айыпталды. Оның он шақты мүшесі Пәкістанның Солтүстік Вазиристан аймағында зымыран соққысынан қаза тапты. «Ислам жихады ұйымы» - ислам қозғалысының ең бір радикалды тобы. Оның қатары Германиядағы түрік диаспорасынан, түркі елдерінен келгендермен толығады.

Қыркүйекте Тәжікстанның үкімет жасақтарына қарсы шабуыл жасалып, қауіпсіздік күштерінің 23 адамы қаза тапты. Тәжік билігі ол шабуылдарға «Өзбекстан ислам қозғалысының» серіктес топтарын айыптады. Сол айда Тәжікстанда жанкештілік шабуыл жасалып, жанын пида еткен екі содыр көлікке қойылған жарылғыш заттарымен бірге жарылғанда, тағы бір полиция қызметкері мерт болды. Бұл шабуылдың жауапкершілігін «Өзбекстан ислам қозғалысымен» байланысы бар делінген «Жамаат Ансарулла» деген белгісіз топ мойнына алды.

Содан кейін содырларға қарсы басталған операциялары барысында тәжік билігі «Өзбекстан ислам қозғалысының» бірнеше жауынгерін өлтіргенін айтты.


НЫСАНА - ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

«Өзбекстан ислам қозғалысын» зерттеп жүрген сарапшы журналист Ахмед Рашид «Өзбекстан ислам қозғалысы» Орталық Азиядан шығып кеткенімен, олардың ислам төңкерісін жасаймыз деген идеясының нысанасы - әлі де Орталық Азия» дейді.

Сарапшы Ахмед Рашид Орталық Азиядағы кейбір елдердің әлсіздігі «Өзбекстан ислам қозғалысы» мен оған қатысты исламистік топтардың қаупін ұлғайтып отыр деген пікір ұстанады.

«Біз Тәжікстанның қандай кедейлікке тап болғанын көріп отырмыз. Елдегі құлдырау жаппай көші-қонға себеп болды. Ал Қырғызстан үлкен саяси дүрбелеңді бастан кешіп отыр. Өзбекстан қуғын-сүргінін жалғастырып жатыр, елдің келешегі бұлыңғыр. Осының бәрі - өте әлсіз тұстар» дейді «Өзбекстан ислам қозғалысының» Орталық Азиядағы әрекеттерін зерттеуші журналист.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG