Accessibility links

Қазақстан босқынды Өзбекстанға қайтаруы мүмкін


Босқын Мақсат Жаббарбергенов. Жеке мұрағаттағы сурет.
Босқын Мақсат Жаббарбергенов. Жеке мұрағаттағы сурет.
Өзбек босқыны Қазақстаннан қайтарылуы ықтимал. Туыстары оған өз елінде қысым көрсетіле ме деп қорқады. Forum 18 ұйымы Қазақстанды адам құқығы бойынша міндеттерін орындауға шақырды.

Қыркүйектің 5-і күні Алматы полициясы өзбек босқыны Мақсат Жаббарбергеновты тұтқындап, Бостандық аудандық соты оны 40 күнге қамау туралы шешім шығарды.

«ИСА МӘСІХШІ БОЛҒАНЫ ҮШІН ҚУҒЫНДАДЫ»

32 жастағы Мақсат Жаббарбергенов Қарақалпақстанның орталығы Нүкіс қаласында туып өскен. Туыстарының айтуынша, ол туған елінде протестанттық ағымды ұстанғаны үшін қудаланған.

Халықаралық Forum 18 ұйымының мәліметі бойынша, 2001 жылдан бері протестанттық ағымға жетекшілік еткен Жаббарбергеновке жергілікті полиция діни сенімі үшін айыппұл салып, үйінен діни әдебиеттер тәркілеген.

2007 жылы оның үйін тінткен полиция заңсыз жиналыс өткізгенін айтып, үстінен қылмыстық кодекстің 244-бап 3-бөлімі, яғни «діни мазмұндағы материалдарды заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау және тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазақстандағы босқындар БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Алматыдағы кеңсесі алдында тұр. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы босқындар БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Алматыдағы кеңсесі алдында тұр. Көрнекі сурет.
Туыстарының айтуынша, өміріне қауіп төнгенін сезген Мақсат Жаббарбергенов сол жылы Қазақстанға келеді. 2007 жылдың күзінде БҰҰ-ның Алматыдағы босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары басқармасына өтініш жазған. Ал 2008 жылдың ақпан айында БҰҰ басқармасы оған босқын мәртебесін берді. Сол жылы Жаббарбергенов Нүкістегі отбасын да Қазақстанға көшіріп алды.

Оның әйелі Айгүл Тілеумұратованың айтуынша, 2008 жылы өзбек полициясы Қазақстан жағына сұрау салып, ерін қамауға алған. Сол жолы мәселеге БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссары басқармасы араласып, босатқан.

ӨЗБЕКСТАННЫҢ ӨТІНІШІН «ЕСКЕ САЛУЫ»

Ақпарат бойынша, Өзбекстан тағы да Қазақстанның құқық қорғау органдарына сол жолғы өтінішті қайтара жасап отыр.

Туыстарының айтуынша, бұл жолы Жаббарбергеновтің «қылмыстық күнделігінде» тағы бір бап пайда болған: Өзбекстан қылмыстық кодексі бойынша 229 бап 1-бөлім – «жер учаскелерін өз бетінше басып алу».
Мақсат Жаббарбергеновтің әйелі Айгүл Тілеумұратова Азаттықтың Алматы бюросында. 14 қыркүйек 2012 жыл.
Мақсат Жаббарбергеновтің әйелі Айгүл Тілеумұратова Азаттықтың Алматы бюросында. 14 қыркүйек 2012 жыл.

– Бес жылдан кейін бұл бап пайда болып отыр. Олардың неліктен мұндай айып тағып отырғаны түсініксіз. Себебі күйеуімде ешқандай жер учаскесі болған емес. Меніңше, өзбек жағы оны өз жағына жеткізу үшін ойлап тапқан болар. Себебі Қазақстан заңнамасында діни сенім бойынша қуғындауға тыйым салынған, - дейді әйелі Айгүл Тілеумұратова.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Өткен жылдан бері Қазақстанда өзге елдің азаматтарына босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін мемлекеттік органдар шешіп келеді. Айгүл Тілеумұратованың айтуынша, 2011 жылдың аяғында көші-қон полициясы Мақсат Жаббарбергеновке босқын мәртебесін беруден бас тартқан.

Енді оның мәселесі бас прокуратурада қаралып жатыр. Қазақстан жағы не оған босқын мәртебесін беріп елде қалдырады, не Өзбекстанға экстрадициялау туралы шешім шығаруы тиіс.

Туыстары Мақсат Жаббарбергеновті Өзбекстанға қайтарса, қысымға ұшырауы мүмкін екенін айтады.

– Қазақстан дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Егер оны Өзбекстанға қайтарса, оның өміріне қауіп төнуі мүмкін. «Заңсыз шекара кесті» деп тағы да бап қосады. Өзбекстанға қайтарылған адамдардың барлығы 10 жылдан аса мерзімге сотталып жатыр. Ал ондағы түрмелердің ең жаман түрме екенін бәрі біледі. Онда қысым көрсетіле ме деп қорқамыз, - дейді әйелі Айгүл Тілеумұратова.

Адам құқығы қорғау бюросының қызметкері, «Босқындарға құқықтық көмек көрсету» жобасының үйлестірушісі Денис Дживага «өткен жылғы қателік Қазақстанға сабақ болуы да мүмкін» деп есептейді.
«Босқындарға құқықтық көмек көрсету» жобасының үйлестірушісі Денис Дживага.
«Босқындарға құқықтық көмек көрсету» жобасының үйлестірушісі Денис Дживага.

– Ең әуелі оны өз елінде не үшін іздестіріп жатқанының себебін білу керек. Билік Өзбекстаннан келген мәліметтермен танысып тексеруі керек қой. Әрине, ол босқын болғандықтан оны бірден қайтара салса БҰҰ-ның босқындар туралы қысымға қарсы конвенциясын бұзу болар еді. Өйткені Өзбекстанда оған қысым көрсетілуі мүмкін. Қалай болғанда да, Қазақстан оны қайтармайды деп үміттенейік. БҰҰ-ның қысымға қарсы конвенциясы осы жылы Қазақстанның 28 өзбек босқынын еліне заңсыз қайтарғанын сынаған еді. Сондықтан Қазақстан билігі бұл мәселелерге енді қырағы қарауы мүмкін, - деді Денис Дживага.

Бұл мәселеге орай жұма күні бас прокуратураға хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық. Туыстарының айтуынша, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы осы мәселеге орай Қазақстан билігіне хат жазған. Әзірге жауап келмеген.

Халықаралық Forum 18 ұйымы қыркүйек айында Қазақстанды адам құқығына қатысты халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттерін орындауға шақырып, діни сенімі үшін қудаланған өзбек босқынын еліне қайтармауды сұрады.

Өткен жылы Қазақстанның құқық қорғау органдары көптеген халықаралық ұйымдардың талабына қарамастан, өз елінде діни себеп бойынша қуғындалған 28 босқынды өзбек полициясының қолына тапсырған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG