Accessibility links

"Жеңілмейтін" Ислам Каримовтың қайта сайлауы


Ислам Каримовтың сайлауалды үгіт-насихат постері. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл.

Ислам Каримовтың сайлауалды үгіт-насихат постері. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстан президенті сайлауында алдын-ала нәтиже бойынша Ислам Каримовтың жеңіске жеткені хабарланды. Халықаралық бақылаушылар сайлауды сын астына алды.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы 30 наурызда президент сайлауының алдын-ала нәтижесін жариялады. Алдын-ала нәтиже бойынша 77 жастағы, елді 1989 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Ислам Каримов жеңіске жеткен.

29 наурызда өткен сайлауда сайлаушылардың 90 пайыздан астамы Ислам Каримовтың кандидатурасын қолдап, дауыс берген. Сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 91 пайыздан астамы қатысқан. Дауыс берушілердің тізімінде 20 миллионнан астам адамның аты-жөні көрсетілген.

ОСК басшысы Мирзо-Үлугбек Абдусаломовтың сөзінше, дауыс беру барысында ешқандай заң бұзушылық болмаған.

29 наурызда өткен сайлауға елдің қазіргі президенті, Өзбекстан либералды-демократиялық партиясы жетекшісі Ислам Каримовке бәсекелес ретінде Өзбекстан халықтық-демократиялық партия басшысы Хатамжан Кетмонов, «Адолат» социал-демократиялық партиясы атынан Наримон Умаров және «Қайта өрлеу» демократиялық-ұлтшыл партиясынан Акмал Саидов кандидат болып тіркелген. Бұл партиялардың ешқайсысы билікке қарсы оппозицияда болған емес.

Өзбекстан заңы бойынша, тізімге алынған сайлаушылардың кемінде 33 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау заңды күшіне ие деп танылады.

ҮСТЕМ КАНДИДАТТЫҢ "АШЫҚ САЙЛАУЫ"

ЕҚЫҰ бақылаушылары Өзбекстандағы президент сайлауында басты үміткер, қазіргі президент Ислам Каримовке шынайы қарсылас болмады және дауыс беруде заңдық әрі ұйымдастырушылық кемшіліктер болды деп мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясының басшысы Тана де Зулуета Каримовтың фигурасы "саяси аренада үстем тұрғанын" айтты.

"Өзбекстанда барлық кандидатқа ақпарат құралдарында үгіт-насихатқа теңдей құқық берілсе де, қатаң шектеуге алынған БАҚ-та Каримовке айқын басымдық берілді" деді Тана де Зулуета.

ЕҚЫҰ Орталық сайлау комиссиясын Каримовты "бұған дейін қатарынан екі мерзімге президент болып сайланғандықтан конституция бойынша тағы да сайлауға түсу құқығы жоқ болса да" кандидат етіп тіркегенін де сынап отыр. Бұған қоса ЕҚЫҰ сайлаушылар тізімінің де әр аймақта әртүрлі жасақталғанына назар аударған. Тізім жасауда қадағалаудың болмауы сайлаушылар тізіміне деген күманды ұлғайта түскен.

ТМД бақылаушылары болса, Өзбекстан президенті сайлауын оң бағалады. 29 наурызда ТМД бақылаушылар миссиясының жетекшісі Сергей Лебедев сайлауды "демократиялық, еркін түрде ашық өтті" деп сипаттады.

Өзбек әншісі Лола Ахмедова президент сайлауында дауыс беріп тұр.

Өзбек әншісі Лола Ахмедова президент сайлауында дауыс беріп тұр.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ Өзбекстандағы бұған дейінгі президент, я парламент сайлауларының бір де бірін заңды, әділетті өтті деп таныған емес.

Өзбекстан президенті 5 жылдық мерзімге сайланады. Ислам Каримов болса, осымен төртінші рет қайта сайланып отыр. Өзбекстан конституциясы бойынша, өкілеттігі аяқталғаннан кейін президент өмір бойына сенат мүшесі болып тағайындалады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудың алдын-ала нәтижесі белгілі бола салысымен Өзбекстан президентін қайта сайлануымен құттықтап үлгерді.

Бұрынғы совет елдері арасында Ислам Каримов пен Нұрсұлтан Назарбаев қана үздіксіз билікте отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG