Accessibility links

БТА банк ісі бойынша Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізілген Вероника Ефимова жайлы бас прокуратураның жауабында тұтқынның медициналық тексеруден өткені айтылған.

Азаттық сауалына жолдаған ресми жауабында Қазақстан бас прокуратурасы БТА банкінің бұрынғы басшысы Вероника Ефимованың Қазақстанға нақты қашан экстрадицияланғаны және қазір қай жерде екендігі туралы ашып айтпаған.

Бас прокуратураның өкілі Ә.Нұрбековтың атынан Азаттыққа келген ресми хатта Қазақстанға кәмелетке жасы толмаған қызымен бірге әкелінген Ефимованың «толық медициналық тексеруден өткені» және оған «медициналық мекемеде стационарлық жағдайда күту ұсынылғаны» жазылған. «Вероника Ефимованың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп-қатер жоқ» дейді бас прокуратура.

Бірақ прокуратура тергеу құпиялығын алға тартып, тұтқынның қазір қайда екендігін және не себепті оған стационарлық жағдайда күту ұсынылғандығын ашып айтпаған.

Қазақстан тергеу орындары Вероника Ефимоваға қылмыстық кодекстің «сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету», «банктiң ақша қаражатын заңсыз пайдалану» және «қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру» деген баптары бойынша айыптар тағып отыр.

Өткен айда Вероника Ефимова есімді әйелдің денсаулық жағдайына байланысты Алматыдағы №5 аурухананың бет сүйегі хирургиясы бөлімшесінде ем алғаны Азаттық тілшілеріне мәлім болған еді. Бірақ ол кісінің БТА банк ісі бойынша Ресейден қайтарылған Вероника Ефимова немесе басқа адам екендігі белгісіз.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІЗДЕУ

2014 жылы желтоқсанда ресейлік «Коммерсантъ» басылымы қазақстандық БТА банктің корпоративті бизнес басқармасының бұрынғы басшысы Вероника Ефимованың соңғы бір жарым жылдай жасырынып жүріп, Ресейдің Челябинск қаласында өзге адамның атына жазылған құжатпен ұсталғаны және ізінше Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы хабарлаған.

Қазақстан билігі 2009 жылы БТА банктің бұрынғы бірнеше басшы қызметкерлерімен бірге Вероника Ефимоваға да айыптар тағып, халықаралық іздеу жариялаған. Сол жылы Ресейде ұсталған Ефимованы қайтаруды сұраған Қазақстанның өтінішін қанағаттандыру туралы Ресей билігінің шешімі бірнеше сотта, солардың арасында Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотында да қаралған. 2013 жылы ақпанда Еуропалық сот Ефимованың Қазақстанға қайтарылуы заңды деп тапқан соң, Ресейде үш жылдай үйқамақта отырған әйелдің құқық органдарынан бой тасалағаны жайлы ақпарат тараған болатын.

Бұған дейін қазақстандық және ресейлік басылымдарда Вероника Ефимоваға БТА банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен бірге "қаржылай айла-шарғы жасаған" деген айыптар тағылғаны туралы жазған еді.

2009 жылы ақпанда БТА банкті үкімет өз менішігіне алып қойған соң шетелге кетіп қалған Мұхтар Әблязовқа Ұлыбритания саяси босқын мәртебесін берген. Бірақ Лондон соты "сотты құрметтемегені үшін" Әблязовты 22 айға қамау туралы үкім шығарған соң ол Ұлыбританиядан кетіп қалғаны туралы ақпарат тарады.

2013 жылы Францияның оңтүстігінде ұсталған Әблязов қазір сол елде түрмеде отыр. Былтыр француз соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Мұхтар Әблязов өзін саяси оппозициялық ұстанымы үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі қуғынға салып отыр деп санайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG