Accessibility links

Тоқсанға таяп, төрінен көрі жуықтаған Ахметбек ақсақал әлі күнге ақтала алмай жүр


Бұрынғы соғыс тұтқыны Ахметбек Нұрмановтың көз жасы. Ақтөбе облысы Ойыл ауылы, 21 қазан 2009 жыл.

Бұрынғы соғыс тұтқыны Ахметбек Нұрмановтың көз жасы. Ақтөбе облысы Ойыл ауылы, 21 қазан 2009 жыл.

Ақтөбе облысындағы Ойыл ауылының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 88 жасар Ахметбек Нұрмановтың ақталып, бұрынғы әскери және саяси тұтқын атағынан құтыла алмай келе жатқанына бірнеше ондаған жылдардың жүзі болды.

ТУЫСТАРДЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ МЕН ӨЛІМ-ЖІТІМ

- 1936 жылы әкем тұтқындалды, ол уақытта мен 14 жаста едім. Әкеме үйімен қоштасуға ғана мұрсат берді. Әкем менен жақсы оқуымды және қарындастарыма бас-көз болуымды сұрады. Мен, бірақ, уәдемді орындай алмадым, қарындастарыма бас-көз бола алмадым, олар соғыс кезінде аштан өлді, - деп ақсақал көзіне жас алады.

Кейіннен отанына опасыздық жасады деген айыптаумен мүгедек үлкен бауыры да, Ахметбек Нұрмановтың өзі де тұтқындалып, анасы жалғыз қалды.

- Әкем атылды. Ағам он жылға түрмеге кетті. Соңыра, өлгеннен кейін екеуі ақталды. Неге өлген соң ақталу керек? Тірі кезінде ақтауға болмай ма? – деп күйінеді ақсақал.
Ахметбек Нұрманов оқыған Ойыл орта мектебінің қазіргі көрінісі. Үйіл ауылы, 21 қазан, 2009 жыл.

Ахметбек Нұрманов Үйіл орта мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. 1930-шы жылдардың ортасында Ленинградтан Ойылға 60 отбасы жер аударылып келген. Бұл бұрынғы ақсүйектердің, белгілі сазгерлердің, спортшылардың отбасылары еді.

- Жер аударылып келгендер терең білімді, мәдениетті жандар болатын. Мектептің алғашқы он бес бітірушісінің төртеуі – бір орыс пен үш қазақ үздік аттестат алды. Бұл – айдалып келген ленинградтық педагогтардың еңбегі еді. Үздік аттестаттың астыңғы жағында КСРО жоғарғы оқу орындарының кез келгеніне емтихансыз түсуге болады деп жазылып тұратын. Мен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне түстім. Үздік бітіруші Елизаров жер аударылған адамның баласы болғандықтан, Ақтөбеде оқыды, оны одан тысқарыға жібермеді, - дейді Ахметбек Нұрманов.

Ақсақал сол жылдан кейін Ойыл мектебінің тарихында үздік бітірушілер саны ондай болып көрмегенін айтады.

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ УӘДЕСІ


Ахметбек Нұрманов университетте жақсы оқыды, бірақ, ол әскерге шақырылды. Ахметбек әскери борышын өтеп жатқан шекараға таяу артиллериялық бөлім 1941 жылдың 22 маусымында фашистік басқыншылармен бірінші болып шайқасқа түсті. Күш тең болмағандықтан совет сарбаздары немістердің тұтқынына түсіп қалады. Түркі тілдес әскери тұтқындарды Польшаға әкетеді. Ахметбек Нұрманов Чистяков қаласына тап болып, концлагердің барағына орналасады.

- Бізге, әскери тұтқындарға үгіндіден жасалған нан беретін. Фашистер бізді адам құрлы көрмейтін. Тұтқындар күн сайын өліп жатты. Өлгендерді тура отын секілді қалайтынбыз, арбаға салып апарып, Чистяковтың шет жақтарына көметінбіз. Мыңжарым тұтқыннан 150 адам ғана тірі қалдық. Бізге, лагерге Мұстафа Шоқай келді, біз оны кейіннен білдік. Мұстафа Шоқай біздің күйімізді көріп, балаша еңіреп жылапты, көмек беруге уәде қылыпты. Кейінірек біз Түркістан легионынан бір-ақ шықтық, сол жерде құпия ұйым құрдық. Мүмкіндік бола қалса совет әскеріне қосылып, Отанымызды қорғауға асықтық. 1944 жылы бірінші шайқаста-ақ, бір сағаттың ішінде одақтасымыздың жағына шықтық, соңыра үйлерімізге қайттық.

КОЛЫМАДАҒЫ КҮНДЕР

1948 жылы «отанына опасыздық жасағаны үшін» Ахметбек Нұрмановтың үстінен 30 жыл түрмеде отыруға үкім шығып, енді Колымадағы ГУЛАГ – советтік концлагерге айдалады.

- Колымада күнде адам өліп жатты. Үсті-үстіне жаңа адамдар айдалып келіп жатты. Бірде бізге бір әйел, геологиялық ғылымдардың кандидаты жұмысқа келді. Он жұмысшының ішінен ол өзіне көмекші етіп мені таңдап алды. Маған май, нан, шошқа майын жасырып беретін. Үш жыл сол әйелдің қасында жұмыс істедім. Сол бір қайырымды орыс әйелдің арқасында аман қалдым, - дейді Ахметбек Нұрманов біздің Азаттық радиосына.

Иосиф Сталин өлген соң, 1955 жылы Ахметбек Нұрманов еліне, қазақ ауылы Ойылға оралады. Осы бір шағын ауылдан кетіп еді Қызыл Армияға, фашистік және советтік концлагерлердің азабын көріп-көріп, қайтып оралды осы бір шағын ғана ауылға.

АҚТАЛУДЫҢ АУЫЛЫ ӘЛІ ДЕ АЛЫС


- Қазақстан тәуелсіздік алғанда президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев саяси мәселелерді көтеретін болар деп ойлап едім, бірақ, біз елеусіз қалдық. Президент тек қана экономикалық реформалар жүргізуде. Бір күні мұның да шешімін табар деп үміттенемін, - дейді Ахметбек Нұрманов.

Өмірінде бір де бір рет ол соғыс ардагері ретінде іс-шараларға шақырылмаған көрінеді. «Нұр-Отан» партиясына да хат жазған екен, жауабын күткеніне бір жыл болыпты.

- Тағы жаздым. Партия төрағасының орынбасары Дархан Қалетаевтан жауап келді. Жауап хатта менің шағымымның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және мемлекеттік арнайы мұрағатқа жолданғаны жазылған. Содан бері төрт ай өтті, ал, жауап жоқ. Неміс басқыншыларының алғашқы оғын қарсы алған біз едік. Достарымнан айырылдым. Тұтқындағы біз, совет сарбаздары сәл мүмкіндік болса болды, совет әскерінің жағына өтеміз деген үмітпен жүрдік. Отаным мені 30 жылға соттап, әділетсіздік танытты. Оның сегіз жылын өтедім, соттылығым жойылған, бірақ, әлі күнге ақталмадым. Мен кіммін: Отанын сатқан опасызбын ба, әлде адал адаммын ба? – деген сұрақ қояды Ахметбек Нурманов.

Тоталитарлық режимнің небір азабын кешкен бір ғана адамның тағдыры осындай, міне. Қазақстандағы билік тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде кейбір мұрағатты ашты, қоғамның жаңа тарихтың ақтаңдақтарын ашуына бөгет жасамады. Алайда, советтік замандағы халыққа қарсы қылмыстарды жариялаудан арыға бармады, сталиншілдікті жою тоқтап қалды дейді сарапшылар. 88 жасар қазақ ақсақалы Ахметбек Нұрманов секілді басқа да қаншама қарапайым жандар қор болған өмірдің моралдік өтеуі есебіндегі ақтау актісіне қол жеткізе алмай жүр десеңізші!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG