Accessibility links

Курамшин телефонмен сөйлесу құқығын бұзбауды сұрайды


«Бопсалау» айыбы бойынша 12 жылға сотталған құқыққорғаушы Вадим Курамшин.

«Бопсалау» айыбы бойынша 12 жылға сотталған құқыққорғаушы Вадим Курамшин.

Тұтқындардың туған-туыстарымен телефон арқылы хабарласуына тыйым салынбайды әрі колонияларда таксофондар бар. Бірақ олардың бұл құқығы толық сақталмайды. Түрмеде отырған құқық қорғаушы Вадим Курамшин тұтқындардың телефонмен сөйлесу құқығына қатысты мәселе көтерді.

Түрмеде отырған азаматтық белсенді Вадим Курамшин құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға таксофоннан телефон соғып, «телефон арқылы сөйлесу жиілігі мен ұзақтығына қатысты құқығым бұзылды» деп мәлімдеген.

Әйелі Екатерина Курамшина онымен телефон арқылы аптасына кем дегенде екі мәрте 15 минуттан сөйлескісі келеді. Бірақ Екатерина Курамшина «наразылық акциясынан кейін және түрме ауруханасынан колонияға шыққан соң ол сирек телефон соғатын болды. Әрі аптасына бір рет сегіз минуттан артық сөйлесе алмаймыз» деп шағымданады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмелердің (бірінде Курамшин отыр) үстінен қарайтын мекеме бастығы да, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова да тұтқындардың «ұзақ сөйлесуіне» таксофон жетпейтінін айтады.

ТЕЛЕФОН ШАЛУҒА АРЫЗ БЕРУ

Заң бойынша тұтқындардың телефон соғу жиілігі мен сөйлесу ұзақтығына шектеу қойылмайды. Бірақ «Адам құқығы хартиясы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, бұл принципті толық іске асыру мүмкін емес. Ол «таксофон орнатуға түзету мекемелерінің қаржылық мүмкіндігі аз болғандықтан, тұтқындардың телефон соғу жиілігі мен сөйлесу ұзақтығын шектеуге тура келеді» деп түсіндіреді.

ЛА-155/14 колониясындағы қарауыл ауысымы. Заречный кенті, Алматы облысы, 12 қыркүйек 2014 жыл.

ЛА-155/14 колониясындағы қарауыл ауысымы. Заречный кенті, Алматы облысы, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Тұтқындар таксофон арқылы тегін сөйлесе алмайды, түрме дүкенінен сатып алатын таксофон карточкаларын пайдаланады. Телефон соғу үшін олар әуелі түрме әкімшілігіне жазбаша арыз беруі тиіс. Сөйлесу кестесі мен ұзақтығы осы өтініштер негізінде белгіленеді.

Құқық қорғаушы Тұрмағамбетованың айтуынша, тұтқындардың жағдайындағы айырмашылыққа қарамастан, батыс елдерінде де телефонмен сөйлесу ұзақтығын шектеу сияқты тәртіп бар.

– Тіпті ол жақта да тұтқындардың таңнан кешке дейін телефон тұтқасынан «түспей» сөйлесуіне рұқсат етпейді. Бірақ батыс елдері түрмелеріндегі тұтқындардың телефонмен сөйлесуге байланысты үлкен проблемасы жоқ, - дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

Құқыққорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова.

Құқыққорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова.

Қазақстан құқық қорғаушылары «Батыстың кейбір елдерінде тұтқындар шектеулі уақыт болса да, түрме әкімшілігінің бақылауымен интернетті пайдалана алады» деп ескертеді. Тұрмағамбетованың айтуынша, Қазақстан заңдарында мұндай мүмкіндік мүлде қарастырылмаған.

«Түрмедегі тұтқындардың жан басына шаққанда қанша таксофон болуы тиіс?» деген сұраққа құқық қорғаушы жауап бермеді. Бірақ Алматы облысы Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колония бастығы Әбілғазы Еділов Азаттық тілшісімен кездескен кезде «мен басқаратын түрмеде қазір үш таксофон жұмыс істейді, енді төртіншісін қоймақпыз» деген еді.

«ӨЗГЕ ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС»

Түрмедегі тұтқындардың құқығын қорғаушы ретінде танылған Вадим Курамшин Солтүстік Қазақстан облысының Горный кентіндегі ЕС-164/4 түрмесінде отыр. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары полковник Бөкенбай Жүсіповтің пікірінше, Курамшиннің телефон арқылы сөйлесу құқығы бұзылғаны туралы шағымы қисынсыз.

– Заң бойынша телефон арқылы шектеусіз сөйлесе беруге болады, - дейді полковник Жүсіпов Азаттық тілшісіне.

Бірақ ол тұтқынның шектеусіз телефон соғуына мүмкіндік бермейтін бірнеше факторды атап шықты.

– Бізде де таңертең тұру, камераны тазалау, таңғы ас, тексеру, тәрбие жұмыстары сияқты күн тәртібі деген бар ғой. Тұтқындар кесте бойынша сөйлеседі. Түрмеде отырған 574 тұтқынның әрқайсысының қалауынша телефон соғуына жағдай жасауға техникалық мүмкіндік жоқ әрі біз тұтқындардың әңгімесін бақылап отыруға міндеттіміз, - дейді полковник Бөкенбай Жүсіпов.

Түрмені күзететін қарауыл мұнарасы. Алматы облысы, 10 тамыз 2014 жыл.

Түрмені күзететін қарауыл мұнарасы. Алматы облысы, 10 тамыз 2014 жыл.

Тұтқындар телефонмен әрбір топ әрі кесте бойынша сөйлеседі. Басқа тұтқындардың да сөйлесуіне мүмкіндік беру үшін сөйлесу ұзақтығы 15 минутпен шектеледі. Жүсіповтің айтуынша, бір, тіпті екі сағат бойы телефон тұтқасынан «түспейтіндер» де бар.

– Бірақ онда басқа тұтқындардың телефонмен сөйлесу құқығы бұзылады. Сондықтан былық болмас үшін бұл шаруаны өзіміз реттеп отырамыз. Күн тәртібін ескеріп, телефонмен сөйлесуге күніне төрт сағаттан артық уақыт бөле алмаймыз, - дейді полковник Жүсіпов.

Вадим Курамшиннің құқы бұзылған жоқ деген полковник Бөкенбай Жүсіпов оның «жұртқа белгілі тұтқын» екендігін айтады.

– Оны баяғыдан танимыз әрі өзіміздің жерлесіміз – Петропавлдың жігіті ғой. 2003 жылдың басында біздің жалпы тәртіптегі колонияда отырған. Кейін сотталғандардың құқығын қорғаумен айналысып, интернетте талай шу көтерген. Курамшин жұртқа белгілі адам болғандықтан, біреулердің оған қарсы заңсыз әрекеттерге қасақана баруы екіталай, - дейді Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин «бопсалау» бабы бойынша айыпталып, 2012 жылдың желтоқсанында 12 жылға сотталған. Ол тағылған айыпты мойындамайды. Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Курамшинді саяси тұтқын деп таныған. 2013 жылы Вадим Курамшин адам құқығын қорғау саласындағы еңбегі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты болған. Биыл жазда Вадим Курамшиннің жағдайы туралы тыңдау өткен Ирландия парламентінде социалистік партиядан сайланған депутат Джо Хиггинс Курамшиннің ісінде «саяси астар барын» мәлімдеп, үкіметтен Қазақстан билігіне ықпал етуін сұраған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG