Accessibility links

Өзбек әйелдерін «интим-жиһадтан» сақтандыра бастады


ИМ құрамындағы адамдар түсірілген видеодан скрин-шот. (Көрнекі сурет).

ИМ құрамындағы адамдар түсірілген видеодан скрин-шот. (Көрнекі сурет).

Өзбекстан телеарналары соңғы күндері әйелдерді «интим-жиһадтан» абай болуға үндеп, дабыл қағып жатыр. Телеарна хабарларында соңғы кездері Сирияға жиһадқа аттанған әйелдер көбейгені айтылады.

«Өкімет әйелдердің онда негізінен «Ислам мемлекетінің» содырларына сексуалдық қызмет көрсету үшін кетіп жатқанын анықтады», деп хабарлайды Азаттық радиосының Өзбек қызметі. 19 маусым күні кешкісін Өзбекстанның Ұлттық телерадиокомпаниясы «Узбекистон», «Ешлар» және «Тошкент» деп аталатын үш бірдей телеарна арқылы Сирияға жиһадқа кетіп жатқан әйелдер туралы хабар берді.

«Ешқандай нақты цифр айтылған жоқ, тек соңғы кездері Сирияға жиһадшылап аттанған әйелдердің күрт артқанын хабарлады» дейді телебағдарламаларды көрген Ташкент тұрғыны Тошбек:

- Бір тақырыпқа үш бірдей хабар арналды. Тек хабарлардың атаулары ғана әртүрлі. Біреуінде актер Эркин Комилов сөйледі. Енді бірінде «Мемор» мешітінің имамы Рахматилла кори ака сөйледі. Үшіншісінде тақырыпты Кобил кори ака мен өзге де исламтанушы ғалымдар талқылады. Үшеуінде де елін тастап, Сирияға кетіп жатқан әйелдерді сынға алды. Бұл әрекеттердің өзбек халқының өмір салтына сәйкес келмейтіні айтылды, қатысушылар жастарды барлығына байыппен қарауға шақырды. Бір сағаттық хабарда әйелдің жасаған қадамдарына көп көңіл бөлінетіні, әйелдердің тура жолға қайтуы көп әңгіме болды, - дейді Тошбек.

АЛДАНҒАН ӘЙЕЛДЕР

Сенбі күні хабарлар эфирден қайталап беріліп, соңында жиһадшы әйелдермен сұхбат көрсетілді.

Жетекші телеарналарға Сирияға қашып жатқан әйелдер тақырыбын сөз ету туралы тапсырма берілген.

- Екі сюжет көрсетті. Кетіп қалған әйелдер телефонмен сұхбат берді. Олар қайтып келе алмайды екен, әрі онда үлкен азап кешіп жатқан көрінеді. Біреуі: «Үлкен қателік жасаппын, мені бұл жерден алып кетіңдерші» деп өтінді. Одан соң тағы екі әйелді көрсетті. Олар Сирияға кетіп бара жатқан жерінен қолға түсіпті. Оларды «Одноклассники» арқылы алдап-арбап жиһадқа алып бара жатыпты. Одан соң әңгіме «интим-жиһад» тақырыбына ойысты. Әйелдерді ол жаққа алдап алып барады, мұнда күйеуі болғанына қарамастан, оны Сирияда содырға күйеуге береді екен, - деді Тошбек.

Жұманың кешінде «Тошкент» арнасынан берілген «Кузгудаги биз» («Айнадағы біз») хабарында да «содырларға тән рахатын сыйлау үшін жиһадқа аттанып жатқан әйелдерді» сынға алды.

Өзбекстанның ұлттық телерадиокорпорациясы қызметкерінің айтуынша, барлық жетекші телеарналарға отандарын тәрк етіп, Сирияға қашып жатқан әйелдер тақырыбын сөз ету туралы тапсырма берілген.

Енді «интим-жиһад» тақырыбын бөлек сөз ететін жаңа телехабарлар эфирге дайындалып жатыр дейді журналист.

ИМ-ДЕГІ ӨЗБЕКТЕР

Британия стратегиялық зерттеулер институтының жыл басында жүргізген зерттеу нәтижелеріне қарасақ, соңғы кездері Сирия мен Иракқа жиһадқа кетіп жатқан әйелдер саны арта түскен.

Тек Батыс Еуропаның өзінен ИМ қатарына қосылу үшін 550 әйел аттанған кеткен.

ИМ-ға Өзбекстаннан барған әйелдердің қанша екені белгісіз

Қырғызстан үкіметі де өз азаматтарының арасында Сирияға кеткен әйелдердің артқанын айтып, дабыл қақты. Тәжікстанда да осындай ахуал қалыптасқан.

Енді өзбек телеарналары да бұл мәселені ашық көтере бастады. Кейбір сарапшылар ИМ сапында өзбек әйелдердің қарасы көбейіп бара жатқанын айтады.

Өзбекстаннан соғысқа барған содырлардың айтуынша «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қатарында бірнеше мың өзбек жүр. Бірақ ИМ-ға Өзбекстаннан барған әйелдердің қанша екені белгісіз.

ҚАЗАҚСТАННАН ИМ-ГЕ БАРҒАНДАР

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев 18 маусымда «Қазақстаннан Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы бақылауындағы аймақтарға соғысқа 400-ге тарта адам отбасымен кетіп қалған» деп мәлімдеді. Олардың ішінде ондаған адам ажал құшқан. Жалпы содырлар қатарында Орталық Азиядан екі мыңға жуық адам жүр деді Нұрлан Ермекбаев. Айтуынша, олардың өз елдеріне жаппай қайта оралуы аймаққа кәдімгідей қатер төндіруі ықтимал. Қазақстан ресми өкілінің бұл мәлімдемесінің алдында ИМ-нің өз қатарына Тәжікстан, Қырғызстаннан жүздеген, ал Қазақстаннан 1 мыңнан астам жастарды тартқаны жайлы мәлімет тараған.

Араға біраз уақыт салып, Сириядағы қазақ содырлары жайлы ақпарат интернетте тағы қылаң бере бастады. Мәселен жақында «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде өзін «Артем» деп таныстырған жігіттің Сириядағы өмірі туралы әңгімелері жарық көрді. «Сирияға Атырау жерінен аттандым» деген ол желіде өзінің ғана емес, соғыста жүр делінген жас қазақ балаларының суретін жариялады. Бір суретінде ол алдында ұстап отырған бір ұл, бір қызды «өз балаларым» деп таныстырады. Маусымның 13-і күні оның «ВКонтакте» желісіндегі парақшасы құлыпталды. Бірақ Азаттық ол жариялаған «Орталық Азиядан барған балалар» суреттерінің біразын көшіріп алды. Кейіннен Азаттықтың осы туралы мақаласының өзі интернеттен ашылмай қалды.

2013 жылдың қарашасында белгілі болған, кейіннен интернет желісінде тыйым салынған видеода содырлар «150-ге жуық қазақ әйелі мен балаларын Сирияға алып келгендерін» мәлімдейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG