Accessibility links

«Назарбаев пен Каримов – формациясы бір, көзқарасы бөлек адамдар»


Қазақстан президентіи Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездесіп тұр. Бішкек, 13 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстан президентіи Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездесіп тұр. Бішкек, 13 қыркүйек 2014 жыл.

Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапарына орай Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы «Каримов пен Назарбаевтан кейінгі билік» жайлы да айтты.

Қарашаның 25-інде Астанаға ресми сапармен келген Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Ислам Каримов бұл сапарын «өзбек-қазақ қарым қатынастарын сын елегінен өткізе талдау, аймақтық және әлемдік маңызды мәселелер жайлы пікір алмасу мүмкіндігі» деп сипаттады.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев «әлемдік экономикадағы кері тенденцияларға және басты өнімдер бағасы төмендегеніне қарамастан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өсіп келе жатқанын, бірақ екі елдің экономикалық қуаттары әлі толық пайдаға аспай жатқанын» айтты.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екі елдің сауда-экономикалық, су-энергетикалық, транспорт және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы жайын талқылап, аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер жайында пікір алмасқан.

Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық байланысы мен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы Назарбаев пен Каримов айтқандай күшеюі үшін екі елдің саяси жүйесі демократиялық бағытта жақын дамуы керек.

Азаттық: – Орталық Азиядағы халқы көп Өзбекстан мен экономикасы ауқымды Қазақстан бұрыннан әріптес елдер ме, әлде бәсекелес мемлекеттер ме?

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы "Ақ жол - Қапланбек" кеден бекеті. Өзбекстан, 23 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы "Ақ жол - Қапланбек" кеден бекеті. Өзбекстан, 23 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Әзімбай Ғали: – Тарихы мен мәдениеті ұқсас көршілес мемлекеттер арасында бәсекелестік немесе бақталастық болуы заңдылық. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсекелестік әртүрлі тарихи кезеңдерде көрінді. Әсіресе екі республиканың саяси элитасы арасындағы бәсекелестік совет өкіметі орнаған кезде қатты білінді. 1924 жылы Түркістан АССР-інің бір бөлігі Қазақстанға, екінші бөлігі Ташкентпен бірге Өзбекстанға қосылуы екі республикадағы саяси элитаның консолидациясының деңгейін көрсеткен еді. Қазақ интеллектуалдары шоғырланған Ташкенттің Өзбекстанға берілуін кейбіреулердің әлі ұмыта алмай жүргені – соның белгісі.

Қазақстанның бірнеше ауданы кейін де Өзбекстанға берілді. Қазақстан оны толық қайтара алмады. Советтік кезеңде сол кездегі статистика бойынша Өзбекстанның экономикалық әлеуеті жоғары болды. Оның үстіне демографиялық тұрғыда да бәсеке бар еді. 1926 жылғы санақта қазақтар көбірек болғанмен, кейін қазақтардың саны өспей қалды. Ал өзбектер тез көбейді, оның үстіне өзге ұлттарды, соның ішінде қазақтарды да ассимиляциялау саясатын жүргізді.

Азаттық: – Ал 1991 жылы тәуелсіздік алған соң Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы қалай өрбіді?

Әзімбай Ғали: – Екі елде де автократиялық билік болғандықтан кей кездері бір-біріне қыр көрсетіп, мінез танытатын кездер де бар. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекаралық жанжалдар бұрын жиі қайталанатын. Шекарадан заңсыз немесе байқамай өтіп кеткендерді ату оқиғалары болған. Бірақ соңғы кездері азайған сияқты.

1990 жылдардың ортасында Қазақстанның оңтүстік өңірі өзбек газына қатты тәуелді болғаны, әр қыс сайын Өзбекстанның газ бермей қою не бағасын қымбаттату әрекеттерін жасағын есімізде. Қазақстан Жамбыл облысындағы Амангелді газ кенішін қоры аз болса да іске қосып, бұл проблемадан құтылды. Қазіргідей Қазақстанның батыс өңірінен келетін газ құбыры жоқ кезде газ мәселесі екі ел арасындағы басты түйткілдердің біріне айналған.

Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ проблеманың бірі - тартылып бара жатқан Арал теңізі. (Теңіздің 2014 тамызда түсірілген суреті).

Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ проблеманың бірі - тартылып бара жатқан Арал теңізі. (Теңіздің 2014 тамызда түсірілген суреті).

Сондай-ақ Қазақстанда 2008-2011 жылдары салынған Көксарай су реттегіші де саяси-дипломатиялық қатынастарда рөл атқарды. Өйткені қыс түсе Өзбекстаннан жіберілетін су көбейіп, Қазақстанның Сырдария бойындағы елді мекендерін жылда су алатын. Қазақстан үкіметі жыл сайын Өзбекстаннан суды азайтуды сұрайтыны.

Міне, осындай ұсақ тартыстарды айтпағанда екі ел арасында айқын кикілжің болған жоқ.

Азаттық: – Көршілес елдерге инвестиция сала бастағанын бірнеше рет мәлімдеген Қазақстан Өзбекстанға қаржы құйды ма?

Әзімбай Ғали: – Қазақстан бұрынғы советтік елдерден, мәселен, Грузияға, Қырғызстанға инвестиция салуы мүмкін. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанға бармайды, «ақшамыздан айрылып қаламыз» деп қорқады. Өйткені Өзбекстанда авторитаризмнің деспотиялық түрі басым. Яғни ақшалы кәсіпорынды Ислам Каримовтың қызы немесе оның төңірегіндегі туыстары оп-оңай тартып ала алады.

Азаттық: – Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық және саяси жүйесінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

Егер нарықтық реформаларды Қазақстанмен қатар жасағанда, халқы саудаға бейім Өзбекстанның алға шығатыны анық еді.

Әзімбай Ғали: – Қазақстан 1991 жылдан кейін әлеуметтік-экономикалық салада оңшыл-либералдық реформа жасауға кірісті. Ал Өзбекстан советтік шаруашылықтардың тек сыртқы сипатын ғана өзгертіп, Қазақстандағыдай «естен тандыру реформасын» жасауға тәуекел етпеді. Өзбекстан еркін нарық принциптеріне қайшы реформалар жасады, жерді жекеменшікке бермеді, тұрғындарды қалаға жібермейтін советтік прописка жүйесін әлі күнге қатаң сақтап отыр. Өзбекстанда газ да, алтын да, уран да, аздап мұнай да бар, бірақ реформа жасалмағандықтан Қазақстан экономикасынан артта қалды. Егер нарықтық реформаларды Қазақстанмен қатар жасағанда, халқы саудаға бейім Өзбекстанның алға шығатыны анық еді.

Екі елдің президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов бір формациядан шыққанымен, екі түрлі көзқарастағы адам. Соған орай екі республикадағы саяси жүйе бір қарағанда ұқсас көрінгенімен айырмашылықтары да бар. Өзбекстандағы автократиялық билік шығыстық деспотияға жақын. Өзара туыс елдердің байланысы, қарым-қатынасы күшеюі үшін екі ел арасындағы саяси жүйе демократиялық бағытта жақын дамуы керек.

Азаттық: – Екі ел 20 жылдан астам билікте отырған басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов кеткен соң билікті өткізудің қандай моделін таңдауы мүмкін?

Әзімбай Ғали: – Өзбекстанда ислам факторы күшті, сондықтан ол елде Каримовтен кейін билікке ие болғандар ұзақ отыра алмауы мүмкін. Украинадағыдай бірнеше революциялық сілкіністен кейін билік исламшылдардың қолына өтуі ғажап емес.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың қандай жолмен билікті өткізетінін ешкім айта алмайды. Бірақ бір күні таңертең ұйқыдан тұрғанда билікке басқа адамның келгенін теледидардан бір-ақ көруіміз мүмкін. Яғни Түркіменстандағыдай сценарий қайталануы ықтимал. Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов өлгенде сенат төрағасы қисынсыз айыппен бір түнде тұтқындалған еді. Егер [Қазақстан мен Өзбекстанда] билік бұлайша тапсырыла қалса, оны «ұлттық қауіпсіздік мәселесі, елдің тұтастығын сақтау» деп түсіндіруі мүмкін.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG